Спорт • 06 Ақпан, 2025

Харбинде кімдерге сенім артамыз?

159 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ертең Қытайдың Харбин қаласында ІХ қысқы Азия ойын­дарының алауы тұтанады. Бір аптаға созылатын байрақты бәсекеде 137 отандасымыз өнер көрсетеді. Олар спорттың 10 түрінен сайысқа түседі.

Харбинде кімдерге сенім артамыз?

Соңғы қысқы Азиада осыдан жеті жыл бұ­рын Жапонияның Сап­поросында өткен еді. Сол жарыста биатлоншылар 6 алтын, 4 күміс, 2 қоланы олжалап, айды аспанға бір-ақ шы­ғарды. Осы жолы да дәл сол спорт түрі өкілдерінің жолына үлкен үмітпен қарап отырмыз. Қытайда 10 жерлесіміз өнер көрсетеді. Солардың арасынан Дүниежүзілік универсиаданың жеңімпазы Вадим Куралес, атал­ған жарыста екі реттен жеңіс тұғырына көтерілген Александр Мухин мен Әсет Дүйсеновтің әлеуеті аса жоғары бағаланады. Команда сапында кезінде Азия ойындарында алтыннан алқа таққан Ольга Полторанина мен Дарья Климина сынды атақтары алысқа жайылған ардагерлер де бар.

Еліміз Азиадаға қатысқан кезден бері өрелі өнерімен өз жанкүйерлерін қуантып келген шаңғышылар екені сөзсіз. Алайда Жапонияда олар тым сүреңсіз өнер көрсетті. Сап­породағы сәт­сіздіктің «кез­дейсоқтық» еке­нін дәлелдеу үшін 12 спортшымыз Харбинге аттанды. Олар – Надежда Степашкина, Дарья Ряжко, Ка­мила Елғазинова, Ксения Ша­лыгина, Ангелина Шурыга, Ма­рия Люфт, Ілияс Исабек, Наиль Башмаков, Ернар Нұрыс­беков, Олжас Климин, Владислав Ковалев, Константин Борцов. Осылардың арасынан кемінде екі-үшеуінің бас жүлдеге таласуға қауқары жетеді.

Білікті бапкер Мәдіғали Қар­сыбековтің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында еліміздің шорт-трегі зор биікке көтерілді. Бүгінде күллі әлем біздің өрендермен санасады. Харбинде Денис Никиша, Аб­зал, Алина Әжғалиевтер, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан бастаған 12 саңлақ жарыс жолына шығады. Жоғарыда есімдері аталған спортшылардың барлығы да талай дүбірлі додада дараланған. Д.Никиша Олим­пия ойындарында жеңіс тұ­ғырына сынық сүйем қалғанда сүрінсе, былтыр Роттердамда ұйымдастырылған әлем чемпионатында күміс медальді мойнында жарқыратты. Өзге шорт-трекшілер Әлем кубогінің кезеңдік сайыстарында олжаға кенелді. Сол се­бепті де алдағы жарыстан жерлес­теріміздің қоржыны бос қайт­пайтынына сенімдіміз.

Конькишілер сайысында Надежда Морозова, Алтай Жәр­дембекұлы, апалы-сіңлілі Шумековалар өз жанкүйерлерін қуантуға тиіс. Мәнерлеп сыр­ғанауда Михаил Шайдоров бар. Жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері деген атағы бар 20 жастағы ал­матылық өрен бүгінгі таңда ересектер дуында да елеулі та­быс­қа қол жеткізіп жүр. Михаилдың мықтылығын мойын­датып, нағыз ерлейтін тұсы осы. Софья Самоделкинаға да сенім артылып отыр. Былтыр ғана еліміздің азаматтығын алған 17 жастағы ресейлік легионер жуырда ғана Туринде өткен Дүниежүзілік Универсиадада қола медальді қоржынға салды. Бұл – Софья бабында деген сөз. Шайдоров пен Самоделкинадан бөлек, Диас Жиренбаев, София Фарафонова, Байсангур Датиев, Гаухар Наурызова сынды төл тү­лектеріміз мұз айдынына шығады.

Еліміз осыған дейін Азия ойын­дарына алты рет қатысты. Сол жарыстардың барлығынан шайбалы хоккейшілеріміз олжалы оралды. 1996, 1999, 2011, 2017 жылдары бас жүлдені қан­жығаға байласақ, 2003, 2007 жылдары күміспен күптелдік. Харбинде ҚХЛ-да күш сынасып жүрген Андрей Шутов, Темірлан Гайтамиров, Данил Бутенко, Әділ Бекетаев, Самат Данияр, Артем Королев, Роман Старченко, Кирилл Савицкий, Әлихан Өмірбеков, Кирилл Панюков, Руслан Ос­панов сынды «Барыстың» 11 сайыпқыранынан бөлек, Ресей мен еліміздің чем­пионаттарында бақ сынап жүр­ген ойыншылар өнер көр­сетеді. Жігіттерден тек алтын күтеміз. Осы спорт түрін серік еткен бұ­рымдыларымыз да осал емес. Бұған дейінгі Азиа­да­да қыз­дарымыз 3 алтын, 3 қо­ла иеленді. Бұл жолы да бас жүл­­­дені олжалауға барынша күш са­луымыз керек. Сондай-ақ спорт­­­шы­лары­мыз тау шаңғысы, кер­линг, ски-альпинизм, фристайл-акробатикадан өтетін бәсе­келерде бақ сынайды.

Жуырда Үкіметтің отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Харбинде жалауы желбірейтін аса жауапты жарысқа сапалы дайындалу мақсатында жоғарыда атал­ған спорт түрлерінен ұлттық құ­рама командаларымыз 137 оқу-жаттығу жиынына қатысқанын, спорт­шылардың ше­бер­лігін шыңдау үшін Ни­дер­ланд, Поль­ша, Сло­ве­ния, Бе­ла­русь, Ресей­ден ар­найы шақырылған ке­ңесші-бап­кер­лердің көмегіне жүгін­ген­дерін, дайындық жо­ғары деңгейде өткенін тілге тиек етті. Олай болса, алдағы қысқы Азиадада елі­­міздің өрен­дері үздіктер санатынан көрінуге тиіс. 

  • Азиадаға ең көп спортшылар Астана қаласынан қатысады. Харбинге аттанған елордалықтардың саны – 37. Өзге өңірлерден бақ сынайтын өрендеріміздің саны: Алматы қаласы – 27, Шығыс Қазақстан – 18, Ақмола – 17, Қостанай – 9, Сол­түстік Қазақстан – 7, Шымкент – 6, Павлодар – 4, Алматы облысы – 3, Қарағанды – 3, Абай – 3, Маңғыстау – 2, Жетісу – 1, Батыс Қазақстан – 1.
  • Биылғы Азия ойындарына Түркістан, Ұлытау, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Аты­рау облыстарының бірде-бір өкілі қатыс­пайды.
  • Қытайға аттанған саңлақ­тардың кейбіреуі бұған дейінгі Азиа­дада жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген. Мәселен, 2011 жылы Астана мен Алматыда алауы тұтанған аламанда Ольга Полторанина (биатлон), Евгений Рымарев, Роман Старченко, Татьяна Королёва (шайбалы хоккей) алтын медальді иеленсе, 2017 жылы Саппорода Дарья Климина (биатлон), Кирилл Савицкий, Иван Степаненко, Дмитрий Гренц (шайбалы хоккей) дәл сол межеден көрінді.
  • Осыған дейінгі Азия ойындарында мына спортшылар жүлдегерлер санатына қосылды: Абзал Әжғалиев (Астана-Алматы, 2011 жыл – қола, шорт-трек), Ольга Тихонова, Мәдина Жанбосынова (Саппоро, 2017 жыл – қола, шорт-трек, аралас эстафета), Арина Щёколова, Мәдина Тұрсынова, Малика Алдабергенова, Пернеш Әшімова, Татьяна Королёва (Саппоро, 2017 жыл – қола, шайбалы хоккей), Дарья Климина (Саппоро, 2017 жыл – 2 қола медаль, биат­лон).
  • Еліміз құрамасы са­пын­дағы ең қарт спортшы – Денис Власов. Ски-альпинизмді серік еткен саңлақтың жасы 41-де. Ең жас өрен – София Зубкова. Шайбалы хоккейден сайысқа түскелі жатқан бойжеткеннің жасы 17-де.