Руханият • 07 Ақпан, 2025

Қалам қуаты

2318 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шынында да, бодан елдің баласының басында қандай бақыт бар деп ойлауыңыз мүмкін ғой. Ал асылында мүмкін еместің көбі тығырыққа тіреліп, бәрі бітуге айналғанда барып үміт сәулесінің шеті көріне бастайтынын өмірлік мысалдар айғақтайды. Бұл туралы тамаша тәмсілдер Пауло Коэлоның «Алхимик» романында да әдемі суреттеледі. Қой бағып, қиялы қай жерден қоңырау қақса, сонда жүгірген бақташы баланың өмірі барлық мүмкіндік түгесілген жерден басталушы еді ғой және құлап қайта тұрулар қайталанып отырады. Атақты туын­дымен қатар, Нобель сыйлығын еншілеген бірнеше романды қазақ тіліне тәржімалаған қаламгер-аудармашы Марал Хасеннің шығармашылық еңбегі мен телегей білімі туралы қазір әңгімелей алатын екі қазақ болса, соның бірі – әріптес ағамыз, белгілі журналист Жомарт Оспан екенін айтқымыз келеді.

Қалам қуаты

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әр елден шыққан 14 но­бе­лиант­тың шығармала­рын аудар­ған анау кісі әке­сіндей, бұл баласындай аға­лы-інілі екеу кезінде тоқ­саныншы жылдардың басында Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті редакциясында бірге қыз­мет істейді.

Нағыз таңдаулы дегенде­рін ірік­­теп текшелегенде, жеке кітапха­­­насына 5 мың­ға жуық кі­тап жиған Марал Хасен қа­лай көп оқыса, осы кісілердің өкше­сін бас­­қан Жөкеңдер де аз оқы­ма­ға­ны сөзінен-ақ байқалады. Мек­­тепті Жаңаарқаның Қара­аға­­шы­нан бітіріп, Қара­ған­ды универ­ситетінде фило­логия факульте­тін тәмам­дағаны­нан емес, бұл да жур­налис­тің жаратылысы мен таным-түйсігінен деп білген жөн. Әйтпесе, дүние­нің кітабын оқып-та­уыс­қан Маралдың қа­сын­да кім жүрмеді, журналист болып газетке ақпарат, ре­портаж жазуды кім біл­меді? Жомарт Оспан­­ның «Ақыл­байдың әні» ат­ты эссесі аудармашының қа­рым-қабылеті мен таным-бі­лі­гін жіліктеп жазған, ма­­рал­­тану­ға қосылған ай­ту­­лы дүние. Ел мен жер, өл­кетану­ға қатыс­ты жеке­ле­ген еңбек­тері тарау-тарау, қат­пар-қат­пар қазақ тарихы­ның қал­та­рыстары­нан сыр шертетін сүбелі деректер­дің қаттамасы. Анау Алтай­дың Топқайы­ңын­да туған Қалиханды, те­ріс­кей­дегі Созақта сазға елі­тіп өс­кен Тәкенді ол заман­да оқы­ма­ған жан ілуде біреу шығар. Осы қаламгерлер­дің шоқ­тық­ты шығармаларына қоса, эсселері мен мақалала­рын түп­теп, шұқшиғанын былай қой­ған­да, Жөкең екі жазушының ара­сын­дағы емін-еркін қарым-қаты­нас­­ты, еркетотай сөздерін ежік­теп беретінін аузы­нан естігеніміз­бен, бұл жерде мысал келтіре алмасы­мыз өкі­нішті. Классиктердің шы­­ғар­ма­ларын жіліктеп, әде­биет­тің айналасындағы әзіл-оспақтар­ды бүге-шігесіне дейін білген өз алдына, бар­ған-жүрген жерінде сү­йік­ті авторы туралы дерек жинап, оны жазып жариялау да жур­налистің әбжілдігі. ­Иә, жазушы Қалихан нағашы­сы Ысқақтың қолында өс­кенін Жомарт Оспанның жол­­­жаз­басынан біліп, «Тұ­йық» рома­нындағы отын мен шөп­ке баратын өгей ба­ла­ның өмі­ріне аздап жа­­қын­да­ғандай болғанбыз кезінде.

Өткен жылдары өзіміз­ше Тахауи Ахтановтың «Күй аңы­зы» әңгімесі тура­лы қалам тербеп, соңы­нан Есен­ғали Раушанов­­тың «Та­хауи Ахтанов қазасы­на» де­ген өлеңін келтірген бол­ған­быз. Жұ­мыс ара­сында кездескен Жомарт аға Тахауи шығармашылығы, қара сөзі­нің қуаты туралы біраз әңгі­меледі. Соңынан классик ха­қын­дағы Есен­ғали жыры­на тоқ­талды. Мақаламда көп-көрім жетістікке жеттім бе десем, бұл кісі әлгі жырдың төрт ауы­зын талдап, тіпті бір шумақ пен келесі ауызын қиыс­тырғандағы автордың ше­берлігі, сөзге сөздің жары­ғын түсіріп, ойды құбылтуы хақында енді бір мақалаға жүк әңгіменің тиегін ағы­тып бергенде, аузымды ашып қалдым. Адам осылай байып, дамыса керек.

«Қаламы жүйрік жазар­ман ре­тінде бұл бауырым жеке ба­сын ғана емес, бар­ша­мызды толғанды­рып, алаң­­­датқан қоғамдағы не­бір өзекті, түйткілді жайттарды зер­делеп, баспасөзде проб­лема ретінде көтеріп келе жатқан азамат. Ол ауыр болса да, журналис­тік кә­сіпті таңдады. Көсіле жаз­­ды. Осының нәтижесінде жа­­сырақ кезінде көсемсөзге көр­кемдік енгізуге тырыс­ты. Өмірдегі түрлі құбы­лыс­тарды, оқиғаларды туында­татын адам атты күрделі жа­ратындыны оқыған әдеби шы­­ғармалары арқылы, өмі­рі мен қа­лам қуаты арқылы егжей-тегжей­лі сараптауға ұмтылды. Тарихи елді мекен Нілді (Өспен), Қызылтау – Ортау өңірі, Ақтүбек, т.б. аймақтарға ар­нал­ған кітап­тары өлкетану сала­сы­на ұласса, Нұра ауда­ны­ның энциклопедиясы және тұлғалық «Қаз дауысты Қазыбек», «Бұқар жырау», «Сәкен Сейфуллин», «Әбіл­қас Сағынов» энциклопе­дияла­рын әзірлеп жарыққа шыға­ру сияқты игілікті һәм күрде­лі істі жүзеге асы­ру­шылар­дың бел ортасында болғанын жұртшылық жақсы біледі. Журналиске тән этика, білік, алғырлық үздіксіз ізденіс­пен келген шеберлік Жо­март­қа өз жаз­баларындағы өзек­ті мәсе­лелерді танымдық си­пат­пен қатар, ғылыми дәлдікпен дәйек­теуге тамаша мүмкіндік берді деуге негіз бар», дейді филология ғылымдарының докторы, про­фессор Мәуен Хамзин.

«Мен Жомартты студент кезі­нен білемін. Өткен ға­сырдың 80-жыл­дары со­ңын­да Е.Бөке­тов атын­дағы Қараған­ды мемлекет­тік уни­верситеті­нің филоло­гия фа­культетін­де оқып жүр­ген кезінде-ақ журналисти­ка­ға ден қо­йып, мерзімді басы­­лымдарда ба­лауса өлең-жыр­лары, мақа­лалары жа­рық көре баста­ды.

...1990 жылғы тамыз айы­ның бел ортасында облыс­тық «Қарағанды жастары» газетінде істеп жүрген Жо­март талантты сазгер, атақ­ты әнші Виктор Цой туралы материалды орысшадан аударып, жа­риялады. Газет­тің сол саны шық­қан күні бүкіл Кеңес одағы жас­тарының жүрегін әндерімен жау­лаған Виктор Цойдың кө­лік апатынан қайғылы жағ­дайда қайтыс болғаны туралы естідік. «Апыр-ай, мұндай да сәйкестік бола береді екен-ау! Мен тура бір осылай боларын білгендей дайындаған екен­мін ғой мына материалды» деп, бұған біздің нәзік жан­ды Жомартымыз әрі таңыр­қа­ды, әрі қатты күйзелді...

Арқа аймағының өлке­­тану шежіресін жазуда қа­лам­гер Жомарт Оспанның атқа­рып жүр­ген ерен еңбегі ерекше. Белгілі өлке­тану­шы Ібірахым Ісләмұлы ­мар­құм екеуі қалам қуатын сәтімен қоса отырып, өлке шежіре­сін түзіп, көлемді кітаптар ұсынды.

2009 жылдың жазында «Қасиетті мекен Қараағаш» кіта­бы­ның тұсаукесер рәсі­міне қазір­гі Ұлытау облысына қарасты Жаңа­арқа ауда­нының Қараағаш ­ауы­лы­­на арнайы бардық. Жомарт­тың туған жері. Сол өлке ше­жіресін алақанға сал­ған­дай бейнелеп берген кө­­лемді кітап үшін ауыл адам­­д­арының қуанышында шек болмады. Ел аузында «жақ­сы­лар­дың соңы – Тел­қозы­ның Шоңы» аталған Шоңкең шыққан бұл жер­дің екін­ші аты Шоңның Қараағашы. Әріде Серік Қира­баев, бері­де аудармашы Кенже­бай ­Ахмет туған ауылдың тағы бір ұлы осы Жомарт екенін мен сол сапарда түйіп қайтып едім. Халық Жомартты төбесі­не тұтты, ал елдің ықыласы ­мен ілтипатынан артық ­не бар өмірде? Әр азамат туған ме­кені мен аймағына осы­лай қыз­мет етсе, гүлдене тү­сері анық. Біз бір кездегі ба­лаң жігіт Жомарттың бүгін­де республикалық «Egemen Qazaqstan» газе­тінде қызмет етіп жүр­ген ардақты азамат­қа айнал­ғанына сүйсіне­міз», дей­ді Журналистер ода­ғы­­­ның мүшесі, журналист Төлеу­бай Ермекбаев ағасы.

Дүниеде екінің бірі қа­лап, яки сатып ала алмай­тын ел­дің ұлы дейтін ақ адал атақ бар. Басыңды бұлт шал­са, көз алдың қарауытса жо­лыңа жарығын жағатын асыл мұрат та сол. «Қазақ бата­лы ер арымас» деп мұны бір-ақ ауыз сөзге сыйды­ра­ды. Әуелі халыққа қыз­мет етіп құл болсаң ғана, еліңе ке­йін ұл болып жарыта­сың. Демек ақберен журналис­тің еңбегі де ақ адал. Ұзағы­нан сүйіндірсін!