25 Маусым, 2010

АЛҒЫС ХАТ “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек АБДРАХМАНОВҚА

1106 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қаз-қалпында Сізге сәлем жолдаймын. Менің “Замандасқа хат” деген мақаламды газеттің 22 маусым күнгі нөмірінде жариялап, менің өз ойымды газет оқырмандарына жеткізгендіктеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сол мақалаға байланысты ба­сымнан кешкен үлкен қуанышымды сіздерге және хабарлаймын. Газет шыққан күні кешкі сағат 19.20-да пәтерімдегі телефон шыл­дырлады. Трубканы көтерсем – Астанадан, Президент Сарайынан. – Сізбен қазір Президент сөйлеседі,– деді Президенттің көмекшісі Нұрлан деген жігіт. Мен не дерімді білмей, сасқа­лақ­тап қалдым. Президент телефон со­ға­ды деген үш ұйықтасам, ойымда жоқ. Лезде трубкадан Нұрсұлтан Әбіш­ұлының таныс дауысы естілді. Сәлемдестік. – Бүгінгі “Егемен Қазақстан­нан” “Замандасқа хат” деген мақа­ла­ңызды бастан-аяқ оқып шықтым. Сіз хатыңызды замандастарыңызға арнаған екенсіз. Сол замандас­та­ры­ңыздың бірі ретінде Өзіңізге телефон соғып, алғысымды білдірейін деп отырмын. Сізге көп рахмет. Содан кейін Президент күлді. Күлді де: – Сізге бүгін бұл мақалаңызға байланысты неше адам телефон соқты? – деп сұрады. – Төрт адам. Сіз бесіншісіз, Нұреке, – дедім мен. – Оны сұрап отырғаным, Сіз мақалаңызда биылғы 9 мамыр – Жеңіс күні өзіңізге 137 адамның телефон соққанын айтып, олардың бәрінің аты-жөнін күнделігіме түртіп қойдым депсіз. Менің де атым Сіз­дің күнделігіңізге кірсін деп телефон со­ғып отырмын, – деді Нұрекең әзілдеп. – Рахмет, Нұреке. Онда Сізді де жазып қояйын, – дедім мен Пре­зи­дент әзіліне әзіл қосып. Содан кейін ол кісі сөзін әрі қарай жалғады. – Мақалаңыздың бас жағында Сіз: “Президентті мақтай берудің ке­ре­гі жоқ. Оның ісін жақтай білу керек”, депсіз. Оныңыз дұрыс. Мен де жігіттерге: “Мені сөзбен емес, ха­лық үшін істеген істеріңмен мақтаң­дар. Мемлекетіміздің нығаюы үшін аянбай, адал қызмет істеңдер. Маған сен­дердің мені мың рет мақтаған­да­ры­ң­нан, бір мектеп салғандарың неме­се бір кәсіпорын ашқандарың қымбат”, деймін”, – деді Президент. Одан кейін әңгімеміз басқа тақырыпқа ауысты. – Мақалада айтылған  батаңызға және рахмет. Бүкіл халықтың қамын ойлаған ондай әлеуметтік батаны өмір­дің ауыр өткелдерінен өткен Сіз­дер сияқты ардақты ағалар бер­ме­генде, кім береді?! Дұрыс! Жер­гі­лік­ті әкімдердің кемшіліктерін көр­се­тіп, ұрысқаныңыз да жөн. Сіздер тез­ге салмағанда кім түзетеді оларды? Бұдан соң Президент менің денсаулығымды сұрады. – Шалдарша шапқылап жүріп жатырмын, Нұреке, – дедім мен. – Соныңыз дұрыс. Қарттар ха­лық­­тың қазынасы ғой. Өздеріңіз сияқ­ты ақылшы ағалардың көп болғанына не жетсін! Осы шабысыңыздан танбаңыз, ендеше. Аман болыңыз, Әзеке, – деп Президент сөзін аяқтады. Бір-бірімізге жақсы тілеу тілеп, қош айтыстық. Ойда жоқта болған Прези­дент­пен бұл әңгімеге менің де,  бала-шағамның да қуанышында шек болмады. – Сізге Президент рас телефон соқты ма? Ол кісінің Өзімен сөйлестіңіз бе? – деп немерем Әлия қайта-қайта сұрады. Президентпен сөйлесу бақыт қой. Бірақ, аузыңа керекті сөз түспей қалады екен. Менің телефонымды тауып, Президентпен жалғастырған Қасым­беков Махмұтқа және рахмет. Мені осындай зор қуанышқа жет­кізгені үшін “Егемен Қазақ­станға” рахмет айтып, сізге алғыс хат жолдап отырмын, Сауытбек інім. Олай дейтінім – маған осы мақаланы жазуға тапсырысты өзіңіз берген едіңіз ғой. Сәлемет болыңыз. Ағалық ыстық ықыласпен, Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, “Егемен Қазақстан” газетінің қарт авторы, бұрынғы қызметкері. 23.06.2010 ж. АЛМАТЫ.