Фото:Ашық дереккөз
ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 12 маусымдағы № 454 қаулысымен «Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітіліп, республика бойынша денсаулық сақтау инфрақұрылымы объектілерінің тозу дәрежесін 2023 жылғы 49,3% - дан 2030 жылға дейін 30 % - ға дейін төмендету межесі белгіленді.
Депутаттың пікірінше, бүгінде қолданыстағы аудандық ауруханалар инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде «алтын уақыт» қағидатын сақтай отырып шұғыл медициналық көмекті, сондай-ақ ірі қалаларға бару қажеттілігінсіз мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті толыққанды көрсете алмайды.
«Жамбыл облысы бойынша қолданыстағы 10 аудандық аурухананың тозығы әбден жетіп, ауыл халқына сапалы медициналық көмекті тиісті деңгейде көрсете алмай жатыр. Мәселен, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Мойынқұм ауданының 110 төсек – орынға арналған орталық ауруханасы 1954 жылы салынса, облыстағы ең жаңа 198 төсек орынға арналған аудандық орталық аурухана ғимараты Шу ауданында 2011 жылы қолданысқа берілген. Қазіргі уақытта заманға сай халықаралық медициналық стандарттардың өзгеруіне және өңірлердегі ауыл халқының артуын ескерсек, барлық аудандық аурухана ғимараттары қайта жаңғыртуды қажет етеді», деді Мұқаш Ескендіров.
Мәжілісмен Жамбыл облысы әкімдігі тарапынан іске асыру құны 38,7 млрд. теңгені құрайтын 4 аудандық аурухана ғимаратын қайта құру және қосымша ғимарат салу үшін жобалар әзірленіп жатқандығын атап өтті. Бірақ, төменде көрсетілген жобалар бюджеттен қолдау таппай отыр. Атап айтсақ:
- Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы 115 төсек орынға арналған орталық аурухана ғимаратын қайта жаңғырту жобасына – 2 611,5 млн.теңге (04.09.2024 ж. №19-0307/24);
- Жамбыл облысы Жуалы ауданында 100 төсек орынға арналған орталық аурухана және 250 төсек орынға арналған емхана ғимаратын салу жобасына – 29 969,5 млн.теңге (20.08.2024 ж. №19-0349/24);
- Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы 129 төсек орынға арналған орталық аурухана ғимаратын қайта жаңғырту және жапсарлас ғимарат салу жобасына – 3 561,5 млн.теңге (05.09.2023 ж. №19-0313/24);
- Жамбыл облысы Талас ауданындағы 140 төсек орынға арналған орталық аурухана ғимаратын қайта жаңғырту және жапсарлас ғимарат салу жобасына – 2 609,5 млн.теңге (10.05.2024 ж. №19-0186/24).
Алайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы «нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларын бекіту туралы» № 126 бұйрығының 5-1 тармағына сәйкес, республикалық бюджет есебінен қуаттылығы кемінде 200 төсектік көп бейінді және туберкулезге қарсы ұйымдардың, кемінде 200 төсектік перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың және ауысымына кемінде 250 адам қабылдайтын қуаттылығы бар емханаларды салуға, реконструкциялауға, кеңейтуге және жаңғыртуға арналған шығыстар қаржыландырылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» № 270 қаулысына сәйкес, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында денсаулық сақтау саласының тек алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектілерін салу, реконструкциялау, кеңейту және күрделі жөндеу шығындары қаржыландырылады.
Мәжілісменнің пікірінше, Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымдарын дамытуды көздейтін шығындар қомақты қаражатты талап етеді. Сондай-ақ республикалық бюджеттің қолдауынсыз қордаланған мәселені ширату жергілікті бюджетке ауыртпашылық түсіріп жатыр. Алайда, қолданыстағы заңнама аталған мәселелерге республикалық бюджеттен қажетті қаражатты бағыттауға өз кедергісін келтіреді.
Мұқаш Ескендіров жаңа Бюджет кодексіне сәйкес облыстық бюджеттен корпоративтік және жеке табыс салығының түсімдері толықтай аудандық деңгейге берілгенімен денсаулық сақтау және білім саласының шығындары облыстық деңгейде қаржыландырылатынын да атап өтті.
«Жоғарыда аталған жүйелі мәселені шешу үшін, өңірлердегі орталық аурухана ғимараттарын қайта жаңғырту, күрделі жөндеу және кеңейту жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» № 270 қаулысына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы «нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларын бекіту туралы» № 126 бұйрығына тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізуге ықпал етуіңізді сұраймыз» деді М.Ескендіров.