
Дәл осы тұста дүниенің әр түкпірінде дүрбелең басталғандай күй кешті. Өйткені әлемнің «мүмкіндіктер еліне» сәт сайын ағылып жатқан заңсыз мигранттардың мазасы қашып, салы суға кетіп, беті қайтып қалғандай болды.
Алдымен АҚШ билігі Мексикамен арадағы шекарада төтенше жағдай жариялап, күштік құрылымдарға шекараны «мөрлеп» жауып тастауды бұйырды. Ол аз десеңіз, осыған дейін күшінде болған АҚШ-та туған мигранттардың балалары америкалық азамат болып саналатын заң нормасының да тағдыры қыл үстінде тұр. Трамп билігі бұл тәжірибені де тоқтататынын мәлімдеген. Алайда елдегі 22 штаттың, сондай-ақ Колумбия округі мен Сан-Франциско қаласының жетекші прокурорлары бас көтеріп, бұл жарлықты елдегі адам құқықтары қағидатымен таразылап, оның күшін жою бастамасымен сотқа жүгінді.
Ал елге заңсыз кіргендердің барлығын жаппай депортациялайтыны туралы Трамптың уәдесі шындыққа айналды. Ұлықтау рәсімінен кейін күн құрғатпай-ақ арнайы органдар жақын төңіректегі елдерден келген заңсыз мигранттарды ұстап, әскери ұшақтармен еліне асырып жіберді. Бірақ өз азаматтары толы сондай ұшақты Колумбия билігі қабылдамай қойып, мінез көрсетпек болып еді, АҚШ-тың санкция туралы айбатынан кейін райынан қайтты. Тіпті жуырда Колумбия президенті патриоттық тұрғыда үндеу жасап, АҚШ-та жүрген отандастарын елге келіп еңбек етуге шақырды.
Осыдан кейін ақпарат айдыны мен әлеуметтік желіде қазақстандықтардың депортациясына қатысты да мұхиттың арғы бетінен жеткен жаңалық желдей есті. Неге екені белгісіз, америкалық «Fox News» сайтында былтыр 11 желтоқсанда жария болған ақпарат араға айдан аса уақыт салып отандық сайттардың азығына айналды.
БАҚ пен әлеуметтік желілерде АҚШ-тың жаңа президентінің саясатына байланысты сол елде заңсыз жүрген мыңдаған мигрант депортацияланады деген ақпарат кеңінен тарады. Алғаш болып «Fox News» таратқан сол материалда депортацияға жататын мигранттардың арасында 369 отандасымыздың да бар екені айтылады. Біз де «Fox News»-ті ақтарып отырып, америкалық басылымның материалындағы тізімде Қазақстанның 369 азаматы депортацияға іліккені рас екеніне көз жеткіздік. Бірақ бұл материал Байденнің билік құрып тұрған тұсында шыққанын ескерсек, Траптың саясатымен мүлдем үйлеспейді. Яғни 369 отандасымыздың депортациясы Трамптың жарлығы шыққанға дейін шешіліп қойған. Осы жағдайға қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров та пікір білдіріп, ақпараттың ақ-қарасын нақтылап берді.
– «Fox News» бұл жаңалықты 2024 жылғы 11 желтоқсанда жарияланғандықтан ол ақпарат АҚШ-тың жаңа көші-қон саясатына еш қатысы жоқ. Екіншіден, америкалық көші-қон органдары біздің заңсыз жүрген азаматтарымыздың ұсталу фактілері туралы бізге хабарламауы мүмкін. Бұл АҚШ-та заңсыз жүргендердің бәріне қатысты. Қазақстан азаматтары үшін ешқандай ерекшелік болмайды. Біз олардың қайда екенін және заңсыз иммигранттарға қандай шешім қарастырып жатқанын растай да, жоққа да шығара алмаймыз. Депортация деген – бір мемлекеттен жағымсыз тұлғаны мәжбүрлеп шығару. Мұндай депортациялау – әрбір мемлекетте күнде жүзеге асырылып жатқан қалыпты іс-шара. Сондықтан заңсыз келген басқа елдің азаматтарын шекарадан өткізбей немесе заңсыз жүрген тұлғаларды депортацияласа, ол туралы сол елдің билігі елшілік немесе консулдыққа хабарлауға міндетті емес, – дейді А.Смадияров.
Ал АҚШ-қа Грин карта, яғни заңды жолмен барған отандасымыз Азамат Темірбеков президент Трамптың мұндай саясатын қолдайтынын жеткізді.
– Мен мұндай талапты қолдаймын. Себебі өзім Грин картамен келгендіктен кез келген жерде жұмыс істей аламын. Дегенмен кейінгі жылдары неше түрлі жолмен кіріп кеткен заңсыз мигранттар мұндағы жалақының деңгейін тым түсіріп жіберді. Яғни жұмыссыз жүргендер төмен жалақыға бірден келісе кетеді. Ал бұл жұмыс берушіге де тиімді. Сол заңсыз келген мигранттардың кесірі жергілікті халық пен заңды келген мигранттарға да тиіп жатыр. Солардың кесірінен жергілікті америкалықтардың мигранттарға деген көзқарасы дұрыс болмай тұр. Олар мигранттар заңды жолмен келді ме, заңсыз келді ме – бас қатырмайды, бәріне бірдей қарайды. Ал Дональд Трамптың көші-қон саясатын реттей ме деген үмітті ұялатып отыр, – дейді Азамат.
Бұл мәселе бойынша еліміздің АҚШ-тағы елшілігі де сонда жүрген отандастарымызға арнап шұғыл мәлімдеме жасап, ресми интернет ресурстарында хабарландыру жариялады. Онда елшілік Америка Құрама Штаттары шекара қауіпсіздігін нығайту және заңсыз көші-қонды азайту мақсатында миграциялық саясатын барынша қатаңдатқанын ескертті.
«Шекара қауіпсіздігін нығайтуға, заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шаралар елге заңсыз келген шетелдіктерге (визасыз келген және тұрақты тұруға рұқсаты жоқ азаматтар) және АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты болып отыр. Қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар, АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізіліп, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылып отыр», делінген елшілік ақпаратында.
Сондай-ақ Қазақстан елшілігі АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отырғанын ескертті.
«Бұл шара Қазақстан азаматтарының депортацияға ұшырау қаупін азайтуға және оның салдарынан болашақта АҚШ визасына өтініш бергенде ел аумағына кіруге тыйым салынуынан сақтануға көмектеседі», деген елшілік өкілдері тағы да енгізіліп жатқан бірқатар өзгерісті атап өткен.
Мәселен, «Мексикада қалыңыз» саясаты қайта енгізілген. Яғни мигранттар және саяси баспана сұрайтындар миграциялық сотқа шақырғанға дейін Мексикада қалуға міндеттеледі. Ал «Ұста да жібер» (catch and release) шарасы тоқтатылыпты. Бұл – АҚШ шекарасынан заңсыз өткен мигранттар ісі қаралмайынша қамауда болады деген сөз. Оларды арнайы орталықтарға қамайды немесе бірден келген елдеріне қайтарады. Сонымен қатар азаматтар үшінші елдерге де жіберілуі мүмкін (мысалы, «Мексикада болу» бағдарламасы бойынша). Сондай-ақ АҚШ-қа кіруге алдын ала жеңілдіктер қарастырылған «CBP One» мобильдік қосымшасы да жұмысын тоқтатыпты.