Тәрбие • 30 Қаңтар, 2025

Әке мен бала

519 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үй ішіндегі екеу. Әке мен бала.
«Ей, жалған дүние-ай!» деді жас жігіт даусын көтере сөй­леп, әлдебір әңгіме бас­та­ғысы келген сыңай таныта.

Әке мен бала

«Тәйт!» деп саңқ етті тобылғы өңді, қой көзді, жүзін әжім шимайлай торлаған, сақал-шашы, қалың қасы әппақ, жасы сексеннен молынан асқан қария қабағын түксите. – о несі ей, қайдағы жоқты айтып. Бұл өмірді баян­сыз, тұрлаусыз десең мейлі, бірақ мына дүниені жалған деуге қақың жоқ. Бұл Тәңірдің жаратылысы, ендеше, оны жалған деп жоққа шығаруға қалай аузың барады. Құдай Тағала жасағанды жалғанға шығару – білімсіздің ісі. Сені де оқыды, тоқыды, адам болды деп жүрсем, әлі шала екенсің ғой, ақымақнеме».

Ес білгелі бері талай медресені тауысқан, кітап ашқан, Ташкент, Ыстанбұл, Шам, Мысыр асып білім алған, бүгінде үлкен мешітте қызмет ететін, жамағатты аузына қарата уағыз айтып, білімімен талайды тамсандырған, жұрттан тек мақтау естіп жүрген, соңғы кездері айналасына шекеден қарауды шығарған, бойынан аракідік болса да тәкаппарлық дерті байқалатын жас жігіт әке алдында төменшіктеп қалды.

Кәрі сүйегі сықырлаған, көкірегі сырыл­даған мына мыжырайған қарияның сыны неткен қатты еді.

Талай ұстаздың алдын көріп, олардың сынағынан ешқашан сүрінбеген жас жігіт әке тезінен теңселіп, есеңгіреп, маңдайы жіпси терледі.

Екеуара сөз одан әрі жалғаспады. Қария орнынан тапжылмады. Сөз бастауға құлық та танытпады. Қабағын жазар сыңайы жоқ. Жас жігіт әкесінен орнынан тұрып кетуге рұқсат сұрап, тіл қатуға батылы жетпей қозғала алмады. Әкесінің «тәйт» деп бастаған әлгі бірауыз сөзі мұның сан­даған жыл жинап, түйген бар ілімін сылдыр суға айналдырып, маңызын төмендетіп, салмақсыздандырып жібер­гендей. Жігіттің миында бір ой қайталана берді: «Ұлы дала академиктері келмеске кеткелі қашан. Шіркін, солардың бірімен бір пәс сұхбаттас болған адамның не арманы болар екен? Менің әкем дала академиктерінің шет-жағасы – соңғыларының көзін көрген дарынды немесе қатардағы шәкірттерінің бірі болар бәлкім. Дәл солай болмағанның өзінде түз данышпандарымен жанаса жарты сағат бірге жүрген шығар. Дала абыздарымен жанасып, аз-кем сұхбаттасқан жан даналықтың кем дегенде үліңгірдей үзігіне ие болады деседі ғой... Әттең-ай, дала данагөйлерінің жүрегіміз сезетін, бірақ бізге белгісіз, жұмбақ болып қалған дара ілімдері сол күйінде мәң­гілікке ізін жасырып, өткен шақ сағымына айналып, бір жұқанасы болса да пеше­немізге бұйырмай кете бере ме?»

Ілім-білімі, жиған-тергені ішіне сыймай, бойын ауырлатып, маңызданып жүрген жас жігіт қаңбақтай жеңіл тартты. Бойынан тәкаппарлық дерті ізім-қайым жоғалды. Мешітке келе жатып ой түйді: «Өз туған топырағыңнан, темірқазық – туған жер, туған еліңнен тапқан ілім, тәлімге не жетеді, шіркін!»