Еңбек • 24 Қаңтар, 2025

Адалдықтың абыройлы жолы

846 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдік мұрат-мүдде қағидасын жас ұрпақ санасына сіңіре беру керек екенін баса айтты. Адал адам мұратына ақ адал еңбегімен ғана жетеді. Әділетті қоғамды таза табыс иелері ғана орната алады.

Адалдықтың абыройлы жолы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Қоғамда адалдық салтанат құрғанда ғана дамудың даңғылы ашылатыны анық. Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент бұл қағида ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда негізгі бағдар, тұтқа болатынын айтты. «Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен қатар бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды», деді Қ.Тоқаев.

Осы тұрғыда Ақ­төбе қаласын­дағы өзі білім алған мекте­біне қам­қор­лық та­нытып, қолдау біл­діріп келе жатқан белгілі меценат, кәсіпкер Қайрат Майтековтің заманауи спорт алаңын салып, ұрпақ саулығына үлес қосуы – үлгі боларлық үрдіс. Шарболаттай шынығып, шымыр болып өскен баланың жан-жақты дамуға, сала­матты өмір салтын ұстануға деген құл­шынысы артады. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жо­март жан өзі оқыған мектепке күрделі жөндеу жүргізді. Әр пән кабинеттерін заманауи құрал­дармен жабдықтады, ағылшын тілін тереңдете оқыту мақсатында арнайы зертхана ашып та берді.

па

«Озық үлгілі елге айналудың бас­ты кілті – білімде. «Білімсіздің күні қараң» дейді. 1991 жылы тәуелсіздіктің елең-алаң шағында осы білім ордасынан желкенімізді керіп өмір айдынына аттандық. Оқушы кезімізде дәл мұндай спорттық алаң, жаттығу орны, ойын түрлерін өткізетін стадион болған жоқ. Тәуелсіз елдің ұрпағы ешкімге тәуменді болмай өсуге тиіс. Осы ұстанымды бұзбай бірнеше жылдан бері алтын ұя мектебімізге қолдау көрсетіп, қамқор­лық жасап келеміз», дейді Қ.Майтеков. Бірнеше адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер келешекте де әлеуметтің әлеуетін көтеруге үлес қосатынын жеткізді.

Ақтөбе облысында 20 жастағы жас жат­тықтырушы Диас Айым­құ­ловтың 60-тан астам баланы таэквондо спортына тегін баулып жүргені де нағыз адал еңбек. Білікті бапкердің шәкірттері облыстық, республикалық сайыстарда олжа салып үлгерді. Өзі де алғашқы мүшелінен асқаннан осы спорт түрімен тұрақты шұ­ғылданды, тынымсыз тер төкті. Халықаралық сайыстарда жеңіске жетіп, спорт шебері атанды. Бүгінде жоғары оқу орнында оқи жүріп, жиған тәжірибесін ауыл балаларына тегін үйретіп келеді. Сазды ауылындағы балалар спорт мектебінен келешекте саңлақ спортшылар шығып жатса, Дене шынықтыру және спорт факультетінің студенті, жас бапкер Диастың өзіндік қосқан үлесі де болмақ. Балалардың бойына отаншылдық рухтың дәнін сеуіп, ұлттық намыстың мәйегін мықтап сіңіріп жүрген азаматтың қарекеті бір-бірінен балталасаң да ажырамайтын «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қа­ғида­ты­мен қабысып жатыр. Диас Айым­құ­ловтың ізгі амалы адал­дық ұғы­мы­ның алтын қазығы іспетті.

Қазақстанның Еңбек Ері, «Қарасу» сауда-өнер­кәсіптік ком­паниясының бас директоры Алмат Тұрсынов тәуелсіздікпен тұспа-тұс кәсіпкерлікті қолға ал­ған азамат. Қостанай облыстық меценаттар клубының тұрақты мүшесі 30 жылдан бері елдің ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп келеді. Оның жетек­шілігіндегі «Қарасу» кәсіп­орны әлемнің озық иннова­ция­лық технологиясымен жұмыс істейді, бәсекеге қабілетті өнім өндіреді.

Президент Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында кәсіпкерлікпен шұғылданып табысын еселеген азаматтар елге үнемі қарайласып қайырылып отыруды тапсырды. «Көптеген елдің, тіпті, көрші елдердің өзін­де ірі кәсіпкерлер мемлекетке алақан жаймайды. Керісінше, туған елін дамытуға өз еркімен қы­руар қаржы жұмсайды. Осы елде кәсібін жасап, байыған адамдар қара басының ғана емес, елдің де қамын ойлауға тиіс деп са­най­мын. Олар жеке мүддесін қоғам мүддесімен үйлестіре бі­луі қажет. Елге жанашыр іскер азаматтар бізде де аз емес. Мұндай азаматтар қоғамға қажетті көпте­ген жобаға қаржы салып, игі іс­тердің басы-қасында жүр. Қайы­­­рым­дылық, волонтерлік бас­та­ма­­ларға демеушілік жасап келе­ді. Мемлекет те отаншыл азамат­тарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді. Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық» екенін жеткізді.

Мемлекет басшысының: «Биз­­нес өкілдері барлық салада бел­сенді болуы қажет. Мұқтаж жан­дарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеу­мет­тік жауапкершілік таны­туы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыпта­сады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті экономика құ­руға, халқына қалтқысыз қыз­мет етуге қашанда дайын бо­лады» деген сөзін Алмат Жанә­білұлының жұртшылыққа жаса­ған жақсылығы қуаттай түседі. Өзі жетекшілік ететін компания қаражатына 50-ден астам тұрғын үй, 40-тан аса пәтер, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін салып берді. Жыл сайын тұрғындарға түрлі әлеу­меттік көмек көрсетеді. Еңбек Ері басқаратын еңселі ұжым әлеу­меттік жобаларға ұзын-ырғасы 1,5 млрд теңгеден аса қаражат аударды. Компания қаржысымен Қарасу өзенінің арнасы тазартылды. Аудан орта­лығындағы жасыл белдеу абаттандырылды. Өлкенің табиғатына бейім ағаш көшеттері егіліп, жылдан жылға жайқалып өсіп келеді.

Президенттің: «Біз соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру. Осы орайда, ұлттық буржуазияға зор міндет жүктеледі. Мен ұлт­тық буржуазия туралы ой-тұжырым­ды осыдан 24 жыл бұрын Давос экономикалық форумында атап өттім. Бұл жерде ұлттық деген сөз кәсіпкердің ұлтына емес, оның азаматтық сана-сезіміне қатысты айтылып отыр. Яғни елімізге қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақстанды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлттық буржуазия ке­рек», деген қағидасы қатаң еске­рілуі керек. Ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін жыл сайын ұлғайтып, ет кластерін жоға­ры сапада әзірлейтін компания ұжы­мы төрт түлікті өз төлі есебі­нен өсіруден бастап, майлы жілікті мейрамханаға жеткіз­генге дейінгі шаруаны тиянақты атқарады. Қостанай өңірінде ғана емес, елімізде егістік жерді молынан игеріп отырған санаулы компанияның бірі де А.Тұрсы­новтың ұжымы. Кейінгі үлгідегі агротехника мен заманауи техно­логияның игілігін көріп, өнім түсімін еселей арттырып отыр.

Ұлттық құрылтайда Прези­дент өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алатынын атап өтті. «Азаматтардың, әсіре­се, жастардың көзі ашық, дүние­танымы кең болғанын қалай­мын. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. Бұл – өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет. Қазақстан – барша азаматы­мыздың ортақ Отаны, қастер­лі мекені. Оның қай түкпірі де – біз­дің туған жеріміз. Жастар еліміз­дің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал», деген Мем­лекет басшысының үндеуін Еңбек Ері А.Тұрсы­нов басқаратын ком­па­ниядағы 3 мыңнан аса қызмет­кер еселі еңбегімен әйгілеп отыр.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы маңызды идеологиялық тұжырымдар мен қадау-қадау негізгі бағыттарды тарқата айтты. «Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз, қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет» екенін тапсырды. Адал табыс қоғамды ізгілікке бастайтын аза­маттардың табан ақы маңдай терімен келетінін қашанда қаперде ұстап, жан-жақты насихаттап, айта жүргеніміз абзал.