
Осыған орай музейде қос мерейтой басталып та кетті. «Абай – әлемдік ойдың алыбы» және «Абай бейнелеу өнерінде» атты мәдени-танымдық көрмелердің тұсауы кесілді. Іс-шарада сөз алған Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев, Абай музейінің директоры Ұлан Сағадиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Алин осы өңірге танымал зиялы қауым өкілдері мен мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлерін Абай тойымен құттықтап, лебіздерін білдірді. «Қараңғы түнде тау қалғып», «Сегізаяқ» сынды әндері шырқалып, жиналған көпшілік Абай атындағы музыкалы-драма театрының «Жаза-Наза» трагедиясынан үзінді тамашалады.
«Абай – әлемдік ойдың алыбы» атты көрмеде музей қорындағы кітаптар мен қолжазбалар, естеліктер, тақырыпқа байланысты тұрмыстық заттар мен елеулі экспонаттар көрермен назарына ұсынылды. Онда Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған тұңғыш өлеңдер жинағы, 1922 жылы Қазан, 1933 жылы Қызылорда қалаларында жарыққа шыққан кітаптары қойылды.
Ел Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен жарық көрген А.Құнанбайұлы шығармаларының әлем тілдеріне аударылған 10 томдығы, ақынның әр жылдары аталып өткен мерейтойларына орай Абай музейінің асыл қорына табысталған кәдесыйлар да меймандардың ерекше таңданысын тудырды.
«Абай – бейнелеу өнерінде» деп аталатын көрмеде елімізге белгілі қылқалам шеберлері Жанатай Шарденов, Нұрбұлан Өтепбаев, Қайыр Оразғалиев, Әділқайыр Жантасов сынды суретшілер салған ақын бейнесі қойылды. Бұларға қоса хакім тұлғасын Алашымен қауыштырған басқа да таңдаулы суреттер шығарылыпты. Кемеңгер тұлғасын сомдау арқылы қазақ бейнелеу өнерін байытқан бұл туындылар Абай музейінің асыл қорын байытып қана қоймай, абайтану арнасын кеңейте түсетіні анық.
«Алыс-жақыннан келетін қонақтардың көңіл таразысына кескіндеме, графика, кестелеу және тағы басқа техникамен жасалған Ф.Хасенов, Н.Өтепбаев, С.Сухов, Ә.Жантасов, О.Қайыр, М.Бақытбекова, Т.Шапағат, А.Белов, Н.Жарқынбаев сияқты суретшілердің тың туындылары ұсынылды. Бұл туындылар музей қорына кейінгі жылдары түскендіктен, осыған дейін музей экспозициясы мен көрмелерге шықпаған дүниелер», дейді Абай музейінің директоры Ұлан Сағадиев.
Абай музейі алғаш іргетасын көтерген күннен бастап ақын тұлғасын арқау еткен бейнелеу өнері туындыларымен толығып келеді. Бүгінде музей қорында 900-ден аса бейнелеу өнерінің таңдаулы туындылары сақталған. Абай тақырыбы қашанда өнер қайраткерлері үшін шығармашылықтың қайнар көзі болып, қылқаламды серік еткен жандарға ерекше шабыт сыйлайды. Уақыт өткен сайын ақын тұлғасы биіктеп қана қоймай, оның кіндік қаны тамған туған жерінің табиғаты қылқалам иелерін толғандырып, дүниеге талай туынды әкелуге себеп болды.
СЕМЕЙ