18 Маусым, 2015

Өнерлі өрендер

789 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_4390-1 «Адамның жан дүниесін ақтару үшін оған ән айтқызу керек», депті Назым Хикмет. Шынында, шын өнер – тазалықтың символы. Ақын сөзінің арғы жағында сол өнердің құдіреті, оған бет бұрған адамның кіршіксіз ниеті жатыр десек жарасар. Ал осы өнерге бет бұрған жас ұрпақтың жетістігін атап, оған ортақ болу, ілтипат білдіру де жақсылық нышаны. Соның бір дәлеліндей Астана қаласындағы №2 өнер мектебінің мұғалімдері мен оқушылары әркез өнер биігінен көрініп келеді. Олар таяуда ғана Түркия мемлекетінің Кемер қаласында театр өнері, эстрадалық ән айту номинациялары бойын­ша өткен «International art festival» атты халықаралық балалар байқау-фестиваліне қатысып, Ресей, Беларусь, Македония мемлекеттерінен жиналған 400 үміткердің арасынан топ жарып жүлделі орыннан көрініпті. Мысалы, Г.Қайырбекова жетек­шілік ететін «Өнерлі өрендер» балалар театры «Арыстан патша» ертегісін көрсетіп, бірінші орын алыпты. Ертегідегі рөл­дерді келістіріп сахнаға шы­ғарған Аружан Қызыр, Екпін Ернар, Жарылқасын Аза­мат, Дана Нұрланқызы көрер­мен­дер­дің көзайымына айналыпты. Ал эстрадалық вокалдан 5-7 жастағылар ара­сында өткен байқауда А.Ты­ныбаева, Д.Қасымбек үшін­ші, бірінші орынды, ал Н.Кенже­бекқызы бас жүл­дені иеленіпті. «Айналайын» ­ба­лалар қоры екінші орынға қол жеткізіпті. Бұл мектептің «Ай­на­ла­й­ын» балалар хоры 2010 жылы Фран­цияда өтіп, алты мем­лекет өкілдері қатысқан фести­вальде бірінші орынды иеленсе, одан кейін Түр­кия­ның Бартин қаласында өткен оқушылардың өнер жары­сында бәрі дерлік лауреат атанып қайтыпты. 2013 жылы «Қуыршақ» театры оқу­­шы­ла­ры Түркияның Бююк қала­сын­да өткен ­ха­лықаралық фес­­ти­­валь жүл­десін алып, абы­­­рой­мен Ота­нымызға ­оралыпты. «Біздің жас таланттарымыз ұлттық биден, балаларға арнал­ған ертегі театрындағы ­қойы­лымдардан, ұлт аспаптарына арналған номина­ция­лардан алдыңғы орыннан көрініп, әркез бірінші, екінші жүлдені иеленіп келеді», дейді мектеп директоры Гүлмира Жангелді. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».