Тарих • 29 Қаңтар, 2025

Майдангерге арналған кеш

451 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәкен Төрегелдин. Бұл есім Жезқазған-Ұлытау аймағына өте жақсы таныс. Оны 16 жасында Қаныш Сәтбаев өзі басқаратын геологиялық барлау партиясына коллектор етіп жұмысқа қабылдайды.

Майдангерге арналған кеш

Соғыс басталғанда еріктілер қатарында майданға аттанып, Сталинградты жаудан  азат етуге қатысады.  Жауынгерлік ерліктері үшін I,II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталып, еліне аман-есен оралады.

Елге оралған соң қатардағы мұғалімнен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына дейінгі жолдан өткен М.Төрегелдин халықтың шынайы құрметіне бөленді. Ол зейнет жасына шыққан соң әзірге Орта Азияда теңдесі жоқ тау-кен және балқыту ісі мұражайын ұйымдастырды. Мәкен Төрегелдин көптеген орден, медельдармен марапатталды,  Жезді, Ұлытау аудандарының, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Жезқазған Университетінің Құрметті профессоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атақтарын иеленді.

Ұлытау облысындағы  Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты алғашқы іс –шара Мәкен Төрегелдинді  еске алуға арналған  облыстық әмбебап кітапханада өткен «Ғибратты ғұмыр» деп аталған кештен бастау алды.

«Тарихқа табан тіреген тарлан» бейнефильмімен ашылған кешке қатысушыларды   Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин  құттықтады.

Ұлытау

Ұлытау облысы ардагерлер Кеңесінің төрағасы С. Қожамсейітов өз    естелігінде Мәкен Төрегелдиннің соғыста қаза тапқан жауынгер досының ата –анасын арада 30 жыл өткенде тауып, Ресейдің бір деревнясына іздеп барғанына тоқталды. Олар «екеуміздің біріміз өліп, біріміз тірі қалсақ, әке –шешемізге қалай өлгенімізді  айтып береміз» деп уәделескен екен.

«Сонда әлгі кісілер: «Қазақ деген неткен керемет халық едіңдер.  Соғыста осыдан отыз жыл бұрын берген уәдем бар еді деп, бізді сонау қазақтың қиырынан іздеп келіп отырсың. Ал, менің сол баламның құрдастары осы деревняда тұрып, бізге келіп сәлем беруді де білмейді» деп ризашылығын білдірген екен. Сөйтіп, Мәкең өзінің асқан парасаттылығының арқасында ұлтымыздың атын асқақтата білген ағамыз еді», деді Сағындық Үсенұлы.

Ұлытау

Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Өтеш Ахметов  Жезді ауданында Мәкен ағамен қызметтес болған.

«1983 жылы 60 жасқа  толуына байланысты ағаға қос  қаламсап салып  қоюға арналған шағын сувенир әзірледік, құттықтау лебізімізді ойдырып жаздық. Жеме –жемге келгенде басқа сыйлық берілді де, бұл қалып қойды. Бірақ, «ағаға арналған сыйлық еді ғой» деп лақтырып тастауға қимай осы кезге шейін үйде сақтап келіп едім. Ендігі жерде Мәкеңнің музейін толықтырып тұрсын», деген ол арада 42 жыл өткенде  шағын  сувенирді Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі мұражайының директоры Зейпін Қазанбаеваға табыстады.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамединнің орындауындағы  Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әні тыңдағандарды тебірентпей қоймады. Кеш соңы  «М.Төрегелдин.Менің парызым» атты жылжымалы көрмені тамашалауға ұласты.