Құқық • 06 Ақпан, 2025

Жастар арасындағы қылмыс алаңдатады

139 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының прокуратурасы өткен жылы атқарылған жұмыс­тарды қорытындылады. Бас прокуратураның қызмет басшысы қатысқан кеңейтілген отырысты қала прокуроры Ғабит Мұқанов ашты. Қала прокурорының бірінші орынбасары Нұрғали Жомарт өз баяндамасында шаһарда қылмыс саны жылдан-жылға азайып келе жатқанын ал соттағы тоқтатылған істер артқанын атап өтті.

Жастар арасындағы қылмыс алаңдатады

Өкінішке қарай, қабылданған шара­лар­ға қарамастан, бұрын сотталғандар тара­пы­нан жасалатын қылмыс көбейіп тұр. Осыған байланысты қала прокуро­ры мемлекеттік айыптаудың сапасын күшейтіп, прокурорлардың кәсіби дең­гейін көтеру керек екенін, сондай-ақ даулы істер бойынша ашық сот процестерін ұйымдастырып, оқу орындарында сот отырыстарын өткізу қажет екенін айтты. Ол пробациядағы түйткілді проблеманы шешу үшін қатаң ұстанымын білді­ріп, заңбұзушылыққа екі рет барған соттал­ғандарды түзеу мекемелеріне қайтару мәселесін қарастыруды алға тартты.

Прокурордың орынбасары Марат Ержан өз сөзінде «Киберпол» жұмысына тоқталды. Ол прокуратура бастамасымен полиция департаментінде интернет алаяқ­тықпен күресудің арнайы бөлімі құрылғанын мәлімдеді. «Бір терезе» қағидатына негізделген бұл бөлім қызметі қылмыстық іс аясында басқа ұйымдардан барлық қажетті ақпаратты мүмкіндігінше тез алады. Нәтижесін­де, шаһарда интернет алаяқтықтық қылмысын ашу көрсеткіші 38%-ға өсіп, алаяқтық әрекет 18%-ға төмен­деген. Шымкент прокуратурасының алаяқ­тықпен күресудегі жаңашыл тәжі­ри­бесін барлық облыс зерделеп көрді. Бас­тама жақсы нәтиже берген соң Ішкі істер министрлігінің құрылымы өзгер­ті­ліп, онда қазір жаңа кибербөлім құ­рыл­ды. Өз сөзінде қала прокуроры «Кибер­пол» жұмысын жетілдіру туралы нұсқау­лар берді, басқарманың кәмелетке толма­ғандар арасындағы қылмыспен күресуге бағытталған «Заң үйірмесі» жобасын шұғыл түрде жүзеге асыруды тапсырды.

Қала прокурорының тағы бір орынбасары Марлен Сламбеков баяндама ба­рысында қадағалаушы органның әлеу­­мет­тік-экономикалық саладағы маңыз­ды жетістіктерін атап өтті. Мәсе­лен, қабыл­дан­ған шаралардың нәтиже­сінде тұрғын­дар­дың улы газдан улану оқиғалары 44%, иіс­тен қайтыс болғандар саны 22% төмендеген.

Есірткі таратудың бір жолы – жасырын жазба белгілерін қалдыру. Есірткі тұтынушылар сол жазба белгілері ар­қылы сататын адамдармен байланысқа түседі. Мұндай белгі­лер қалада көп. Әсі­ресе көпқабатты үйдің бұрыштарына байқатпай жазып қалдырып кетеді. Жай адам оны байқамауы да мүмкін. Тіпті байқаса да не екен деп елемей өтіп кетіп береді. Ал нашақорлар үшін бұл – есірткі алудың бірден-бір құпия жолы. Құқық қорғау органдарының басты мақса­ты – осы жазба белгілерді жою. Әрине, шаһардағы бүкіл тәртіп сақшылары оның көзін құртуға шамасы жетпейді. Сон­дықтан бұл жерде еріктілердің, қоғам белсенділерінің көмегі қажет. Айтқандай мұндай құпия жазбаны есірткі граффитиі деп атайды. Өз кезегінде қалалық прокуратура осы белгілерді жоюдың коммунал­дық қызмет саласының 3 мыңға жуық жұмыскер­ін жұмылдырған. Сөйтіп, өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, олардың функционалдық міндеттеріне өзгерістер енгізілді. Коммуналдық шаруа­шылық қызметкерлерін ынталандырудың әртүрлі тәсілдері іске асырылды. Соның нәтижесінде қысқа уақыт ішінде көше тазалаушылар көмегімен 3,5 мыңнан аса граффити жойылды. Сондай-ақ құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидаты аясында коммуналдық қызметкерлер басқа да заңсыз әрекеттердің жолын кесуге жәрдем көрсетті. Айталық, коммуналшылар шағымымен 606 хабарлама келіп түссе, нәтижесінде 284 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Одан бөлек, 6 қылмыстық іс қозғалып тек 1 іс бойынша үкім шығарылды.

Прокуратура тарапынан жүргізілген салық органдары қызметіндегі тексеру барысында коммерциялық нысандардың 70%-ы салық төлемейтіні, ал 23%-ы мүліктің бағалау құнын төмен көрсеткені анықталды. Мәселен, сараптама бір ме­ке­медегі мүліктің құнын 900 млн теңге­ге бағаласа, декларацияда ол 50 млн теңге деп қана көрсетілген. Осы тексе­ріс жұмысының нәтижесінде салық түсімдері 14%, яғни 10,5 млрд-тан 12 млрд теңгеге дейін өскен. Осыған байланысты қала прокуроры мүліктің құнын белгілеу тәжірибесін жалғастыруды, сондай-ақ бюджетті толықтыру бойынша тиімді шаралар қабылдауды талап етті. Сонымен қатар қадағалаушы орган басшысы өткен жылы кәмелетке толмағандар арасындағы суицид саны – 21%, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар – 43%, керісінше жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыстар 24% өскенін атап өтті. Сондықтан полиция департаментінде осы санаттағы істерді тергейтін жедел тергеу тобын құруды, оның құрамына балалар психологтерін қатыстыруды тапсырды.

Шымкентте жасөспірімдер арасында суицидтің өршігені алаңдатарлық жағ­дай екенін ішкі саясат және жастар істері саласының жұмыстарына арналған былтырғы алқа мәжілісінде қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Сәрсен Құранбек те атап өткен еді.

«Жастар – ізгі қоғам айнасы» форумын өткіздік. Онда қазақ әлмисақтан мұсылман екенін айттық. Мемлекеттің жастар алдындағы міндеті – мектеп салу, университет құру, орта білімді те­гін ету. Бұл жауапкершілікті мемлекет толық орындап келеді. Ал жастардың мойнындағы негізгі міндет – оқу мен терең білім алу. Дегенмен руханият мәселесінде орын алып жатқан күрделі ахуал бар. Бұл – жастардың суицид мәселесі. Бұл проблеманың жылдан-жылға ушығып бара жатқаны алаңдатады. Статистикаға жүгінсек, 2022 жылы кәмелетке толмаған балалар арасында 7 суицид оқиғасы тіркелген. 2023 жылы 14 жасөспірім өз өмірін қиған. Яғни көрсеткіш бір жылда екі есеге ұлғайған. Ал 2024 жылдың 4 айының өзінде өз-өзіне қол жұмсаудың 5 оқиғасы орын алған. Жастарға жеткілікті деңгейде мән бермей отырғанымызды осыдан-ақ көрсек болады. Жастар арасын­дағы қылмыс та жыл санап өсіп келеді. Бұл бойынша 2022 жылы 1 043 дерек тіркелсе, 2023 жылы 2 780 қылмыстық жағдай анықталған. Жыныстық бағыттағы зорлық-зомбылықтың жыл өткен са­йын саны артып барады. Айталық, 2022 жылы мұндай қылмысқа кәмелет жасқа толмаған 3 жасөспірім ұшыраса, 2023 жылы бұл сан жетеуге өскен. Осының бәрін айта берсең, жаның ауырады. Бірақ қазақ айтпақшы «ауруын жасырған өледі». Жабулы қазан жабулы күйінде қалса да болмайды. Онда мәселе ешқашан шешімін таппайды. Жоғарыда аталған проблемадан құтылу үшін тұтас қоғам болып ұйысуымыз керек», деген еді С.Құранбек.

Қала прокурорының орынбасары Рашид Амиров те баяндама жасап, алимент бойынша қарыз берешегі мен мемлекет кірісіне қаржы өндіру көрсеткіші бар болғаны 19% құрағанын, соның салдарынан мемлекет алдындағы қарыз көлемі өсіп бара жатқанын мәлімдеді. Нақты көрсеткішке келсек, қарыз сомасы 2 млрд-тан 4 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Прокурор сот орындаушыларының жұмысын күшейту жөнінде арнайы нұсқау берді. Және де жұмыссыз борышкерлерге тұрақты негізде бос орындар жәрмеңкелерін өткізуді тапсырды, жұмыспен қамту орталығына тір­келуден жалтарғандарды әкімшілік пен қыл­мыстық жауаптылыққа тартуға дейін­гі қатаң шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар қала прокуроры Ғ.Мұқанов бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдар қоғам­ға қауіп төндіретінін айтты. Сон­дықтан мұндай жағдай елеп-ескеріл­месе қоғамдық тәртіпті бұзуға және қылмыс­тың өсуіне әкелуі мүмкін екенін еске салды. Бұдан кейінгі сөзінде Ғ.Мұқанов басқарма қызметкерлеріне бірнеше рет құқық бұзушылықты жасағандарға егжей-тегжей талдау жүргізіп, өз ұсыныстарын беруді тапсырды.

Алқа мәжілісінде қадағалаушы орган басшысы азаматтардың өтініштерін қарау прокуратура қызметінің басты міндеттерінің бірі екеніне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, өткен жылы қылмыс деңгейі 7,4%-ға төмендегенімен, шағымдар саны азаймаған, керісінше, сотқа дейінгі тергеу саласындағы өтініш­тер 10%-ға артқан. Осыған байланыс­ты азаматтардың өтініштерін қарау тәсілін департаменттің өзінде қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ Ғ.Мұқанов Президенттің жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы айтылған мақсаттары мен міндеттерін іске асыру бойынша нақты іс-шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар

Атаулы жылдағы ауқымды шаралар

Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 09:50

Жаңақорғанда макарон шығады

Өндіріс • Бүгін, 09:35

Дегдар сөз иесі

Жансарай • Бүгін, 09:30