
Түркі дүниесіне ортақ жинақтың шығу тарихы мынандай. 2019 жылы (пандемияның алдында) Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның көрнекті дін тұлғасы, ақын, ұстаз, сөздік жасаушы Садуақас қажы Ғылманидың (1890–1972) өмірі мен шығармашылығына арналған жоғары деңгейдегі халықаралық ғылыми конференция өтті. Оны IRCICA осы оқу орнымен бірлесіп өткізді. Іс-шараға Ыстанбұлдағы орталықтың бас директоры профессор Халит Эреннің келуі де – ірі оқиға. Жиынның ең мәнді сәті – оған Сәкен қалпенің (С.Ғылмани) 95 жастағы перзенті, әке мұрасын жинап, насихаттаушы марқұм Үкіжан (Мүмина) Сәдуақасқызының қатысып, сөз сөйлеуі еді. «Замананың небір қиындығынан мені сақтаған – әкемнің діни, адамшылық өнегесі» деп еді сонда кеудесі көмбе ел анасы.
Түркияда шыққан жинаққа әлемнің, соның ішінде Қазақстанның 102 ғалымының мақаласы енген. Бірінші бөлімде Қазақстан мен шетел кітапханаларында, мұражайларында, мұрағаттарында, жеке коллекцияларда сақталған Сәдуақас Ғылмани мұрасы талданып зерттелінсе, екінші бөлімде орта ғасыр мен жаңа кезеңдегі Ұлы даланың ислам дініне қатысты түрлі саладағы ізденістері байыпталған. Үшінші тараудың нысанасы – діни қилы қызметтер, оқиғалар, фактілер, тұлғалар болмыс-бітімі, сұхбаттастығы, ықпалдастығы, сабақтастығы, т.б.
2024 жылғы ғылманитану жинағындағы отандық ғалымдардан Ә.Муминов, Д.Қамзабекұлы, С.Негимов, К.Тиышхан, Т.Замзаева, С.Төлеубаева, Ш.Керім, М.Алпысбес, И.Бердалиев, Р.Қамарова, т.б. мақалалары тың деректерге толы.
Тақырып орайында айта кетейік, бұл – IRCICA-ның Сәдуақас Ғылмани тақырыбына екінші рет оралуы. Бұған дейін аталған орталық профессор Әшірбек Муминовтің жетекшілігімен «Saduaqas Ghilmani. Biographies of the Islamic Scholars of Our Times. Volume I–II» (IRCICA: Istanbul, 2018) fnns әр томы 36 баспа табақтан асатын мұрасын жарыққа шығарған еді. Бұл еңбекті Қазақстан дінтануының үлкен олжасы деп білеміз.
Сәдуақас Ғылмани кітаптары мен ол туралы зерттеулерді Түркия әлеуеті арқылы әлемге насихаттау жұмысы жалғасын таппақ.
Сабыр Шәріп,
PhD