
Бұл жерге сырттан бөгде жандар кірмейді, күзеті мықты. Таунхаусттағы бір бөлмелі пәтердің аумағы 41 шаршы метр, асүйі, жуынатын бөлмесі де бар. Тұрақты жұмыс орындары бар тәрбиеленушілер тұтынған жарық, газ, суға ай сайынғы төлемдерді өздері төлесе, жылу, интернет байланысы тегін. Таунхаустар автономды жылу жүйесі, ортақ wi-fi желісімен жабдықталған.
Өткен жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалдамалы пәтер алған жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған ақтөбелік 127 жастың 17-сі «Мейірімнің» тәрбиеленушілері болатын. Белгілі бір оқу орнын бітіріп, жұмыс істей бастаған жас өз бетінше үй алуға тырысады. Мәселен, «Отбасы» банкінен есеп-шот ашып, 1 миллион теңге қаржы салған үш бала былтыр 2%-дық мөлшерлемемен ипотекалық несие рәсімдеп, баспаналы болды.
Жалпы, 2003 жылдан бері Ақтөбе облысында ата-ана құқығынан айырылған отбасылардың 426 баласы мемлекет қамқорлығында болса, осындай әлеуметтік санаттағы 265 жас жалдамалы пәтер алды. 2017 жылға дейін жетімдер үйінде тәрбиеленгендер 18 жасқа толған соң Жасөспірімдер үйіне жіберілетін. «Мейірімдегі» тәрбие жұмыстарының мақсаты – толыққанды тұлға тәрбиелеу. «Бізде тәрбиеленген балалар ата-анасының тағдырын қайталаған жоқ. 84 түлегіміз ЖОО тәмамдаса, бесеуі магистратураны аяқтады. 182 жас шаңырақ құрып, 150 сәбидің ата-анасы атанды. Біз олардың сәбилерін «Мейірімнің» немерелері» дейміз. Жаңа жыл мерекесінде 50 немеремізге шырша мерекесін өткіздік. Сыйлықтарды «Tengizchevroil» мекемесінде аудармашы болып жұмыс істейтін түлегіміз Дәурен Іскендіров алып берді. Ақтөбеде 3–18 жас аралығындағы жетім балалар «Аяла» орталығында тұрады. «Аяладан» мектеп бітіріп оқуға түскенде, оқу орындары жатақханамен қамтамасыз ете алмаған жағдайда, білім басқармасы жолдамасымен бізге келіп тұруға құқылы», дейді «Мейірім» орталығының директоры Жеңісхан Нұрғалиева.
«Мейірімде» шығармашылық студиялары, оқу залдары бар. Орталық педагогтері рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлау дағдыларын үйретеді. Бұрын орталықта балалардың қабылдауы қиын болған соң ба, психологтер тұрақтамады. Қазіргі психологтер балалармен жақсы тіл табысқан. Балалар сырласып, шер тарқатысатын маманға зәру. Ата-ананың алақанын аңсайды. Тәрбиеленушілер кешкілік сабақтан не жұмыстан оралғанда, бірден әкімшілік ғимаратқа соғып, қызметкерлермен сөйлесіп жүреді. Ортақ чат ашылған. Бұл кімнің қайда жүргенін түгендеуге жақсы. Сенбі-жексенбіде спорт нұсқаушысы келіп, жаттығуға қатысады. Түнгі кезекшіліктегі мұғалімдер әр баланың қайда жүргеніне жауапты. Пәтерлеріне қонбайтындар қайда бара жатқандарын айтып, қолхат жазып кетеді. Вахталық жұмыстағы балалар да келген-кеткен күндерін жазып қалдырады. Сенбі-жексенбіде мәдени іс-шараларға қатысады. «Мейірімнің» балалары бірер жыл бұрын керлингтен ел кубогіне қатысып, бірінші орынды иеленді.
«Ең нәзік мәселе – балалардың ата-аналарымен қарым-қатынасының жоқтығы. Бұл жерде ата-ана құқығынан айрылғандардың балалары тұрады. Әке-шешесі бар екенін біледі. Мекенжайларын білетін балалар демалыс күндері ата-анасын іздеп барады. Кейбірі қаражат жағынан ата-анасына қарайласады. Ата-аналарының тіпті бұл балаларда шаруасы жоқ. Іздеп те келмейді. Бала іздеп барады. Бірақ қонбай, қайтып келеді де қасымызда ұзақ отырады. «Оларға ренжіме. Өзімшіл болма. Қалай болғанда да ата-анаң. Неге қонбадың, неге қасында болмадың?» дейміз. Сонда: «Олардың өмірі басқа. Бірге тұра алмаймын» дейді. Кей бала ата-анасына барып келген соң біраз күн түнеріп жүреді. Біз де үндемейміз. Басында қазақша түсінбейтін балалар қазір таза сөйлейді. Орысша сұрасақ, өзімізге қазақша жауап береді», дейді Ж.Нұрғалиева.
«Біздің балалардың өмірлік бағдары айқын, алдарына мақсат қойғандар. Олар маскүнемдер мен қаңғыбастардың ортасына оралғысы келмейді. 18 жасқа толған жігіт пен қыздың таңдау құқығы бар. Ата-анасының қасына барамыз десе, ешкім қарсы шықпайды. Мемлекет те жас баланы бірден әке-шешесінен алып кетпейді. Әуелі «Аялаға» орналастырады. Ата-анасы есін жиып, жаман әдетін қойып, қаңғыбастық өмірді тастап, емделіп, жұмысқа тұрса, алты айдан соң баласын үйіне қайтарып ала алады. Бірақ учаскелік полицияның бақылауында болады. Егер ол қайтадан тәртіп бұзса, балалар мемлекет қарауына өтеді», дейді «Мейірім» орталығының маманы Мәншүк Қайроллақызы.
Орталық қаладағы №3 музыка мектебі, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебімен жақсы байланыс орнатқан. Мерекелік іс-шараларға музыка мектебі ұжымы қатысады. Құрбан айт, Наурыз, Жаңа жыл мерекесі орталықтың 45 баласы мен ұжымды бір үстел басына жинайды. Ашықтық, мейірімділік, бір дастарқан басында отырып дидарласу көп жағдайда оң нәтижесін беріп, жастар мен үлкендер арасында сенім орнатады. Былтыр ипотекалық несиемен баспана алған үш тәрбиеленушінің үйіне жақында «Мейірімнің» ұстаздары шашу шашып, құттықтап барды. Тағдырдан теперіш көрген 400-ден аса баланың адаспай жүріп, өмірдегі өз орындарын тапқаны қуантарлық жағдай.
Ақтөбе облысы