Өндіріс • 07 Ақпан, 2025

Полиэтилен құбыр цехы іске қосылды

122 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр күзде іске қосылған «УКа Трубтех» ЖШС-ға қарасты кәсіп­орында электр желі­леріне арналған құбыр шыға­ра­тын тағы бір цех жұ­мысын бастады. Мұн­да диаметріне қарай күніне 3,5 шақырымға де­йін электр құбырын өндіреді.

Полиэтилен құбыр цехы іске қосылды

Суретті түсірген – автор

Әуелде аталған өндіріс оша­ғын­­­да су мен жылу құбы­ры ғана шығарылады деп жоспар­лан­ған. Алайда алғашқы қадам­дар сәтті болған соң ба, басшы­лық өнім түрін көбейтуді көзде­ген. Сөйтіп, қосымша цехта электр энер­гиясының кабельдік жүйе­сін қорғауға бағытталған үш қабат­ты құбырлар өндіріле баста­ды. Цехтың іші тап-таза. Әр жұ­мыс­шы өзіне жүктелген аппарат­тың құ­лағында тұр. Бірі тү­йір­шікті ши­кізатты құрыл­ғыға қарай өткізсе, енді бірі қызыл­ды-жасылды түймелерді басып, әлденені реттеп отыр. Ең со­ңын­дағы жұмысшылар құбыр­дың диаметрін өлшеп, тысқа жөнелтеді. Сырт жақта қаз-қатар жиналған құбырларда қисап жоқ. Ертең-ақ сатылып кетеді дейді мамандар.

– Диаметрі 400 миллиметр­ге дейін жететін құбырлар жасаймыз. Тәулігіне шамамен 3,5 мың метр су құбырын өндіруге қауқарымыз жетеді. Энерге­тика саласына қажетті құбырлары­мыздың басты артықшылығы – олар отқа және соққыға төзім­ді материалдардан жасалады. Яғни мұндай құбыр жанбайды, сынбай­ды. Полиэтилен құбыр­дың сыртқы қабаты түрлі физи­калық әсерге, жоғары қысымға төтеп бере­тіндей етіп жасалған. Жал­­пы, күніне осындай құбыр­дың 1 100 метрін шығара аламыз, – дей­ді кәсіпорын бас директоры­ның орынбасары Тұрсынбек Мұсаханов.

пр

Зауыт Шығыс Қазақстанды ғана емес, Абай облысы, Талды­қорған, Павлодар облыстарына да өнімдерін жеткізеді. Өндірісте заманауи технологиялар ғана қолданылатындықтан, өнім сапасы да жоғары. Қазір Шығыста бұл бағытта жұмыс істеп жатқан мұндай кәсіпорын жоқтың қасы. Тіпті республикада полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт саусақпен санарлық.

Жаңа кәсіпорыннан жылына шамамен 3 600 тонна өнім шығарылады. Болашақта бұл көрсеткішті бес мың­ға жеткізу жоспарланған.

– Облысымызды құбыр жү­йесі­мен толықтай қамтуға шамамыз жетеді. Алдағы уақытта респуб­ли­камыздың өзге өңірлеріне де шығуды ойластырамыз. Ол үшін өндіріс көлемін ұлғайту қажет. Келешекте қосымша цех ашып, жұмысшы санын арттырамыз, – дейді Тұрсынбек Мұсақанов.

Қазір полиэтилен құбыр зауы­тында 25 адам жұмыспен қамтылған. Олардың біразы – арнайы оқудан өтіп, құбыр жасаудың қыр-сырын меңгерген мамандар. Сұранысқа қарай құбыр көлемінің түр-түрін әзірлейді. Қазір шығып жатқан энергетикалық құбырдың беріктігі сондай, экскаватордың күрегі тиіп кетсе де бүлінбейді екен. Ішкі қабаты өртке қарсы. Сондай-ақ газ бен су жүйесі үшін жасалып жатқан құбырлар да өте берік. Соған қарамастан ел бойынша нарықтағы бағаны төмен ұстап отыр. Баға демекші, зауыт толық инвестициялық негізде ашылды. Кәсіпкер азаматтар қаланың қиыр шетінде тұрған бос ғимараттарды сатып алып, зауытқа айналдырған.

– Үш ауысыммен жұмыс істейміз. Цехта тыным жоқ. Сұ­раныс артып жатса, бұл аумаққа тағы зауыт саламыз, – дейді Тұрсынбек Мұсақанов.

 

Шығыс Қазақстан облысы