Пікір • 07 Ақпан, 2025

Ең алдымен өзгеріс санада болуы қажет

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскелі елде халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірқатар саяси-экономикалық реформа іске асырылды. Мемлекеттік басқару, азаматтық бақылауды күшейту, сот жұмысында ашықтықты қамтамасыз ету секілді бас­тамалар көптің көкейіндегісін дөп басты деуге болады.

Ең алдымен өзгеріс санада болуы қажет

Фото: parlam.kz

Алайда кейінгі жаңа жағдайдағы Қазақстанның саяси реформаларының даму динамикасында тежеу бар. Өйткені кез келген реформаны бір Жарлықтың не Заңның күшімен қоғам санасына сіңіру мүмкін емес. Ең алдымен, санада реформа болу қажет. Ал біздің санамыз 30 жыл бойы стагнацияда болды. Енді келіп жаңа реформалық шешімдер қабылданып, бірден өзгеріс бола қалатын, қоғамдық сана ол – машина емес. Кей өзгерістерге расымен халық дайын болмады. Формациядан өтпедік. Бізде билік пен қоғамның арасындағы қарым-қатынастардың өзіндік бір заңды ережелері қалыптаспады. Сондықтан реформаларды, өзгерістер енгізген кезде биліктің тарапынан да, қоғам тарапынан да қарым-қатынастардың, былайша айтқанда баланс беру әрекеттерінде дайындық болмай шықты. Қазір бұл біртіндеп қалыптасып келе жатыр.

Елдегі өзгерістерге, неше түрлі саяси реформаларға, тіпті демократияға сыртқы факторлар да өз әсерін тигізеді. Мәселен, республика көлеміндегі кей сала­дағы кідіріс әлемде бұрын-соңды бол­маған аса күрделі геосаяси ахуал­дың ықпалынан болып отыр. Осындай тетіктерді тізбектесек, бізде жаһан жұртымен санасатын жағ­дайлар көп екенін ескеруіміз қажет.

Одан кейін реформалардың даму динамикасындағы тежеу халықтың әл-ауқатына тікелей байланысты. Қандай да бір заңды енгізіп, құжат ел тұрғын­дарының тұрмыстық әлеуетіне кері әсерін тигізіп отырса, бұл тиімді реформа деп айта алмаймыз. Сондықтан Президенттік бастамалардың уақтылы нәтиже көрсетпеуі, өзгерістер болмауы экономикалық тетіктерге де байланысты.

Сайып келгенде, саяси жүйедегі сеңнің қозғалуы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсарып, өзіндік қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына да байланысты.

 

Ермұрат БАПИ,

Мәжіліс депутаты 

Соңғы жаңалықтар