
Фото: Ашық дереккөз
Жалпы, елімізде қысқа мерзім ішінде бірқатар саяси реформалар жүзеге асырылып, экономика жаңғыртылып және қоғамдық этика жаңарды. Бұл азаматтық қоғамның дамуына қуатты серпін беріп, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Атап айтсақ, маңызды реформалардың бірі – 2022 жылы Қазақстан Конституциясына енгізілген түзетулер болды. Олар елдің саяси құрылымында айтарлықтай өзгерістерге алып келді.
Сарапшылардың пікірінше, осы түзетулердің нәтижесінде елімізде Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар аралас жүйе бойынша сайланып, 6 саяси партиядан тұратын көппартиялы Парламент қалыптасқан. Сондай-ақ ауыл әкімдерін тікелей сайлау енгізіліп, 45 аудан мен қала әкімдерінің пилоттық сайлауы өткізілді. Бұл өзгерістер халықтың жергілікті саяси процеске белсенді қатысуға деген қызығушылығын көрсетті.
Сонымен қатар, Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып қайта құрылды. Бұл азаматтарға өз құқықтары бұзылған жағдайда тікелей сотқа жүгіну мүмкіндігін берді.
Олардың айтуынша, Конституциялық сот заңдар мен шешімдерді даулауға мүмкіндік жасап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қосымша қорғауды қамтамасыз етіп, еліміздегі құқықтық мемлекеттің және заң үстемдігінің нығаюына ықпал жасады. Бұл азаматтардың үлкен қызығушылығын тудырып, 2023 жылдың алғашқы алты айында шамамен 5 мың өтініштің түсуімен дәлелденді. Сондай-ақ, Конституциялық сот, Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сияқты құқықтық институттардың нығаюы елдің саяси жүйесін реформалауда маңызды рөл атқарды.
Қазақстанда Қоғамдық институт ретінде Ұлттық Құрылтай құрылып, нығайа түсті. Ол қоғамдық күн тәртібін қалыптастыратын негізгі орталыққа және азаматтық қоғамды дамытуға ықпал ететін механизмге айналды.
«Бұл құрылтай азаматтар мен қоғамдық ұйымдарға саяси шешімдерге әсер ету мүмкіндігін берді. Мысалы, биылғы жылы Құрылтай қызметінде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңдардың қабылдануы, вейптерді пайдалануға тыйым салу сияқты маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Сонымен қатар, вандализммен күрес және құмар ойын бизнесін реттеу мәселелеріне қатысты құжаттарға қол қойылды. Бұл шаралар азаматтар үшін қауіпсіз және салауатты орта қалыптастыруға айтарлықтай әлеуметтік әсерін тигізіп жатыр», дейді сарапшылар.
Сонымен қатар, әділ әрі үйлесімді қоғамды дамытудағы негізгі факторлардың бірі – жаңа қоғамдық этиканы ілгерілетуге көп көңіл бөлініп жатқанын атап өткен жөн. Бұл үдерісте мәдени және әлеуметтік өзгерістерді ынталандыруға бағытталған бастамалар маңызды рөл атқарады.
Мемлекет шығармашылық және ғылыми әлеуетті қолдайтын мемлекеттік сыйлықтар мен гранттарды енгізіп, түрлі салалардағы инновацияларды демеп отыр. Олардың қатарына «Парыз», «Алтын сапа» сыйлықтары, сондай-ақ жастарға арналған «Дарын», «Тәуелсіздік ұрпақтары» мемлекеттік сыйлықтары және басқалары кіреді. Бұл бастамалар мемлекеттік деңгейде елеулі қолдауға ие болды.