
Кедендік баждар қазынаға құйылады
Палата төрағасы алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген міндеттерге тоқталды. Мәулен Әшімбаев азаматтардың әл-ауқатын арттыру және дамыған, инклюзивті, ашық Қазақстан қалыптастыруда қолға алынған іс-шараларды іске асыруға халықтың күш-жігерін біріктіру аса маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының реформалар бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Сенат қызметінің негізгі басымдығы болып қала беретінін айтып, палата жұмысының алдағы басым бағыттарына тоқталды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің алдағы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды бағыттарды белгілеп берді. Мемлекет басшысы берген тапсырмалар қатарында салық-бюджет саясатын реформалауды көздейтін жаңа Бюджет және Салық кодекстері бар. Сондай-ақ Парламент Жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және цифрлық активтерді қолдану аясын кеңейтуге инфрақұрылым құру жөнінде түзетулер қабылдауға тиіс. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын да пысықтауымыз керек. Жүктелген міндеттерді іске асыруда нақты шешімдер мен жүйелі жұмыс қажет, – деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелім баждарының сомасын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Заң нормалары Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кедендік баждарды әкімшілендіру кезіндегі кедергілерді жоюға бағытталған.
Талқылау кезінде айтылғандай, заңды мақұлдау елдің республикалық бюджетіне кедендік баждардың үздіксіз аударылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Пошта қызметі реттеледі
Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс қызметтерін көрсету, мемлекеттік сатып алу, көлік және пошта мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.
Заң пошта операторларының мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Оның ішінде пин-код арқылы растау жолымен үшінші тұлғаларға пошта жөнелтілімін беру және заң талаптарына сәйкес дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды тасымалдау мен сақтау қамтылған. Заң арқылы почтоматтарды орналастыру тәртібі де нақтыланады және «пошта жәшігі» деген ұғым алынып тасталады. Әлеуметтік көмек құралдарын мақсатсыз пайдалануды азайтуға және олардың қадағалануын қамтамасыз етуге «әлеуметтік әмиян» ықпал етеді. Сондықтан заңға осы бағыттағы норма да енгізілді.
Бұған қоса аталған саладағы кадр тапшылығын ескере отырып, заңның шетелдіктерге капитан, капитанның аға көмекшісі және аға механик лауазымдарына орналасуға тыйым салуды одан әрі тоқтата тұру бөлігіне өзгерістер енгізілді.
– Қаралған заң пошта, мемлекеттік сатып алу, көлік және байланыс заңнамасын жетілдіру мақсатымен әзірленген. Түзетулердің басым бөлігі пошта қызметінің сапасын арттыруға негізделіп отыр. Пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған ережелер де қарастырылған. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында да арнайы тоқталды, – деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасының айтуынша, дәрілік заттарды мұқтаж азаматтарға пошта арқылы жеткізуге мүмкіндік беріледі. Заңға жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру тетіктерін нақтылайтын түзетулер де енгізілді. Алдағы уақытта заң ұлттық пошта операторының қызметін және басқа да бірқатар саланы жетілдіруге үлесін қоспақ.
«Білмеген болып отыра береміз бе?»
Отырыс барысында сенаторлар маңызды мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарын да жолдады.
Нұртөре Жүсіп елімізде ерте жүктіліктің және жасөспірімдер арасында туу көрсеткішінің артуына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты ол репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы жұмысты ұлттық деңгейде жүйелеу және балалар мен жасөспірімдер арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін айтты.
Сенатордың мәліметінше, кейінгі бес жылда жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан.
– Бұл енді пандемия кезінде басталған екен. Кейінгі төрт жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келе жатыр. 2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану фактісі тіркелген. Бұл сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызын құрайды. Имандылықтың ұясы деп есептелетін ауылдық жерде екі есе артып отыр. Жап-жас қыздарды қорлау, тіпті зорлау көбейді. Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбінесе мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалып, қыздар ішінен тынып қалады. Көрсек те көрмеген болып, білсек те білмеген болып осылай отыра береміз бе? – деді сенатор.
Депутат мәселеге көз жұма қарауға болмайтынын атап өтті. Кейінгі жылдардағы жағдай барлық мүдделі тараптың, әсіресе білім беру және денсаулық сақтау салалары өкілдерінің мәселеге белсенді араласуын талап етеді.
– Біз бұл проблемаға айрықша назар аудармай болмайды. Бұл – өте нәзік әлеуметтік мәселе. Бала көтеретін жасқа келген қазіргі жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық жағдайы алдағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететіні анық. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнаманың орындалуына мониторинг пен бақылауды күшейту аса маңызды. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының ерте жүктілік қаупі, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жедел қолға алу керек, – деді Н.Жүсіп.
Сенатордың айтуынша, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін халықаралық ұйымдардың қатысуымен жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептеріне ведомствоаралық талдау жүргізу қажет.
Субсидияның игілігін көре алмай отыр
Ал Сәкен Арубаев мал шаруашылығына, оның ішінде тері мен жүнді қайта өңдеу салаларына қатысты проблемаларға тоқталды. Депутат шағын және орта кәсіпорындарға субсидиялар мен жеңілдікпен берілетін несиелердің қолжетімсіздігі, мемлекет тарапынан жүйелі қолдау бағдарламаларының болмауы және шикізат сапасының төмендігі қалыптасқан жағдайдың негізгі себептерінің бірі деп есептейді.
Сенатор қайта өңдеу кәсіпорындары қуатының 6–26 пайызы ғана пайдаланып келе жатқанын атап өтіп, 2023 жылы өндірілген 2,5 миллион ірі қара терісінің тек 8 пайызы өңдеуге жіберілгенін, ал шикізаттың көп бөлігі өңделмеген күйінде қалғанын айтты. Жүнді қайта өңдеу саласында да осындай жағдай, 13 кәсіпорынның төртеуі ғана жұмыс істейді. Ал бұл сала ауылдық жерлерде халықты жұмыспен қамтудың негізгі көзі ғана емес, сондай-ақ экспорттық табысты арттыру мен экономиканы әртараптандыру бағытында үлкен әлуетке ие, – деді С.Арубаев.
Сенатор Андрей Лукин Түркістан облысының таулы аудандарында төтенше жағдайдың алдын алуға арналған жұмысты ұйымдастыру және хабарландыру жүйесімен қамту төмен деңгейде екенін айтты. Аталған мәселені шешуге сенатор бірқатар ұсыныс жасады. Мәселен, хабарландыру жүйелерінің жай-күйіне мониторинг жүргізуге бірыңғай цифрлық платформа құру және оларды тиісті ТЖ департаменттерінің балансына беру арқылы аталған жүйелерді орталықтандырылған басқаруды ұйымдастыру қажет деген пікірде сенатор.
Ғалиасқар Сарыбаев жасанды интеллект пен бұлтты технологиялардың әлеуетін кеңінен пайдалану және үлкен деректермен жұмыс істеу бағытындағы маңызды міндеттерге Үкіметтің назарын аударды. Депутат аталған салаға қатысты нақты ұсыныстарын да жасады.
– Жасанды интеллектіні денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қаржы, тағы да басқа интеграциялау, мәтіндік деректер пайдаланылатын барлық салалар мен бизнес-үдерісте Kaz-LLM негізіндегі жасанды интеллект өнімдерін қолдану керек. Ғылыми орталықтардың зерттеу жұмыстарына арнайы қаржы бөліп, жастар мен кәсіпкерлер арасында идеяларды дамыту үшін алаңдар ұйымдастыру керек. Халықаралық трафикті транзиттеу мен сақтау үшін TIER III деңгейінде бөлек дерек өңдеу базасын қалыптастыру, алдыңғы қатарлы елдермен әріптестік орнату, отандық мамандарды халықаралық білім беру, тәжірибе алмасу бағдарламаларына жіберу, жасанды интеллект туралы ақпараттық-ағарту жұмыстарды жүргізу, технологияның артықшылықтары мен ықтимал тәуекелдері туралы қоғамға ашық ақпарат беруге ықпал етіп, шешім қабылдауларыңызды сұраймыз, – деді Ғ.Сарыбаев.
Сондай-ақ Жанна Асанова елде телефон алаяқтарына қатысты оқиғалардың көбейгенін айтып, дабыл қақты. Сенатордың айтуынша, ұялы нөмірлерді жасырын пайдалануды болдырмау үшін SIP-телефонияны лицензияланатын қызмет түрлерінің тізіміне қосып, SIP-телефония мен SIM-бокс машиналарын лицензиясыз пайдаланғандар жауапкершілікке тартылуға тиіс.