
Ең әуелі мәселенің қайдан шыққанына үңілейік: Шыңғыстай ауылының тұрғыны Қуаныш Қабдырасиловты әлдекімдер бейнекамераға түсіріп, жазбаны әлеуметтік желіде таратқан. Бұл жерде ауыл тұрғыны 2023 жылдың 25 қазанында мал ұрлығы орын алғанын ашып айтқан. Кімдердің қатысы барына дейін тәппіштеген. Бір ғана жағдай емес, жалпы ауылда мал ұрлығының дендеп тұрғанын да сөз еткен. Бұл бейнеролик ауылдықтарды елең еткізгені сол еді, шындықты аштым деген азамат «айтқан сөзімді қайтып алдым» деп жалт берген. Аты-жөндерін атаған азаматтардан кешірім де сұраған. Алайда «Айтылған сөз – атылған оқ» демеуші ме еді? Ауыл тұрғындары әлеуметтік желіде тараған бейнероликтегі азаматтың сөзін растап, жыл сайын ондаған бас мал жоғалатынын айтқан. Жоғалғанымен, полиция қызметкерлері бірде-бір баукеспеге кісен салмаған деп зар қақсайды ауыл жұрты.
– Қаскөйлердің ауылды қан қақсатып келе жатқанына неше жыл болды. Арыз жазғанымызбен, еш нәтиже жоқ. 2024 жылы 28 тамызда бір сиыр, бір бұзауым жоғалды. Одан бұрын тағы қолды болды. Анау жылы ауылдың аяқ жағынан тұсаулы жүрген он екі ат ізім-ғайым жоқ болып кетті. Сол күйі табылмады, – дейді Шыңғыстай ауылының тұрғыны Қожақан Нұрсапаров.
Мар ұрлығы Шыңғыстайда ғана емес, Еңбек, Өрнек, Ақ Қайнар, Жаңа Үлгі, Жамбыл ауылдарында да дендеп тұр. Әттеген-айы, жәбірленушілер тарапынан түскен арыздар да жауапсыз қала берген.
– Мініп жүрген атым жоғалды. Ол туралы полицияға хабарладым. Полиция алғашында іздеген болды. Кейін жым-жырт болып кетті. Одан бері жылдан асып барады, қайтадан арызымды алып ішкі істер бөліміне бардым, – дейді полицияға арыз жазуға келген Жаңа Үлгі ауылының тұрғыны Қайрат Лұқпанов.
«Мал ашуы – жан ашуы» деген тәмсіл бар. Құқық қорғау органдары тұрғындардың бұл өтініштерін енді ескерусіз қалдырса, істің насырға шабуы да әбден мүмкін екенін меңзейді ауыл азаматтары. Полиция қызметкерлері тергеудің басталғанын айтады.
– Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылы тұрғындарының мал ұрлығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта бұл іс – ШҚО полиция департаменті басшылығының бақылауында. Айта кетейік, ауданда жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың барлық өтініші мұқият тексеріледі, – деп мәлімдеді ШҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Айдын Ботаханов.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметіне үңілсек, Шыңғыстай ауылындағы іс бойынша облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмаз Тілегенұлы бастаған жедел-тергеу тобы жұмыс жүргізіп жатыр. Ауыл тұрғындары ұсынған барлық дәлел мен мәлімет мұқият тексеріледі. Қылмыстық іс бойынша бірқатар тергеу амалдары қолға алынған. Ал күдікті азаматтарға қатысты ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Бүгінге дейін Шыңғыстай, Еңбек, Берел, Қызыл Жұлдыз және Жаңа Үлгі ауылдарынан барлығы 25 азаматтан арыз түсіп, тіркелді. Осы орайда статистикаға көз жүгіртсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша 34 мал ұрлығы фактісі тіркеліп, оның 21-і ашылған. Сонымен қатар 23 мал ұрысы және 3 мал ұрлығымен айналысатын қылмыстық топ құрықталған.
Ел-жұртты елең еткізген бұл жолғы істен де құқық қорғау органдары тиісті нәтиже шығарады деп сенейік. Әйтпегенде, ауыл азаматтары жабулы қазан жабулы күйі қалуы мүмкін деп те алаңдайды. Айтпақшы, аядай ауылдағы үлкен мәселеге Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай назар аударды. Ол Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдап, Катонқарағай ауданы тұрғындарының мал ұрлығы мәселесінен шаршағанын, полицияның әрекетсіздігін қатаң сынға алды.
– «Мал ашуы – жан ашуы» дейді. Жұрттың жан ашуын қоздырып, жарасына тұз себе бермеңіздер. Ашынған халық барымтаға қарымта қайтарамыз десе, оны мына біз түгілі сіз және сіз басқарып отырған министрліктің жеке құрамы тоқтата алмайтынын тағы да есіңізге салғым келеді. Халықпен ойнамаңыздар. Ойланыңыздар. Қайта жоғарыда аты аталған ауылдардың мәселесін жіті қадағалап, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында арнайы рейд жүргізіп, мал ұрлығының алдын алу мен ұрыларды ұстау бойынша кешенді шараларды қолға алуды сұраймын, – деді депутат.
Айтса, айтқандай. Атқарушы билікке сенімі азайған халық күдіктілерді өздері болжап отырғандары да белгілі. Ауылдықтар ұрлықтың ұшын шығарған азаматты ортаға алып, сұрақтың астына алып жатқаны да белгілі. Сондықтан тергеу амалдарына бармақ басты, көз қысты қарамай, әділ жүргізілгенін Әділетті Қазақстан билігі де жіті назарында ұстауға тиіс. Заңды еске салсақ, ұрлық-қарлық дәлелденіп, баукеспелерге бұғау түссе, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы,
Шыңғыстай ауылы