АҚТӨБЕ. 18 маусым. Ақтөбе өңірінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 90 жылдық мерейтойы аясында көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өткізілген «Жерім менің» патриоттық әндер байқауы. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Байқауды қазылар алқасының төрағасы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев қысқаша сөз сөйлеп ашып, өнер додасына қатысушыларды құттықтады. Облыста биыл екінші рет және алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған көрнекті композитор, Ақтөбе өңірінің тумасы Бейбіт Оралұлының әндерін орындаушылардың байқауына сәттілік тіледі. Бейбіт Оралұлы туралы жылы лебіз білдіре келіп, жас орындаушыларға өнерде өз биіктерін бағындыруға деген ізгі ниетін білдірді.
Байқауға еліміздің барлық аймағынан және Ресей, Әзербайжан, Қырғызстаннан 17 жас орындаушы қатысты. Байқаудың шарты бойынша олар Бейбіт Оралұлының бір әнін және өз қалауы бойынша тағы бір ән орындады. Қатысушылардың өнерін қазылар алқасының төрағасы, композитор Кеңес Дүйсекеев, мүшелері – композитор Бейбіт Оралұлы, композитор, Әзербайжанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сардар Фараджев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева, композитор, продюсер Ренат Ғайсин, «Дарын» мемлекеттік жастар, «Тарлан» мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Асылбек Еңсепов, сондай-ақ, әнші Гауһар Қаспақова бағалады.
Байқау шымылдығын ақтөбелік Сәбит Бегман Бейбіт Оралұлының «Махаббатым өмірдегі менің» әнімен ашты. Өнер сайысына үкілі үмітпен келген жас әншілер кезегімен сахна төріне көтерілді. Нәтижесінде байқаудың гран-при жүлдесін Қарағанды облысынан келген әнші Арайлым Жөкенова жеңіп алды. Бірінші орынды Батыс Қазақстан облысының әншісі Айымбек Сартықов иеленді. Ақтөбелік Нұржан Оразов пен Әзербайжан Республикасының жас таланты Фахри Казим-Ниджат екінші орынға табан тіреді. Оңтүстік Қазақстан облысының «Семсер» тобы мен жас әнші Гүлхан Жуашбаевға, ақтөбелік Лаура Таусароваға үшінші орын бұйырды.
Жас әншілердің шеберлігін шыңдаған байқау Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Бейбіт Оралұлының 60 жылдық мерейтойына арналған «Ауылым – ақ бесігім» атты шығармашылық кешке ұласты. Мерекелік шараға ақын-драматург Иран Ғайып, ақын, аудармашы Шөмішбай Сариев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, ақын Асылбек Абдрахманов және басқалары қатысты. Кеш барысында мерейтой иесі атына жылы лебіздер айтылып, жергілікті билік композитор Бейбіт Оралұлына сый-сияпат жасады. Концерттік бағдарламада Қазақстан эстрада жұлдыздарының орындауында мерейтой иесінің танымал әндері мен шығармалары орындалды.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.