18 Маусым, 2015

Батыс Қазақстанда көл жағасынан алыстап кеткен 4 адам құтқарылды

389 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
18-06-2015-oral 011ОРАЛ. 18 маусым. Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының қызметкерлері Шалқар көлінде төрт демалушыны құтқарды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат тобы таратқан мәлімдемеге сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Орал қаласының 25-35 жас аралығындағы екі ер және екі әйел адам көлге дем алуға келген. Олар үрмелі арнайы бұйымда күнге қыздырынып жатып, жағадан қалай алыстап кеткенін байқамай қалған. Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының №2 Шалқар бекетінің құтқарушылары Ербол Хангереев пен Нұрхан Жолахов бекітілген аумақты патрулдеуді аяқтай келгенде, жағадан 800 м қашықтықта шыжыған күн астында ашық көлдегі төрт адамды байқап, оларды дереу жағалауға жеткізді. Құтқарушылардың айтуынша, мұндай жағдай демалушылардың тұрмыста ұйықтауға қолданатын үрмелі матрацты көлде қолдану кезінде жиі тіркеледі. Себебі, мұндай бұйымдар жеңіл болып келеді екен. Шалқар көлі тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ, оңтүстік-шығыс Еуразияның ірі көлдерінің бірі. Аумағы 14-19 шаршы шақырымды алып жатқан көлі Ақжайық өңіріндегі көрікті мекендердің бірі. Тек оралдықтардың ғана емес, сондай-ақ, Қазақстанның көрші облыстары мен Ресейден су құрамы теңіз суына ұқсас тұзды көлде денсаулықтарын қалпына келтіруге көптеп адамдар келеді. Демалушылардың көптігіне байланысты көл жағалауында апатқа ұшыраған адамдарды құтқаруға қажетті жабдықтармен жасақталған бекет қызмет етеді. Бүгінге дейін құтқарушылар талай рет адамдарды ажалдан арашалап қалды. Темір Құсайын. Дерек: egemen.kz. Сурет: nur.kz.