25 Маусым, 2010

“ШАБЫТ” ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ САРАЙЫ АШЫЛДЫ

1650 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Өткен сәрсенбі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордада тағы бір рухани орталықтың ашылу рәсімі өтті. Ол Қазақ елі монументімен, Тәуелсіздік сарайымен іргелес орналасқан “Шабыт” шығармашылық сарайы еді. Күн санап көркейіп келе жат­қан елордамыз алғашқы кезде ше­неуніктер қаласы делініп келсе, ен­дігі жерде ел дәулетіне сай сәулеті жарасқан рухани орталықтар бірі­нен кейін бірі бой көтеріп, Ота­ны­мыздың төрт бұрышынан жиналған халыққа қызмет етіп жатыр. Атшаптырым аумаққа орналас­қан шығармашылық сарайының төрт құбыласы түгел деуге болады. Өткен жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен, Үкі­мет­тің арнайы қаулысымен бұрын­ғы Қазақ ұлттық музыка академия­сы­ның базасында Қазақ ұлттық өнер университеті құрылғаны бел­гілі. Ендігі жерде бұл әсем ғимарат сол білім ошағына қызмет етеді. Астанадағы бұл өнер ордасын са­луға 8,5 миллиард теңгеден астам артық қар­жы жұмсалыпты. Мұнда тек музыка ғана емес, өнердің сан-са­лалы түрлерімен қатар театр, ки­но, телевизияға қажет кәсіби ма­ман­дар даярланады. Ал оқитын сту­дент­тер­дің санына келетін бол­сақ, 3 мың адамнан асады екен. Орта және бас­тауыш мектептің би, сол секілді суретшілер мен мүсін­шілер тобына 180 талапкер қазірдің өзінде қабыл­данып қойыпты. Мұнымен қатар, 500 орынды үлкен және 140 орын­ды кіші концерт зал­дары заман та­ла­бына сай жарақ­та­лыпты. Оқу сыныптарының ішінде де техни­ка­лық құралдар мен ма­ман­дыққа қажет аспаптардың әр алуан түрі жинақталған. Бұрын­ғы­дай емес, университет аясының кеңеюіне байланысты мамандықтар саны да артқан. Студенттердің оқи жүріп практикалық жұмыстарды жүргізуге лайықталған бірнеше студиялар ашылғанын да айта кеткеніміз жөн. Олардың ішінде кино, телевизия студияларында шағын дүниелер жасауға мүмкіндік молынан қарастырылған. Сол секілді, театр бөлімінде оқитын жастардың сахналық шығармаларды әзірлеуіне де жағдай жасалыпты. Биылдан бастап мұнда сцено­графия, өнертанушы, хореография, бейнелеу, сәулет өнері, оператор­лық өнер және өзге де маман­дық­тар оқытылады. Бұрын соңды өнер­дің барлық түрін оқытатын, осын­дай уақыт талабына толық жауап бере­тін өнер ошағы елімізде бол­ма­ған еді. Жас таланттардың талабын ұштап, болашағына жол ашатын университетті салуға қолұшын созған Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­на деген алғысымыз бен риза­шы­лығымыз шексіз. Алдағы уақыт­та осындай білім ордасында оқи­тын талапкерлер де, оларға сабақ беретін оқытушылар да білімді де білікті болуы тиіс. Біз қазір қазақ өнерінің айтулы өкілдерін шақы­рып, жастарға білім беріп, тәрбие үйретіңіздер деп жатырмыз, іріктеу жұмыстары басталып кетті, – дейді университет ректоры, Қазақстан­ның халық әртісі Айман Мұса­қожаева. “Шабыт” шығармашылық са­райы­на арнайы келген Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевты скрипка­шы ұл мен қыз әдемі әуезмен қарсы алып, ілтипат танытты. Өз кезегінде Президент өнерлі жастардың әсем әуезді сазына шын жүректен алғысын білдірді. Бұдан кейін кең зал ішіндегі өнер жұл­дыздарының ән-күйін тамашалады. Әсіресе, Евгений Брусиловскийдің “Дудар-ай” операсынан орындал­ған увертюра, қазақ күйлерінен құ­ралған папури, халықаралық пианистер конкурсының Гран-при лауреаты Әбдіахмет Оразбақовтың орындауындағы дүние жұртшы­лық­тың көңілінен шықты. Ал Қазақ­станның халық әртісі Тілектес Мей­рамов Елбасына арнаған өлең­ді нақышына келтіріп орындады. Бұдан кейін Елбасы бас қала­мыз Астананың күн санап көркейіп келе жатқанын, экономикамыздың өрлеп, осындай өнер ошақтарының ашыла беретінін тілге тиек етіп, бұл өнер ордасынан болашақта Қазақ елінің абыройын асырып, беделін көтеретін талантты ұл-қыз қанат­тана берсін деген тілегін жеткізіп, ғи­маратты шығармашылық шабыт тер­беп, шартарапты шарлайтын жас­тар шығатынына сенім білдіріп, универ­ситеттің қадамына сәт сапар тіледі. Мемлекет басшысы ғимарат ішін­дегі дәрісханалар мен киноте­лес­тудияны, көркем және хорео­гра­фиялық залды, балет кластарын ара­лап көрді. Оқу орнында білім алып жатқан жас дарындар онда да өз өнерлерін көрсетті. Сөйтіп, елорда­мызда әрі білім беретін, әрі күні ертең мемлекетімізді озық өнерле­рі­мен дүниежүзіне танытып, алдыңғы толқынның ізін басатын ұрпақтың алтын ұясы шаңырақ көтерді. Сүлеймен МӘМЕТ.