Еңбек • 08 Ақпан, 2025

Еңсені биіктеткен еңбек жобасы

243 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еңбек нарығында біліктілігі бар, тәжірибесі мол жұмысшы мамандарға әр кез сұраныс болады. Ірілі-ұсақты зауыттар, әлбетте, жұмыс күшінсіз іс тындыра алмайды. Осыған қарамастан жұмысшы мамандығын оқыса да жұмыс таппай жүргендер көп. Еңбек нарығында біліктілігі бар, тәжірибесі мол жұмысшы мамандарға әр кез сұраныс болады. Ірілі-ұсақты зауыттар, әлбетте, жұмыс күшінсіз іс тындыра алмайды. Осыған қарамастан жұмысшы мамандығын оқыса да жұмыс таппай жүргендер көп.

Еңсені биіктеткен еңбек жобасы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Еңбек нарығындағы ахуал­ға назар аударсақ, жұмыс іздеп жүр­ген жастар аз емес, жұмыс­шыға зәру өнеркәсіптер де баршылық. Қиыны, жұмыс іздеп жүрген жас­тардың көбінде ең­бек өтілі бола бермейді. Шағын ком­пания­лардың ұсынатын аз жа­лақысына көпшіліктің барғысы жоқ. Ірі кәсіпорындар тәуір жалақы төлеген соң, бірден білікті маманға көз сүзеді. Ең­бек на­рығында жұмыс­тың ауыр-жеңі­лін талғамай­тын құ­рыш бі­лектілер ше? Олар­дың жұмыс­қа ынта-жігері, қабі­леті бол­ғанымен, ресми түрде жұ­мыс­қа кіру үшін білікті­лігін рас­тайтын құжат таппай қипақ­тайды.

Жұмыс берушілердің көбі жұмыс­шы мамандығын жаңа оқып бітірген оқыған, тәжірибесі болмаса да дипломы бар түлек­терден еңбек өтілін талап етеді. Осындай қарама-қайшылықтың салдары білсем, көрсем, үйренсем, еңбектенсем деген ынталы ­жастарды тұйыққа тірейді.

Осы олқылықтың орнын толтыру мақ­­сатында мемлекет жұмысшы мен жұ­мыс берушінің ортасында дәнекер болатын «Enbek.kz» электронды еңбек биржасын әзірледі. Бүгінде платформаның қате-кем тұстары толығып, ел үкіметінің қолдауымен еңбек өтілі, біліктілігі жоқ жастарға арналған бағдарламаның небір түрі пайда болды.

Әуелі порталда кәсіптік бағдардан өтіп, қай салаға қабілет-қарымың жететінін білу қиын емес. Одан соң дағдыларды дамытатын онлайн курстарды оқуға болады. Жұмыспен қамту жөніндегі қызметтер де қолжетімді. Статистикаға үңілсек, осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып жатқан отандастарымыз көп. Мысалы, былтыр жыл қорытындысы бойынша жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесудің белсенді ша­раларына 683,7 мың адам қатысып, 546,9 мың адам жұмыспен қамтылса, 358,8 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Субсидияланатын жұмыс орындарына 188,2 мың адам барған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 15,5 мың адам, Жастар практикасына 33,3 мың адам, қоғамдық жұмыстарға 110 мың адам тартылған. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы 9,6 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен 420 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 19,2 мың адам жұмыспен қамтылған.

Жұмысқа ынта-жігері болғанымен, дағдысы жоқ азаматтарға да мүмкіндік қарастырылған. Мысалы, былтыр еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларға онлайн оқытумен 57,7 мың жұмыссыз қамтылған. Оның ішінде 52,4 мыңы оқуды аяқтаған. Осыған қоса, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 60,3 мың адам қамтылған. 37,8 мың адам оқуды аяқтап, қолына сертификатын алған. Қызмет саласын таңдау мақсатында 214,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті. Сол секілді жаңа бизнес-бастамаларды іске асыруға ықпал ету мақсатында былтыр халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі мөлшерде, яғни 1 476 800 теңге көлемінде 8 941 грант берілген.

Жуырда «Career Enbek» сайтында жұ­­мыссыз азаматтардан кәсіптік білік­ті­лігін тану үшін ваучерлер алуға өті­нім қабылдау басталды. Бұл бастама аза­мат­тарды жұмыспен қамтуға жәрдем­де­суге, кәсіби дамуын қолдауға, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған. Түскен өтінім­дерді өңдеуден бөлек, консультациялық қолдау жұмыстарын еңбек мобильді­лігі орталықтары үйлес­тіреді. Мұнда бір рет­тік ваучер – кәсіби біліктілікті тану рәсімінен өту­ге, азаматтың тиісті дағ­дылары мен тәжі­рибесінің болуын рас­тауға мүмкіндік береді. Яғни осы ар­қылы жұмыссыз азаматтар дағдысын, біліктілігін қағаз жүзінде де растай ала­ды. Ваучерлерді кәсіптік біліктілік­ті тану орталықтары қабылдайды. Жұ­мыс­сыз тұлғалар мұндай рәсімдердің бар­лығынан тегін өтеді. Есесіне, кейін жұ­мысқа орналасуы жеңілдейді. Ваучер алу үшін бірінші кезекте азаматтың ресми «Жұмыссыз» мәртебесі болуы шарт. Содан соң «Career Enbek» платформа­сын­да тіркеліп, жеке кабинет арқылы онлайн өтініш берсе жеткілікті. Құлаққа­ғыс ретінде айтар болсақ, осы мүмкін­дік­ті пайдаланғысы келетін ел азаматтарынан өтінімдер биыл 15 қазанға дейін қабылданады.

Былтыр «Skills Enbek» платформасында 108 мыңға жуық азамат оқыпты. Оның ішінде 52,4 мыңға жуық жұмыссыз азамат «Skills Enbek» кәсіптік оқыту платформасында курстардан өткені туралы сертификат алған. Мұнда барлығы 498,7 мың адам тіркелсе, оның 135 мыңы былтыр тіркелген. «Skills Enbek» іске қосыл­ған сәттен бастап күні бүгінге дейін автор­лар түрлі бағытта 849 курс жарияла­ған. Оқудан өткен азаматтардың қата­рын Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан облыс­тары мен Шымкент қаласының жас­тары бастап тұр. Ең танымал курстар­дың қатарында «Қонақ үйде сату бөлі­мін құру», «Пішу және тігу», «Сатушы», «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе», «Кассир» тұр. Ұтымдысы, платформа үш тілде қолжетімді. Мұнда жұмыссыздардың, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің, мүгедектігі бар адамдарды алып жүретін жеке көмекшілер­дің біліктілігін арттыруға жағдай жасал­ған. Сондай-ақ жуырда сертификатты жүк­теу кезінде оған жаңа міндеттер қосыл­ған. Бұдан былай дағдылар бойынша оқы­ған азаматқа электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс ұсынылады.

Былтыр «Бастау Бизнес» жобасы шең­берінде кәсіпкерлік негіздері бо­йынша 35,3 мың адам оқуды аяқтап, біліктілігін растайтын сертификат алса, оның ішінде 39,8%-ы жастар екен. Жеке кәсіп ашып, жұмы­сын дөңгелетуді жоспарлап жүр­ген ел азаматтарына осы курс қажетті база­лық білім мен дағдылар үйренуге көмек­те­седі. Сол секілді былтыр «Күміс жас» жо­басы аясында 50 жастан асқан азамат­тар ауыл шаруашылығы, қаржы, білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету, марке­тинг және туризм, ақпараттық техноло­гия­лар бағыттары бойынша тегін курстар­­дан өткен. Жобаға 27 мыңнан астам қатысу­шы тіркелсе, оның 23,4 мыңы оқуын сәтті аяқтаған.

Жалпы, еңбек өтілі жоқ азаматтардың жұмыс табуына мүмкіндік жеткілікті. Бір ғана электронды еңбек биржасының өзінде қай салаға қызығатыныңды біліп, дағдыны жетілдіретін онлайн оқудан өткен соң, бос жұмыс орындарын қарастыра аласың. Шағын кәсіп ашуды көздеген жастарға гранттар бар. Айта берсек, жұмыссыз жүрген жастарға платформадан тыс та жеңілдіктер қарастырылған. Сондықтан бір бағдарламаға ілікпей қалған жас, жасымай, екінші, үшінші мүмкіндіктің бірін тиімді пайдаланса әбден болады.