*Айтпаса да түсінікті
Әзіл-оспақ, сын-сықақ
Бірде...
Жолбарыс
Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов белгілі қаламгер әрі ғалым Сәрсенбі Дәуітовті жақсы көріп «жолбарысым» деп арқасынан қағып, еркелетіп жүреді. Бірде Қалекең Сәрсенбі қатарлас бір топ ақын-жазушы туралы мақала жазып, жақсы көретін інісі туралы ләм демейді.
– Қалтай аға, – дейді бір кездескенде Сәрсенбі, – беделді басылымға жарияланған мақалаңызды өте мұқият оқып шықтым. Жайшылықта мені «жолбарысым» деп арқамнан қағасыз. Бірақ, мен жайында не «жақсы» деп, не «жаман» деп жұмған аузыңызды ашпапсыз. Сол замандастарымның соңғы жағы болса да Сәрсенбі деген күшік бар еді деп жаза салсаңыз неңіз кетер еді? Мен мәз болып қалар едім ғой.
Әзіл-қалжыңға қамшы салдырмайтын Қалтай Мұхамеджанов:
– Ой, бауырым-ай! Ой, жолбарысым-ай! Соған бола маған өкпелеп жүрсің бе? Сені өңшең күшіктердің қатарына қосып, мені құдай ұрып па? Сен жолбарыссың! Ал жолбарыс туралы мен бөлек мақала жазамын, – деп құтылып кетіпті.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК.
АЛМАТЫ.
Шымшыма шумақтар
«Қос бұрым»
«Қос бұрым» деп жырлайсың-ау, ақыным,
Қиялдайсың қия шауып ақырын.
Кемпірде де бұрым жоқ қой бұл күнде...
Деп күледі жаныңдағы қатының.
«Кредитпен» той жасап...
«Кредитпен» той жасады шабылып,
Халық келді тау суындай ағылып,
Келген келін қатыны екен біреудің,
Қашып кетті... ұрлап-зырлап қағынып.
Заң былқылдақ
Заң дегенің балдыр-батпақ былқылдақ,
Мүсәпірге жынын төгер бұрқылдап.
Қалталыға «нағашы» деп еркелеп,
«Не хабар?» деп ыржақтайды жылпылдап.
Құр аяққа бата жоқ
«Бізде тәуір жұмыс бар,
Алға шығып ту ұстар.
«Құр аяққа бата жоқ»,
Подаркаңмен дұрыс бар...».
Темекі жейді
Әкесі де, атасы да, ағасы,
«Трактор» боп күркілдейді анасы.
«Темекі жеп» үйдің іші көк түтін,
Есікті ашып жылап отыр баласы.
Ала таяқ
Баламыз «МАИ» болды,
Шаруамыз жәй болды.
Айналайын «Ала таяқ»
Қолға түскен «Ай» болды.
Қызыл тұмсық
Қырық есекке жүк болды қырсықтығы,
Қиқым-сиқым және көп қисықтығы.
«Құлай сүйді» бірақ та өліп-өшіп,
Арақ деген қып-қызыл «тұмсықтыны».
Мінгесіп жүріп мінбеге шықты
Ат артына мінгесіп жүре берген,
«Бұлғақтатып құйрығын» күле берген.
Ақырында жалғасып жең ұшынан,
Мінбеге кеп, тұр әне басып белден.
«Өлдім-ау...»
Қарызданып сатып алған жуықта,
Ас үйімде тоңазытқыш «толғап» тұр.
Ал ішінде жалғыз ғана жұмыртқа,
Мұз құрсанып «өлдім-ау» деп сорлап тұр.
Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ.
Маңғыстау облысы.
Қырық бір өтірік
ҮШ БАСТЫ ӘТЕШ
Бірде қаздың жұмыртқасының ішіндегі уызын түтікпен сорып алдым да, орнына үш тауықтың жұмыртқасының уызын құйып қойдым. Әлгіден шыққан үш басты «хайуан» үйге жан жолатпайтын болды. Үш бас бір орталыққа бағынады да, үш жаққа қарап тұрады. Қанша бір жүрек жұтқан болсаң да, үш басты хайуанды көргенде бетің қайтады екен.
СУРЕТ
Күнде балық аулауға бара берген соң, балықтар мені әбден танып алды. Содан кейін аудың екі жағына айна іліп қойдым да, ақырындап тарта бердім. Бұрын-соңды өз суретін көрмеген балықтар аудан өздері де бір елі қалмайды. Сөйтіп, көктеңіздің балығын Алакөлге бір-ақ әкелдім.
ТАБИҒИ «ОТТЫҚ»
Магнит тауының басында отырғанмын. Темекі тұтатайын десем, шырпым үйде қалыпты. Сәлден соң күн күркіреп, жаңбыр жауып кетті. Сөйткенше болған жоқ қолымдағы темекім тұтанып сала берді. Сөйтсем, найзағайдың оты дәл темекімнің ұшына тиіпті. Табиғатта да басы артық ештеңе жоқ екен-ау.
АЮДЫ ЖҰМСАҒАН
Циркте хайуанатқа «билік айтып» жүрген досымды үйге шайға шақырғам. Оны-мұны айтып отырып, баяғыда «Аюлыдан» бүлдірген тере барғанда аюдан қатты қорыққанымды айттым. Ол да сәл «бөсіп» алған. «Қорқақ неме. Егер біздің циркте істер болсаң, жүрегің жарылып кетер. Керек болса сол Аюлыға мен қазір барып келем», – деп өкірештеді. Сосын мен ертеңімді ойладым да:
– Сен бүгін дем ал. Ертең «дұрысталған» соң екі аюды ертіп барайық. Аюларың ойнағанда берген кәмпиттен әбден жалыққан болар. Бүлдіргенді өздері теріп жесін. Алда-жалда аю шапса көзкөрген ғой, араша тұрар, – дедім.
Сонымен ертеңінде досым екеуміз екі аюға міндік те, бүлдірген теруге аттандық. Бізді көргенде бүлдірген теріп жүрген қонжықтар қайран қалысты. Тіпті, бізді бұрыннан танитындай бүлдіргенді қоса терісті. Қайтарда екі аюға міндік те, екі қонжықты ертіп қайттық. Жұмсағанға ең оңтайлы хайуан екен.
ТҮКІРТІП АЛЫҢЫЗ
Агроном болатынмын. Ауылдың қулары ылғи:
– Шіркін, қыста агроном, жазда мұғалім болғанға не жетсін, – деп күлетін. Күлсе күле берсін, маған еңбек күн жүріп жатса болды. Қыстай қар тоқтатып жатырмызбен жүрдік. Тек көктемде он-он бес күн егін септік. Оны да тракторшылар себеді ғой.
Егістіктің басында ұйықтап жатқам. Біреу өкшемнен теуіп кеп жіберді. Сасқалақтап қалдым. Қарасам, директорым. Жеңіл машинасымен келіп тұр. Әдетте өтірік мәліметке үйреніп алғаны мұндай жақсы болар ма еді. Ойланбастан:
– Мен егінді қандай тереңдікте септі екен деп байқап жатқаным ғой, – дедім бетім бүлк етпестен. Бастығымның өзі ыңғайсызданып қалды. Содан кейінгі талай жиналыста:
– Молдақ, сен сияқты еңбекке шын берілген, жанкүйер агроном жоқ, – деп жүрді. Ара-тұра өтірік айтпасаң, күн көру қиын. Егер өтірікке икеміңіз жоқ болса, маған келіп, аузыңызға түкіртіп алыңыз.
Қазыхан ӘШЕ.
АЛМАТЫ.
Тікенек сөз
Балаңды аяғынан тұрғызғың келсе, мойныңнан түсір.
***
Өмірді қартайғанша ата-анаң бағып,
қартайған соң балаларың бағатындай өткіз.
***
Түйеқұсқа жүк
артамын десе, құспын депті, ұш десе, түйемін деген екен.
***
Досыңа ренжісең, «үй сал» деп қарға.
***
Жеміссіз ағаштың бойы ұзын.
Ақбөрі ҚЫДЫР.
АЛМАТЫ.
«Бері әкелші құрып кеткірді...»
Даладан ентелей кірген полицей Декл сымдай тартылып, баянат берді.
Бастығы орнынан сүйретіле тұрып, онысын құлықсыз тыңдады.
– Әдепсіз күнтізбе, басеке. Жүз жиырма данасын қолға түсірдік, – дегенде Деклдің жүзіндегі ресми нышан жайылып жүре берді де өзі тау қопарғандай болып мырс ете қалып, сөзін жалғады: – Барып тұрған көргенсіздік, вахкомендант мырза, ар-ұяттан безгендік! Жүрек айнытарлық суреттер болғанда, тіпті, атамаңыз!
Соны айтты да қағаз қапшықты үстелдің үстіне қойды. Бастықтың ұйқысы шайдай ашылды.
– Бері әкелші құрып кеткірді!
Полицей қапшықтың аузын ашып, біреуін бастығына ұсынды. Сол-ақ екен, қол астындағы қызметкерлер де анталай келіп, бастықты қоршап алсын.
– Керемет! – деді біреуі мұқабадағы суретке қарап. – Бөксе деп осыны айт!
– Міне, көрдіңдер ме, – деп түсін суытты Алеш, – жастардың көретіні ылғи осы, тіпті мектеп жасына жетпегендерінің де. Бірақ сол арада-ақ оның үні жұмсарып сала берді. – Өй, деген-ай, әне біреуі... Көзін қарашы! Әрі өзі тырдай жалаңаш!
– Тұра тұр, бұдан да сорақысын көресің, – деп жатыр Декл.
– Мынау да кем соқпайды...
– Құр босқа дауласпаңыз, достым, әне бір қатар жатқан сурет одан да керемет. Қатын деп соны айт, бөксесінің өзі неге тұрады... Шіркін, жатыс қандай, шалжиуын көрмейсің бе төсекте! Әй, оңбағандар-ай, қандай-қандай суреттерді жасайды!
– Бастық жолдас, сіз суреттің астындағы өлеңді оқып көріңізші. Тіпті де жаман емес.
– Жатық жазылған екен, астарлы мәнін айтсаңшы! Осы сияқты бәле-бәтірді жазып, баспасөзге беретін неғылған ұятсыздар десеңші! Балалар мектепке бара жатып, жолай дүкеннен осындай күнтізбені көреді-ау! Не деп атаушы еді құрып кеткірді?
– Порнография дейді, бастық мырза, – деп Павелка қолға қона кетті.
– Сұмдық екен... Бірақ, қалай керемет салынған! –деді полицей Мика. – Мәселен, мына ішкиім...
– Астындағы жазуы қандай: «Ішкиіммен ұнаймын ба, сүйіктім, әлде онсыз-ақ көңіліңе биікпін?» – дейді-ей!
– Онсыз-ақ дұрыс қой. Қалай ойлайсыңдар? – деді бастық қызметкерлеріне қуақылана қарап. – Ұялмағырлардың ойлап таппайтыны жоқ!
– Назарыңызды соңғы беттің алдындағысына салыңызшы, вахкомендант мырза... міне, мына жерде... шомылып жатқан балерина. Ойдай, тыржалаңаш, ал қызметші әйел оған сүлгі беріп тұр...
– Тамаша... Ім-ия. Мұндай дүниелерді аяусыз тәркілеу керек дейтінім осы ғой. Мен білсем, барлық дүкендерді сүзіп шықса, осындай тағы бірдеңелер табылып қалар. Беу, шіркін, комиссарымыз Пероутка ертең қалай қуанар екен десеңші.
Ярослав ГАШЕК.
Орысшадан тәржімалаған
Бекболат ӘДЕТ.
*Дәрігерлік тұшпара
Емханада:
– Дәрігер, мен түсімде сериал көре беремін.
– Мына дәріні бүгін ішіңіз, басылып қалады.
– Келесі аптаның соңында ішсем бола ма?
– Неге?
– Соңғы серияларын бір-ақ көре салайын дегенім ғой.
* * *
Бас дәрігер медбикеге:
– Сіздің бөлімдегі науқастар неліктен төрбұрыштандырылған көмір мен аспиринді шамадан тыс көп пайдаланатындықтарын анықтадыңыз ба?
– Иә, олар ол дәрілермен дойбы ойнайды екен.
* * *
Бірде мал дәрігері ауруханаға түсіп қалыпты. Дәрігер одан сұрайды:
– Қай жеріңіз ауырады?
– Сен көп сөзді қой да, мені емде, мен малды емдегенде одан «қай жерің ауырады?» деп сұрамаймын.
– Онда, медбике, науқастың аяғын йодпен сылағын. Егер көмектеспесе, кесіп тастай салармыз.
***
Дәрігер полицияға телефон соғады.
– Мен өкпесі ауырған науқасқа жылы киініп жүр деп едім...
– Оған біздің қандай қатысымыз бар?
– Сол науқас менің тонымды киіп кетіпті...
Қайран, кеңес заманы-ай!..
Бес жыл бірге білім алған екі курстас кең кафеде кеңкілдесіп отыр.
– Қарашы ана табанда тапталып жатқан бір мен екі тиындықтарды... Обал-ақ!
– Кеңес кезінде, екеуіміздің студенттік шағымыз өткен социализм заманында нанның қоқымы да бұл құсап жатпаушы еді емес пе?
– Далада да шашылып жатқан сол «бір мен екілік».
– Пәлекеттің, бір мен екі тиынның құны қазір көк тиын.
– Ол емес, бүтін бес не он тиыныңды ұсынып ала қояр зат жоқ.
– Е, қайран кеңес заманы, сол кезде бір тиынға бір қорап шырпы алушы едік.
– Екі тиынмен телефонмен сөйлеспеуші ме едік.
– Үштікпен сироп қосылған салқын су сіміруші едік.
– Бес тиынға қос уыс шемішке алып шағатынбыз.
– Бала біткеннің балмұздағы, оның шоколад қосылғанының өзі 22-ақ тиын тұрмаушы ма еді.
–Жиырма екіге көбігі көлкіген кружкі сыра алып сімірмеуші ме едік.
– Ал 56 тиын 1 доллар тұрыпты.
– Ойпыр-ай, сонда мың долларың?..
– 2.87, 3.62, 4.12 дегендер есіңде ме?
– Есімде емей, ол жарықтық арақтардың құны ғой.
– Әрідегісін айтсақ, сол кездің «тұлымды тұлпары» «Москвич» көлігінің құны 5 мың сом еді-ау.
– Одан мықтысы «Волга» емес пе еді...
– Бәке, сәл-пәл отырыппыз, есеп айырысу қағазы да келіпті...
– Қанша дейді?
– Он бес мың теңге.
– Алғанымыз шиша арақ, бір-бірден шашлық... Е, сол кездегі социализм «сәйгүлігі» «Волга» жарықтықтың құны да он бес мың сом еді-ау... Қайтейік, келмеске кеткен кеңес заманы-ай десеңші!
Ерсұлтан МАҒЖАН.
ТАЛДЫҚОРҒАН.
Мүйісті жүргізетін
Берік САДЫР