
Ал кейінгі ұрпаққа Мырзекен Құсымжановтың сонау 1932 жылы 5 ақпанда Абай (бұрынғы Семей) облысының Абралы ауданында дүниеге келгенін және осы өңірден шыққан тұңғыш кәсіби дәрігер екендігін, ауданда алғашқы аурухананы салғызуға мұрындық болып, жергілікті халыққа жан-жақты медициналық көмек көрсетіп, хирургиялық күрделі операциялар ғана емес, акушерлік қызметке дейін жасағанын айтуға болады.
Жас та болса алғыр, өз ісіне мығым, талантты жас маманның жұрттың арасында жақсы аты тез тарайды. Денсаулық сақтау саласында ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен, адалдығы, турашылдығымен көзге түскен дәрігер Дінмұхамет Қонаевтың пәрменімен 1983 жылдан 1996 жылға дейін ҚР Әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары қызметін атқарады. Мемлекеттік деңгейдегі аса жауапты қызметтер жүктелген Мырзекен Құсымжанов халықты әлеуметтік қамсыздандыру органдарының қызметін қайта құру мен нығайтуға, зейнетақы реформасын жүргізуге елеулі үлес қосады.
Көрнекті мемлекет қайраткерінің атын мәңгілік етуді мұрат тұтқан мемориалдық тақтаның ашылуында профессор Асқарбек Құсайынов, профессор Қадыр Омаров, профессор Кеңес Үшбаев, профессор Болатбек Нәсенов, профессор Маққам Төленов, медицина ғылымдарының докторы, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Василий Девятко, профессор Зұлқайыр Мансұров, ҰҒА академигі Вячеслав Локшин жүрек тебірентерлік естеліктерімен бөлісті.
Мырзекен Құсымжановтың аяулы жары, ұл-қыздарының анасы Шәмшия Канбаева денсаулығына байланысты естелігін LED экран арқылы жолдады.
«Қазақ тарихындағы киелі өлке – Семей өңірінде еңбек жолын бастау Мырзекен үшін үлкен жауапкершілік еді. Абайдай дана, Шәкәрімдей ұстаз, Мұхтардай тұлғалар туған жерде қызмет еткен Мырзекен бақытты деп айтар едім.
Қиын кездерде атап айтқанда, (Семей) ядролық полигон аймағында кезінде дәрігер атымен болмады деуге болады, бір ғана дәрігер болса, ол да Мырзекен барғаннан кейін кетіп қалды. Өзі аурухананың бас дәрігері, өзі хирург, өзі акушер-гинеколог, өзі педиатр, былайша айтқанда әмбебап дәрігер болды. Бір өзі бірнеше қызметті қатар алып жүрді, себебі маман тапшы, жұмыс көп, аудан тұрғындарына медициналық қызметті жалғыз өзі көрсетті. Сол кезде ауданда бір ғана аурухана болды. Ескі перзентхана да сол, туберкулезбен ауыратындар да сонда емделді. Аудандар мен облыстардың денсаулық сақтауды ұйымдастыру жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізді, бұл халықтың денсаулық жағдайын едәуір жақсартуға, ана мен бала өлімін азайтуға, кейбір жұқпалы ауруларды жоюға мүмкіндік берді.
Аудан орталығынан үлкен аурухананың ашылуына ең бірінші ықпал еткен де Мырзекен болды. Әйелдер босанатын перзентхана, жергілікті тұрғындар үшін емхана салынып, негізін қалаған да Мырзекен еді. Перзентхана мен емхананың кадрлік қызметінің үзіліссіз жұмыс істеуі үшін бұрынғы Семей медициналық институтының ректорымен келісімдер жасап, жас мамандарды жұмыспен қамтып, оларға жағдай жасады. Елді мекендерден дәрігерлік пункттер ашты. Операция жасалуы керек хәлі мүшкіл науқастарды аудан орталығына әкелу үшін көлік мәселесін де шешіп отырды. Мәселен, ол кездерде жедел жәрдем көлігі мүлде болған жоқ, науқастарды ат арбамен ауруханаларға әкеліп, операция жасап, қаншама адамға өмір сыйлады.
Сол заманда свет жоқ, керосинмен жаққан шамның жарығымен операциялар да жасаған күндері болды. Жалпы кез келген қиын сәттерде де Мырзекен жол таба білді. Сөйтіп жүріп 30 жасында «Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер» атағы берілді, содан Мырзекеннің лауазымын жоғарылатып, Семейдің, Аякөздің ауруханаларын, халықтың денсаулығын сақтау ісіне, еліміздің ғылымы мен медициналық білімін дамытуға үшін министрдің орынбасары қызметіне жіберілді. 1983 жылдан 1996 жылға дейін ҚР Әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары қызметін атқарды.
Мырзекеннің еңбегін ескеріп, ескерткіш тақта орнатып жатқандарың үшін Алматы қаласының әкімдігіне ерекше алғыс айтамын! Бұндай өнегелі іс өскелең ұрпағы үшін үлкен тәрбие деп білемін», деді Шәмшия Нығметқызы.
Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатының соңында отандық медицинаның майталмандары – «Академик Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» АҚ профессоры, жоғары санаттағы хирург-уролог, «Алтын қандауыр» сыйлығының лауреаты Сүният Мырзекенұлы Құсымжанов пен ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің вице-президенті Жанара Мырзекенқызы Құсымжанова әкелерінің көзін көрген – жиналған қауымға шынайы алғыстарын білдірді.
(Фотода М. Құсымжановтың баласы)
АЛМАТЫ