Шымкент • 29 Қаңтар, 2025

Құрметке лайық, қамқорлыққа зәру

75 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай Үкімет тарапынан арнайы жоспар әзірленді. Соның негізінде Шымкентте де өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді, оны үйлестіретін өңірлік штаб құрылып, құрамы айқындалды.

Құрметке лайық, қамқорлыққа зәру

Өңірлік жоспарды­ ха­лық­қа таныс­тыру, Жұ­мыс­шы маман­дық­тар жылына орай атқарылатын шаруаларды жариялау мақсатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен алқалы жиын өтті. Келелі кеңеске зиялы қауым өкілдері, жоғары, арнаулы оқу орын­дарының басшылары, жастар қатысты. С.Құранбек биылғы атаулы жылы қолға алынатын жос­пар­лар мен атқарылатын іс-шараларды мәлім етті.

Жұмысшы мамандықтары жылы – Президенттің сайлауалды бағдар­ла­ма­сымен үндесетін бастама. Мем­лекет басшысының идеясымен «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан» тұжы­рымдамалары іске асып жатыр. Қара­­пайым жұмысшылардың еңбегі қашан да адал, жұмысшы адамдар таза еңбекпен нан тапқысы келеді, барлық жерде әділеттіліктің болғанын қалайды. Сол тұрғыда жұмысшы мамандықтарының қадірін арттыруымыз керек. Бұл жұмыстар мегаполисте өткен жылдан бастап қолға алынды. Шаһардағы 40 колледждің директорларымен болған басқосуда сұранысқа ие мамандықтарды даярлау мәселесін талқыладық. Қалада сұранысқа ие мамандықтар жетерлік. Мәселен, Шымкентте театрлар, басқа да мәдени нысандардың саны жиыр­мадан асады. Оларға декоратор, тағы сол секілді жұмысшы мамандар өте керек. Бұрынғы қызметкерлердің алды қазір зейнет жасына таяп қалды. Колледждер биыл лицензия алып, осы мамандықтарды оқыта бастайды. Қалада 50 мыңға жуық жас колледжде оқиды. Былтыр 11 500 грант бөлінді. Оның көпшілігі, 67%-ы жұмысшы мамандықтарына берілді. Осы мәселе жөнінде кәсіпкерлермен де жиын өткіздік. Кәсіпкерлік, бизнес өкілдері кейбір қажетті мамандарды сырттан әкелетінін айтады. Жұмысшы мамандықтары жылы – қоғамдағы осы түйткілді шешудің маңызды бір тетігі, дер кезінде қолға алынған бас­тама. Биылғы іс-шаралар жоспары аясында білім ұяларында жұмысшы мамандықтарға баули­тын кабинеттер ашып, үздік еңбек­керлерді оқушы, студенттерге наси­хаттайтын боламыз. Сондай-ақ ха­лық­аралық деңгейде 2 меморандум жасасып, әлем­нің озық тәжірибелерін өзімізге енгіземіз. 1410 студент жұмыс беруші өтінішімен жұмысқа орналасады. Бүгінде қаладағы 9 жоғары оқу орнында 82 мыңнан астам студент білім алып жатыр. 1 қыркүйектен бас­тап бака­лавриатта оқитын студенттер шәкі­р­тақысы 20%, магистрант, док­то­ранттар стипендиясы 15% өспек. Соны­мен бірге әлеуметтік осал топ­­тарға да көптеген жеңілдіктер қарас­­­тырылады. Айталық, жаңа оқу жы­лында жетім, ата-анасының қам­­­қор­­­лығынсыз қалған студент­тер­ге шәкіртақы 30%, мүгедектігі бар жан­­дарға 50% көбейтіледі», деді С.Құран­бек.

Шымкенттегі ЖОО-да шетелден, еліміздің түкпір-түкпірінен сту­денттер келіп оқиды. Сондықтан жатақ­­ханамен қамтамасыз ету – күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Ша­һардағы жатақханалар сыйым­ды­лығы 10 мыңнан астам орынды құрап, студенттер үйіне байланыс­ты тап­шы­лық қазірде айтарлықтай проб­лема туын­датып тұрған жоқ. Деген­мен қала әкімдігінің жоспарына сәйкес 2025–2029 жылдары 5 мың орынға арналған жаңа жатақханалар салынады.

Қала әкімінің орынбасары Бірың­ғай ерікті жинақтаушы жүйе­сінің пайдасы, тиімділігі туралы да айтып берді. Оның ең бірінші артықшылығы, жас­тарға білім алуға немесе бола­шақ­та баспана салуға қаражат қоры болады. Әрі қаражат жинаған жас­тарға қаржылық сауаттылықты арт­ты­руға мүмкіндік береді. Қазіргі таң­да көпшілік ата-ана балаларын қай мамандыққа грант көп, соған түсу­ге мәжбүрлейді. Бірыңғай ерікті жинақ­таушы жүйе жастардың жүрек қала­уымен мамандық таңдауына көмек­теседі. Тіпті осы қор арқылы жастар шетелде де білім ала алады. С.Құранбек осы тың бастаманы ата-аналарға таныстырып, жан-жақты үгіт-насихат жүргізуге шақырды.

Елу мыңға жуық колледж студен­ті­нің 30%-ы былтыр оқу бітірген. Сол түлектердің көбісі, шамамен 80%-ы жұмысқа орналасты. Бұл елдегі ең жоғары көрсеткіш боп есеп­теледі. Сондай-ақ арнаулы оқу орнына түсетін студенттердің саны да бір­ша­ма артқан. Былтыр 49 200 бала кол­лед­жде білім алса, биылғы оқу жылында оқуға түскен талапкерлер саны 49 780-ді құраған. Бұл да болса өңірде жұмысшы мамандықтарға қызығу­шы­лықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Шебер дәнекерлеуші

Еңбек • Кеше

Мал баққанға бітеді

Еңбек • Кеше