Өндіріс • 23 Қаңтар, 2025

Шағын цехтан басталған бизнес

442 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сәуле Шәуенова 2002 жылы кәсіпкерлікке аяқ басқан кезде тігінші де, тәжірибе де тапшы еді. Бірақ «Ютария» тігін цехы сол тұста әлі ешкім қолға ала қоймаған жұмыс киім­де­рін тігу бағытын ұс­тан­ды. Екіншіден, кірлеген киімдерді жуу, химиялық тазалау, бүлін­ген тұстарын қалпына келтіру тәрізді қызметтерді қоса ұсын­ды. Бұл қызметтерге ең алдымен «Қазақмыс» корпорациясы қызығушылық танытты. Өйткені цехтың ұсыныстары кен қазған кеншілерге де, сол кенді байытушыларға да, бал­қыту­шыларға да тиімді еді. Қыз­мет­тің мұндай тиімді түрлері тапсырысты күрт арттырды.

Шағын цехтан басталған бизнес

«Ютарияның» Жезқазған, Қара­ғанды қалаларындағы автомат­тан­дырылған жабдықтармен жарақ­тан­дырылған 2 заманауи тігін фабрикасы мен Астана қаласындағы тоқу өндірісі нарыққа кеңінен танымал. Жезқазған, Сәтбаев, Қарағанды, Балқаш, Астана қалаларында жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді қамтитын орталық қоймаларының болуы компанияның зор қуаты мен мол мүмкіндігін ай­ғақтайды. Компания жылына 1 800 мыңнан аса тігін бұйымын шығарады. Бұл озық технологияны өндіріске енгізіп, қолданудың арқасында мүмкін болып отыр.

Металлургия, тау-кен, мұнай-газ, химия, теміржол, энергетика са­ла­­ларының қызметкерлері үшін арнайы киімдер, ер, әйел мен балалар киімдері, күнделікті қолданысқа арнал­ған тоқыма бұйымдары, бар­лығы 500-ден астам киім үлгісін ұсы­­нады. Германияның Durkopp Adler, Pfaff, Amf Reece, Жапонияның Shima Seiko, Epson, Mimaki, Juki, Tajima, Түркияның Abitech, Tesan, Қытайдың ZOJE тәрізді заманауи озық тігін технологиялары компания өнімдерінің «Сапа бәрінен де жоғары» дейтін ұранына сәйкес болуын қамтамасыз етуде. Әрине, сол технологияның тілін тауып жүрген кімдер? Өзіміздің қыз-жігіттер. Сәуле Бақытжанқызы мамандарды компания есебінен оқытып, тәрбиелеуге баса көңіл бөледі.

ап

Өндірісті басқарудың авто­мат­тан­дырылған жүйесі шикізат түс­кен сәттен бастап дайын өнімді са­туға дейінгі, яғни жұмысты оңтай­лан­дыру, бақылау, есеп жүргізуді толық бақылауға мүмкіндік береді. Компания кәсіпорындарында енгі­зіл­ген цифрлық технологиялардың бірін «Ютария» мамандарының өздері әзірлеген. «Yutariya Smart Technologies» деп аталатын бұл авто­мат­тандырылған бағдарлама жеке қор­­ғаныс құралдарын беруді жоспарлау мен есепке алуға арналған.

Аяғынан нық тұрған компания бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асырды. 2012 жылы Жез­қаз­ған қаласындағы тігін өндірісі кеңей­тіл­ді. Заманауи тігін, пішу, кестелеуге арналған автоматтандырылған жаб­­дық­тар орнатылды. Жаңа инвести­ция­ның нәтижесінде 250 жұмыс орны ашылды. Сол жылы компания тағы бір инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Моноқалаларды дамыту бағ­дарламасы шеңберінде Шығыс Қазақстан облысында, Қарағанды, Балқаш, Сәтбаев қалаларында «Индус­трия­лық қызмет комбинаты» деп ата­латын кешен құ­рыл­ды. Соның аясында тапсырыс беру­шілерге, қарапайым тұрғындарға таза­лау, қызмет көрсету сервисінің өндірістік циклі ұсынылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға 180 млн теңге жұм­салып, жа­ңадан 350 жұмыс орны ашылды.

2011–2013 жылдары «Астана – жаңа қала» еркін экономикалық аймағында «KazTexExpo» автоматтандырылған өндірістік кешенінің құрылысы жүргізілді. «Индустрияландыру картасы» мемлекеттік бағдарламасына енгізіл­ген бұл жобаны жүзеге асыр­ған «Ютария» компаниясы бола­тын. Соның нәтижесінде, 350 жұмыс орны ашылып, бұл жобаға 560 млн теңге көлемінде инвестиция құйыл­ды. Мұнда тігіншілік, тоқыма, экс­пе­ри­менттік цехтар жұмыс істеп, ком­пьютерлік бағдарламалар іске қосылды. Киім үлгілерін жобалау жүйесі енгізілді. «Astana Ютария ltd» ЖШС мұнда жұмыскерлерге арналған киімдерден бастап бизнес өкілдеріне де жарасымды киім үлгілерін ұсынды. Әскери киімдер тігуге де мемлекет тапсырысын жеңіп алды.

200 млн теңге инвестиция жұмсап ұйым­дастырылған көлік-логис­ти­ка­лық орталығының аумағы 4 600 шаршы метрді құрайды. Жүктің дер кезінде жеткізілуін қадағалап, қамтамасыз ету мақсатында орталық­тан­дырылған диспечерлік қызмет құрылды. Орталық ғимараты күр­делі жөндеуден өткізілді, жаңаша жаб­дық­талды. Орталықта 47 жүк көлігі тұрақты тасымалмен айналысады, бұған қоса теміржол қызметі де пайдаланылады.

2022 жылы 2 500 шаршы метр аумақты алып жатқан көтерме-тара­ту орталығын ұйымдастырды. Бұған жұмсалған 802 млн теңге инвестиция өзінің тиімділігін байқатқан соң, компания қазір 150 млн теңге қаражат қарастырып, осындай тағы бір орталық ұйымдастырып жатыр. Былтыр жел­тоқ­санда компания қолдауымен Жез­қазған қаласында «Ulytau Creative Hab» ашылды. Ұлытау облысында креативті индустрияны дамытуға ық­­пал ететін мәдени мұра мен заманауи технологияларды біріктіретін хаб жаңа жо­баларды іске асыратын стартаптар мен шағын және орта бизнеске қолдау көрсетеді. Өңірдегі креативті индустрияны дамытуды мақсат еткен хаб электронды және кеңсе жабдықтарымен, кітапханамен, жиһазбен жабдықталды. Мұнда қазір 3D fashionLab – яғни, киімді моделдеу бойынша ЗD зертханасы, сондай-ақ, зергерлік, лазерлік, қолөнершілер, домбыра мен қобыз шеберханалары, Kazakh Ou Lab, Steppe Art Lab, Qazaq Heritage Lab, Steppe Tradition Lab, e library, Qazaq Style Lab, Palette Lab, digital Lab орналасқан. Хабтың жұмыс істеуіне жайлы жағдай туғызу үшін «Ютария» 15 млн теңге жұмсады және 400 шаршы метр аумақты тегін ұсынды. Мақсат – аймақтағы кәсіп­керлердің креативті жобаларын жү­зеге асыруға жәрдемдесу. Нәти­же­сін­де, жаңадан 50 жұмыс орны пайда болды.

«Нарық әлеміне енгенімізге ширек ғасырға жуықтады. Уақытпен бірге өстік, өркендедік. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың көп шарапаты тиді. Кәсіпкерлік жолын кезінде қандай қиындықпен бас­­­та­ғанымыз есімнен кетпейді. Бүгінде «Ютария» құрамында 700-ден аса жұмыскері бар ірі өндірістік ин­новациялық компанияға айналды. Біздегі орташа жалақы 323 мың теңгені құрайды. Компания 2021-2024 жылдары бюджетке 3 325 256 мың теңге салық төлеген екен. Бұл біздегі өндірістің деңгейін көрсетеді. Біз әлеуметтік бағыт ұстанамыз. Көптеген қайырымдылық шарасына қатысамыз, демеушілік көрсетеміз. Компания қызметкерлері мен жұмыскерлері де негізінен Қарағанды және Ұлытау облысынан шыққан жергілікті мамандар», дейді Сәуле Бақытжанқызы.

 

Ұлытау облысы