
«Жалған ақпарат пен фейк жаңалықтардың таралуы қоғамда өзекті мәселеге айналды. Фейк жаңалықтар әсіресе төтенше жағдайлар, қоғамдық оқиғалар кезінде халықты адастыру қаупін арттырады», деді министр.
Аида Балаева әріптестерді жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контент таратпауға шақырды.
«Ақпараттық сауатсыздық фейк жаңалықтардың таралуына жол ашады. Сондықтан дұрыс ақпаратты талдай білу дағдысы демократиялық қоғам құрудың маңызды элементі саналады. Жас ұрпақ жалған ақпараттың жетегінде кетпеуі үшін оларды медиа сауаттылыққа мектеп кезінен бастап тәрбиелеуіміз керек», деп атап өтті министр.
Сондай-ақ, ол журналистерге арналған фактчекинг, аналитикалық журналистика, цифрлық қауіпсіздік бойынша тренингтер өткізу де маңызды екенін айтты.
Өз сөзінде министр этносаралық және конфессияаралық қатынастарға да тоқталды. Қазіргі кезде елімізде 18 конфессияны білдіретін 4 мыңға жуық тіркелген діни бірлестік бар. Аида Балаева ізгілік пен рухани құндылықтарды насихаттауда дін саласының орыны ерекше екенін айтты.
«Бұл мәселеде заң мен тәртіп қағидасы қатаң орнауға тиіс. Сонда ғана біз бірлік пен тұрақтылықты сақтап, мемлекетімізді нығайта аламыз. Ел ішінде алауыздық туғызып, діни, этносаралық араздықты қоздыру мәселелерін болдырмау үшін жауапкершілікті күшейтуіміз керек», деп атап өтті министр.
Айта кетейік, өткен жылы ұлтаралық араздықты және сепаратизмді қоздыруға ықпал ететін материалдар бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған 413 факті анықталды.