
Фото: ашық дереккөз
Есептегі мәліметке сүйенсек, Грозный әуежайына екі рет қона алмағаннан кейін экипаж Бакуге оралуды ұйғарған. Сағат 05:13:32-де кері қайту кезінде ұшақтың негізгі басқару жүйелері жоғалған.
«Әрі қарай, сағат 05.42-де экипаж Ақтаудағы қосалқы аэродромға шұғыл қонуға шығу туралы шешім қабылдады. Ұшақ бортында экипаждың бес мүшесі және 62 жолаушы болған. Апат салдарынан ұшақ командирі, екінші ұшқыш, аға бортсерік және 35 жолаушы (барлығы 38) қайтыс болды (оның ішінде алты Қазақстан азаматы, 25 Әзербайжан, жетеуі Ресей азаматы), екі бортсерік және 27 жолаушы түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған. Салдарынан ұшақ қирап, жартылай жанып кеткен», делінген хабарламада.
Ұшақ апаты Ақтау аэродромының 11 ұшу-қону жолағының шетжағынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 5 шақырым жерде (Ақтаудан солтүстік-батысқа қарай шамамен 25 шақырым жерде) болды.
Тергеу комиссиясы ұшақтың артқы бөлігінен көптеген шұрық тесікті анықтаған. Бұған қоса, сол жақ мотор мен сол жақ қанаты да бүлінген. Кейбір тесік сырттан ұшып келген заттардан болған.
Тексеру жұмыстарына ұшақты жасаған ұйымның және «Әзербайжан Хава Йоллары» ЖАҚ әуе компаниясының өкілдері қатысқан.
Алдын-ала есеп Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру департаментінің ресми сайтында жария етілді.
Нақты есеп тергеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін беріледі.