Маман • 23 Қаңтар, 2025

Сұранысқа ие мамандық

151 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жұмысшы мамандық­тары жылына орай, кәсіби білім беру жүйесін жетіл­діру, еңбек жағдай­ларын жақсарту, әлеумет­тік кепілдіктерді нығай­ту, жұмысшы мамандық­тарын жаңарту, адал еңбектің мән-маңызын кеңінен насихаттау жұмыстары Ақтөбе облысында да жан-жақты қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр.

Сұранысқа ие мамандық

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жұмыс орындарына қатысты танымал hh.kz интернет ресурс­тан облыс бойынша сұранысқа ие мамандықтарды зерделеп, диаграмма құрған едік. Шең­бер­дің төрттен бір бөлігін бөлшек сауда менеджерлері толтырды. Өңірде бөлшек сауда, азық-түлік өндірісі, медицина, фармацевтика, автокөлік саудасы, құрылыс, қаржы, инженерлік сала, білім беру, ақпараттық технология саласына мамандар керек. Тағы бір ширекті тағам өндірісі, медицина, фармацевтика, автокөлік саудасы бөлісті. Тамақтандыру орындарына, мейрамханалар мен дәмханаларға аспаздар мен кондитерлер қай кезде де қажет. Интернет ресурстағы фармацевтика мамандары бөлігін­дегі жарнамаларда провизорлар емес, биологиялық белсенді қоспаларды саудалаушыларға сұраныс басым.

Жұртшылыққа түрлі дәрілік шөптер мен қоспалар өткізіп жүрген мұндай орталықтардың аккредиттеуден өтуі туралы тақырыптың басы ашық. Олар көбіне осы өнімдерді сататын­дарды іздейді. Шеңбердің келесі бөлігін қаржы саласы мен инже­нер­лік-техникалық мамандар құрайды. Бұл жерде жарнама беру­шілер көбінесе банктер емес, микро­қаржы ұйымдары болып шықты.

Диаграммада техникалық қызметкерлерге, инженерлік мамандықтарға сұраныс өсіп келе жатқаны байқалады. Кәсіп­орындарға көлік жүр­гізу­ші­лері көбірек керек. Байқауы­мыз­ша, дәнекерлеуші, электр монтері, ағаш шебері, кран жүргізушілеріне, құрылысшы­лар мен ауыл шаруашылығы мамандарын іздеген жарнама мүлде жоқтың қасы. Ауыл шаруашылығы мамандарына қыс ішінде сұраныс жоқ. Ең соңғы орында білім, ақпараттық сала тұр... Соңғы бір айда мұғалім­дер, балабақша тәрбиешілері, IT мамандарына қажеттілік бол­маған. Сол сияқты дәрігерлер, орта медицина қызметкерлері де аса қажет емес. Осы сала­дағы кәсіби мамандар әлдеқашан өз орындарын тапқан. Салыстыр­малы түрде қарағанда, жұ­мыс берушілердің сұранысы өңір экономикасының жай-кү­йін аңғартады деп топшылауға негіз бар.

ва

Экономиканың сипатын өзгерту, өзімізде өндірілетін өнім түрлері мен көлемін арттыру, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығының әр алуан бағытын дамыту мамандар даяр­лау ісін қайта жобалауды қажет етеді. Қазірде Ақтөбе облысында 28 мыңнан астам студенті бар 24 мемлекеттік, 16 жекеменшік колледжде 94 мамандық 139 біліктілік бойынша оқытылады. Өңірде 13 колледжде ғана жұмысшы мамандары даярланады. «Жұмысшы мамандықтары жылы» облыстық білім басқармасы өңірдегі 40 колледжде еңбек нарығын­­дағы сұранысқа ие мамандықтар даяр­лау картасын әзірледі. Бү­гін­­гі күннің басты мәселесі – кәсіп­тік-техникалық оқу орындары бәсекеге қабілетті маман даяр­лауға әзір ме? Осы бағытта кәсіптік-техникалық білім орындарын салалық бағытта бейіндеу, олардың қаржылық, техникалық жағдайын жақсарту, педагогтер әлеуетін көтеру, кәсіпорындармен ынтымақтастық орнату, жұмыс берушілер ұсынысымен мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту күн тәртібінде тұр. Биыл осы оқу орындарында жаңадан бес мамандық ашу жоспарланған, оның ішінде саябақ (ландшафт дизайны), лифт шаруашылығы, қонақүй, қоғамдық тамақтандыру бизнесі мамандықтары бар.

Жылма-жыл еңбек нарығына шығатын жастар көбейіп келеді. Өңірде өткен оқу жылында 9-сыныпты 14796, 11-сыныпты 19016 оқушы аяқтады. Олардың бәрі ЖОО-ға түсе бермейді. Әскери қызметке, басқа салаларға баратындар саны да шектеулі. Сондықтан түлектерді еңбек нарығына бейімдеу қажет. Жыл сайын орта кәсіптік оқу орындарын бітірушілер саны да артып келеді. Облыста 1500-2000 бала колледж бітіріп, еңбек нарығы­на шығады. Оларды еңбек нарығы қалай қабылдайды? Айқын мәселе – жұмыссыздар саны артса, әлеуметтік қысым жоғарылайды.

Кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне толық талдау жүргізу негізінде бірін-бірі қайталайтын мамандықтар санын қысқарту қажет. Облыстық білім басқармасы басшысы­ның орынбасары Нұргүл Бертілеуова­ның айтуынша, техника­­­лық мамандықтар, білім, меди­цина, IT, ауыл шаруашылығы мамандықтарына грант саны артқан. Егер 2023 оқу жылы жұмысшы мамандықтарының саны 2037 болса, 2024 жылы 2135 орынға көбейген. Кәсіпорын­дар сұранысымен қолға алынған сәтті жоба – дуалды оқыту. 28 колледжде көлік, тау-кен, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылы­ғы, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету, энергетика, байланыс салаларында дуалды оқыту енгізілген. Нәтижесінде, дуалды оқытумен қамтылған студенттер саны жыл сайын 20-25%-ға артып, олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші 91%-ға жеткен.

Мамандықтарды бейіндеу Ақтөбе политехникалық, құры­лыс-техникалық колледж­дерінде басталды. Мұнда бірін-бірі қайталайтын мамандық­тар қысқарып, бейінделеді. Ондай мамандықтар санатында технолог, есеп және аудит тұр. Бір аудандағы екі колледж біріктіріледі. Өңірдегі үздік Хромтау тау-кен жоғары колледжі жақында «электрмонтаж» мамандығы бойынша халықаралық аккредиттеуден өтті. Ақтөбе жоғары политех­никалық колледжі де IT ма­мандығы бойынша халықара­лық аккредиттеледі. Мақсат – халықаралық стандарттар бо­йынша мамандар даярлауға мүм­­кіндік алу. Үш колледж тірек орта­лық­қа айналып, оқытушылары биыл алыс-жақын шетелдерде тағылымдамадан өтеді. Оқу орындарына өндірістен 63 маман тартылады. Колледждерді әр тараптан қаржыландыру, жаны­нан кәсіпорындар ұйымдас­ты­рып, студентердің табыс табуы­на жол ашу да көзделіп отыр. Бүгінде екі оқу орны шағын кәсіпорындар құрып, табыс тауып жатыр. Олардың қатарына тағы да екі оқу орны қосылады. Хромтау тау-кен колледжі жанынан автопарк, Ақтөбе жоғары техникалық колледж жанынан IT-хаб салу жоспарланса, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту жобасы сервис колледжін­де іске асырылады. Жұмысшы мамандығының беделін арттыру, мектеп – колледж – жұмыс берушілер арасындағы байланыс­ты дәйекті жолға қою, кәсіптік білім беру мазмұнын жақсарту жолында осындай жобалар қолға алынып жатыр.

 

Ақтөбе облысы