Бұл аздай, телефондағы әлеуметтік желіні ашып қалсам, әлдебір кәсіпкерлік компанияның «Мектептер тоқтатылды. Ал сен үйде жалықтың ба? Онда Пәлен акуапаркіне кел, мұнда көңілді және жылы» деп бағасы жазылған жарнамасы жылт етті. Жарнамаға оқырман тарту үшін алақайлап тұрған оқушы қыздың көңілді фотосуретін жүктеп, соның бетіне «Аяз! Алақай, сабақ болмайды!» деп жарқыратып жазып қойыпты. Қысқасы, мектептер жабылса, сабақ болмай қалса, оқушыдан бастап мұғалім де, ата-ана да, кәсіпкерлер де қуанады екен. Барлығы деуден аулақпыз, басым көпшілігі бұл жағдайға көңілденетінін меңзеп отырмыз. Ал бір сәт ойланып көріңізші, шындығында сабақтың болмағаны қуантарлық нәрсе ме? Басқасын білмеймін, бірақ осыған дәл оқушы мен мұғалімнің қуанғаны – қорқынышты. Әсірелеп отыр дерсіз, олай ойлауға қақыңыз бар, бірақ байыптап қарасаңыз, бұл ең алдымен баланың оқуға, жаңа білім алуға қызықпайтынын, мұғалімнің сол сабақ болмайтынына қуанған оқушыларын қызықтыра алмайтынын анық көрсетпей ме? Осы ойымызға тағы бір уәж айтатындардың пікірі билік жақтан келетін «Оқушы да, мұғалім де демалмайды, сабақ бар болғаны онлайн форматқа ауыстырылды» дейтін мазмұндағы жауапқа саяр. Қашықтан оқыту делінетін атауы әдемі нұсқаның қандай нәтиже беретінінен пандемия кезіндегі көзбояушылықтан көрдік қой.
Иә, балалардың бәрінде әлеуметтік және басқа да жағдай бірдей емес, мысалы, бір оқушы мектепке ата-анасының көлігімен барса, екінші бір бала 2 шақырым жолды жаяу жүріп қатынауы мүмкін. Осындай мәселені ескеріп, қолайсыз ауа райында сабақтың болмағаны да, үйден оқуға ауыстырылғаны да дұрыс деуге болады. Бұған келесі бір қарсы ойды қосып, «Әлеуметтік аз қамтылған, оның үстіне көпбалалы отбасындағы әр оқушыға жеке ноутбук табыла бермейді» деген ойды мысалға келтіруге келер. Жалпы, сабақты болдырмаудың тиімді-тиімсіз тұстары туралы екіжақты пікірлерді толассыз бере беруге болады. Осындайда арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, оқыту форматына онлайн я офлайн деп таңдау берген дұрыс шығар. Бұл жерде назар аудартқымыз келген мәселе – оқушының мектепке бармайтынына, мұғалімнің балалар шуынан бір күнге болсын құтылғанына қуанатыны. Ақиқатында, әлем күн сайын, тіпті сағат пен секунд санап өңін өзгертіп жатқан заманда бала табиғи қалпына қарай жаңа білім алуға құлшынуы керек еді ғой. Ал мұғалім мектепте балалардың шуылы мен қоңыраудың үні естілмегенге, көңіліне қаяу түспесе де біртүрлі күнделікті сәтті сағынғанын сезуі керектей көрінеді. Ата-ана ше, баласы бір күн сабақтан қалса, бір жылға гранттан қағылғандай уайымдамаса да, сәл болсын: «Бүгінгі жаңа тақырыпты дұрыс түсінбесе, алдағы бір тарауды жөнді ұқпай қалатын болды-ау, жұмыстан қалып бірге сабақ оқи алмаймын ғой», деп алаңдағаны жөн секілді. Айналып келгенде, баланың үлгерімі нашарласа, ең алдымен қиналатын да сол ата-ананың өзі емес пе? Ақылы қосымшаға беріп, жеке мұғалім жалдап әлектенеді, үйде үй тапсырмасын ұзағырақ бірге орындау, баланы мектептен бөлек дайындық орталығына тасу, одан қызметке қаражат шығару уақыт тұрғысынан да, қалтаға да шығын. Мұндағы мәселе «Осы қазір тегін беріліп жатқан білімді дәл уақытында мұғалімнің өзінен алып қалмасаң, кейін уақытың мен ақшаңды сарп етуің әбден мүмкін», деп нарық заңымен түсіндіруге тырысатын тәрбиенің санаға сіңірілмей жатқанында да болар.
Негізі біздің оқушылар жыл он екі айдың жартысына жуығын демалыспен өткізеді екен. «Жарайды, соның арасында бір күн, тіпті 1 апта қалғаннан, соны қашықтан оқығаннан артта қалып қоймас» дегенді алға тартатындар табылар. Келісуге болады-ақ, алайда ең маңыздысы, ойымыздың түп төркіні – сабақтың болмайтыны туралы хабарламаға қуанатындардың әрекеті сыни ойлай алатын адамға ерсі екенінде. Бәрін қойып, өмірдің өзінен мысал келтірейік. Астанадағы ауа райы -35 градусты көрсетіп тұрғанда жұмысқа аяңдап бара жатып мектеп жасындағы көрші баланы көрдім. Ол өзі оқитын мектептің арғы жағындағы дүкеннен мықшыңдап картоп әкеле жатыр екен. Ал сол бала күн суық болғандықтан сабаққа бармай қалғанын айтты. Содан соң сабақ уақытында алаңда асыр салып ойнап жүрген қатарластарына үйіне кіріп-шыққаннан кейін ойынға қосылатынын жеткізді. Парадокс па – парадокс!