Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» – 100 нақты қадам Ұлт жоспарын іске асыру тұрғысында этномәдени бірлестіктердің қызметі туралы» тақырыбында брифинг өтті.
Шараға ҚХА Кеңесінің мүшелері, атап айтсақ, Қазақстан немістерінің «Возрождение» қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Дедерер, Қазақстан түріктерінің «Ахыска» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зиятдин Касанов, Астана қаласындағы «Злата» болгар этномәдени бірлестігінің төрайымы Ольга Андриевская, «Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Князь Мирзоев, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаи қатысты.
Жиын барысында «Баршаға ортақ қазіргі заманғы мемлекет» – 100 нақты қадам Ұлт жоспарын іске асыру мән-мәтінінде этномәдени бірлестіктердің қызметі туралы» баяндалып, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының аралық қорытындылары туралы, ҚХА жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алда болатын мәжілісі туралы айтылды. 20 жыл ішінде Ассамблея Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастыруда беделді буынға айналғаны атап көрсетілді.
Бүгінде республикада 960-тан астам этномәдени бірлестік бар, соның ішінде 29-ы – республикалық этномәдени бірлестік екен. 11 Достық үйі, Алматыда республикалық Достық үйі жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін Ақтау, Қызылорда, Орал қалаларында Достық үйлері ашылатын болады.
Ассамблеяның бастамасымен облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейлерде, сондай-ақ, ірі кәсіпорындардың ұжымдарында Қоғамдық келісім кеңестері мен отбасында толеранттылықты тәрбиелеу мәселелері жөніндегі Аналар кеңестері құрылды. Қоғамдық келісім кеңестерінің саны – 1470, отбасында толеранттылықты тәрбиелеу мәселелері жөніндегі Аналар кеңестерінің саны – 163-ке жетті. 14 жоғары оқу орнында Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы ашылды.
Парламент Мәжілісінде де ҚХА-ның депутаттық тобы жұмыс істейді. V шақырылымдағы ҚХА депутаттық тобы осыған дейін 38 отырыс өткізіп, 6 заң жобасына бастамашылық жасады. 151 депутаттық сауал жария етілсе, олардың 317-сі бірлескен депутаттық сауалдар. Азаматтардың 1511 жазбаша өтініштерін қарады. ҚХА-ның депутаттық тобы 472 елді мекенге барып, халықпен 1199 кездесу өткізді, 1422 адамды жеке қабылдады.
ҚХА жылы аясында түрлі бағыттағы іс-шаралар, оның ішінде «ҚХА – 20 ізгі іс» акциясы жыл соңына дейін жалғасады.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист.
АСТАНА.