
– Қуаныш Жұмағалиұлы, сіздің ойыңызша, біздің қоғамда сыбайлас жемқорлықтың тамырланып кетуінің себебі неде?
– Ең алдымен сыбайлас жемқорлықтың таралуына құқықтық сананың жеткіліксіздігі себеп болып отыр дер едім. Егер бизнес те, басқа сала да ашық болып, қоғамдық бақылау тиімді түрде жүзеге асқанда мәселе мұншалықты тереңдемес еді. Осы күні мектеп оқушылары арасында да бұл бағытта түрлі іс-шара, акциялар өткізіп келеміз. Мұндағы мақсат – жас ұрпақ бойына қоғамдағы осы кеселді жұқтырмау, олардың заң мен әділдікке, билікке деген сеніміне сызат түсірмеу.
Сыбайлас жемқорлық дегенде ел алдымен парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келетінін айта кетуіміз керек. Қазір байқасаңыз, екінің бірі дамыған елдердегі игіліктер туралы сағаттап айтуға құмар. Ал олар осындай дәрежеге заң мен тәртіпті сақтау арқылы жеткенін еске ала бермейміз. Бұл мемлекеттер тұрғындарының кез келгені пара беру мен пара алудың жолын кесуді өзінің азаматтық парызы санайды. Еліміздің бұл бағыттағы саясатының негізгі басымдығы мемлекеттік аппарат пен бизнес-қоғамдастық өкілдері, қарапайым тұрғындар бойында осындай мінез-құлық қалыптастыруға арналып отыр. Сонда ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы бастамаларымыз жемісті болмақ.
– Жeмқорлықсыз қоғамды қaлыптaстыру мaқсaтындa дeпaртaмeнт тaрапынaн қaндaй әрекеттер жaсaлып жaтыр?
– Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілген. Тұжырымдамада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде сатып алу мен бюджет үдерісінің ашықтығын арттыру, жауапкершілікті қатаңдату, қоғамдық бақылауды күшейту секілді түйінді міндеттер мен жүйелі шаралар қамтылған.
Бұл бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі парасатты қоғам қалыптастыру болып отыр. Өйткені сана мен моральдық қағидаттарды өзгертпей, індетті жою мүмкін емес. Жыл басынан бері жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында түрлі сала өкілдеріне 300-ден аса ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 22 мың тыңдаушы қамтылды. Мобильді топ мүшелері облыс аудандарын қамтитын кездесулер өткізіп, көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек алу, азаматтарға жұмысқа орналасу, елді мекендер аумақтарын абаттандыру, газ жүргізу, денсаулық сақтау, түрлі жеңілдіктер мен субсидиялар алу, жергілікті жолдардың жай-күйін жақсарту мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсетілді.
Былтырдан бастау алған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында мемлекеттік сатып алу порталында волонтерлердің көмегімен үнемделген қаражат көлемі 350 млн теңге болды.
– Облыстa жeмқорлық фaктiлeрi қай салада көбірек кездеседі?
– Департаменттің қызметі халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайын көтеруге, облыс тұрғындарын толғандыратын жүйелі проблемалық мәселелерін шешуге бағытталғандықтан негізгі бағдар ретінде «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы» әзірленді. Ондағы құқықтық статистикаға жүгінетін болсақ, өңірімізде сыбайлас жемқорлық фактілері білім саласында азаймай тұрғаны байқалады. Кейінгі үш жылда осы салада 57 қылмыстық іс тіркелді.
Жаңақорған аудандық білім беру мекемелерінде 2020-2022 жылдар аралығында мектеп қызметкерлерінің жалақы мен басқа да төлемдері заңсыз есептелгені анықталды. Тіпті олардың арасында салада жұмыс істемейтін жандар да кездесті. Осылайша,1 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты қолды болған. Бұл іс бойынша 349 млн теңге өтеліп, 62,5 млн теңге көлемінде мүліктері тәркіленді. Аудандық білім бөлімінің басшысы мен бас есепшісі 8 жыл мерзімге сотталып, оларға мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан 5 жыл мерзімге дейін айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот үкімімен осы бөлімге қарасты мектептердегі 24 бас есепшіге қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау саласында 5 жыл мерзімге лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы берілді.
Көптеген жымқыру фактісі анықталып, кінәлілер жауапқа тартылып жатса да салада жемқорлық фактілері әлі де жалғасып отыр. Сондықтан да тура жолдан тайқуға себеп болатын жағдайларды тереңірек талдау үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдары және мемлекеттік органдар мамандарын жұмылдыра отырып, ғылыми зерттеулер жүргізуді пысықтап жатырмыз.
Біз қылмыс істеген жанды жазалаудан бұрын заңға қайшы әрекетті болдырмауға мүдделіміз. Осы жолда түрлі әдістерге жүгінеміз. Былтыр қаладағы білім беру ұйымдарының басшылығы мен қызметкерлері Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында «Тендерге түскен келіншек» атты спектакль көрермені болды. Заңнан аттап, сыбайлас жемқорлыққа барғандардың темір тордың ар жағындағы тіршілігін көрсету үшін екі рет мектеп директорлары мен есепшілерінің басын қосып, түзеу мекемелеріне экскурсиялар ұйымдастырдық. Кеше ғана өздерімен әріптес атанып, бүгін заңнан аттап жаза өтеп жатқан жанның әңгімесі барғандарға әсер етті деген ойдамыз.
Агенттік пен Оқу-ағарту министрлігі бюджет қаражатын жоспарлау және игеруде жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған кешенді іс-шаралар атқарып, қолданыстағы бухгалтерлік есеп жүйелері негізінде жемқорлық тәуекелдерін жоятын цифрлық шешімдерді енгізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды. Жоба шеңберінде бюджеттік өтінімдерді қалыптастыруды толық автоматтандыру, контингентті есепке алу және қызметкерлердің сабаққа қатысуын бақылау, аванстарды негізсіз төлеуге тосқауыл қою тетіктері және қазынашылық мәліметтерді есепке алу жүйелерімен салыстыру сынақтан сәтті өтті. Төлем құжаттарына қол қоюда ұйым басшысының бет биометриясын пайдалану, сондай-ақ оларды шифрлау мәселелері пысықталды.
Агенттік Үкіметке жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік сатып алуда бухгалтерлік есепке алу жүйелерінің міндетті параметрлері мен техникалық сипаттамаларын біріздендіру туралы ұсыныс жолдап, ол қолдау тапты. Осыған сәйкес Оқу-ағарту, Қаржы министрліктеріне және аймақтық әкімдіктерге тиісті тапсырмалар берілді.
– Сыбайлас жемқорлық дерегі туралы хабарлаған азаматтарға қандай мөлшерде сыйақы беріледі? Олар туралы мәлімет құпия сақталып, қолдау жасалып жатыр ма?
– Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлап, қоғам үшін қауіпті құбылыстың жолы кесуге жәрдем берген жандарды қорғау шаралары күшейтілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе өзгеше түрде жәрдем көрсеткен адамдарды көтермелеу қағидалары қабылданды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдескен тұлғаларды көтермелеу мақсатында жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматқа сот шешімінен кейін қаржылай сыйақы беріледі. Біздің өңірде үш жылда осындай деректерді хабарлаған азаматтарға жалпы 3 млн теңгеден аса сыйақы берілді.
Қандай да бір жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы ақпарат білген азаматтар агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет ететін «1424» Саll-орталығына қоңырау шалуына болады. Онда хабарласушының жеке ақпараты құпия сақталып, берілген түрлі ақпараттар мен арыз-шағымдар, ұсыныстар мен пікірлер операторлар арқылы қабылданады.
Жемқорлыққа қарсы күрес – құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, бәріміздің ортақ борышымыз. Ел ертеңін ойлаған барлық азамат бұл іске өз үлесін қосады деп сенемін.
Әңгімелескен –
Мұрат ЖЕТПІСБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»