
Сурет: caravan.kz
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрағасы Мәдина Әбілқасымова банктер Ұлттық қордан көмек ретінде алған қаржының 400 млрд теңгесін қайтарғанын хабарлады. Сарапшыларға сенсек, 700 млрд теңге көлеміндегі қарыз – мәселенің бергі жағы ғана. ҚНРДА былтыр 5 банктің («Центр КредитБанкі», «Еуразиялық банк», «Bank RBK», «Jusan Bank» және «Nurbank») балансында 1 487,4 млрд теңге (1 трлн 487 млрд 400 млн) мөлшерінде мемлекеттік көмек бар екенін айтқан.
Сарапшылардың айтуынша, мемлекет алғашқыда банк мәселесіне барынша жұмсақ саясат қолданды, нәтиже шықпады. Ұлттық қор қаражатынан мемлекеттік қолдау алған банктерге дивиденд төлеуге шектеу қою мәселесі көтерілгенде «Halyk Bank» 250 млрд теңге мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын толық қайтарды. Халықаралық тәжірибеде мойнында мемлекеттен алған қарызы бар қаржы институтының құрылтайшыларға дивиденд беруге құқы жоқ. Тізеге басып талап қойған соң барып қайтарды, әрине. Әйтпесе, сол «Halyk Bank» басшысының 2023 жылы өткен қаржыгерлер форумында «Үкіметтің бөлген демеу қаржысы инфляцияға жұтылып кетті, бұл мәселені қайта-қайта көтерудің қисыны жоқ» дегенін қалай ұмытайық.
Қаржыгер, экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, пруденциалдық нормалар мен тұрақтылығын сақтау үшін банктерде жеткілікті капитал болуы қажет.
«Капитал қоры аз болса, банк өз функцияларын орындай алмайды. Мұндай жағдайда мекеме қайта қаржыландырылады немесе жабылады. 2009 жылы еліміздегі бірқатар банк тап осындай жағдайда тұрғандықтан, мемлекет Ұлттық қор есебінен көмек көрсетуге шешім қабылдаған. Банктердің қаржылық капиталын 2010 жылмен салыстыруға келмейді. Бірақ алда не күтіп тұрғанын білмейміз», дейді сарапшы.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі болған Ілияс Исаевтың айтуынша, бар мәселе Ұлттық банкке байланысты болып тұр.
«1990 жылы Ұлттық банк Мәжіліске бағынып, Үкіметке есеп беріп отыратын. Осы жылы Ұлттық банкке қатысты жаңа заң қабылданды. Оның 68-бабында «Қазақстан Ұлттық банкін тексеру Президенттің келісімімен немесе Президент тапсырмасымен ғана жүзеге асырылады» деп жазылды. Дамыған елдердің бас банктері ақша-несие саясатымен ғана емес, жұмыспен қамту, экономикалық өсімді қамтамасыз етумен де айналысады. Ал біздің Ұлттық банктің құзыреті тек инфляция, бағаны тұрақтандырумен шектеліп отыр. Банктер туралы жаңа заң қабылданбай, Ұлттық банктің өкілеттілігін көтермей, ЕДБ-ның қарызды қайтару үдерісі 2040 жылдарға дейін созылуы мүмкін. Олардың мемлекеттен алған қарызы заңмен нақтыланбаса, қайтарылу мүмкіндігі де қиындай береді», дейді І. Исаев.
2023–2024 жылдардағы жоғары базалық мөлшерлеме банктер үшін тиімді болды: 2024 жылы банктер салық төлегенге дейін 3 трлн теңге табыс тапты. Оның ішінде 451 млрд теңге КТС ретінде төленді. Бұл – кейінгі 15 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Сонда таза кіріс 2,2 трлн теңгеден асып тұр. Депозиттер базасы 13,3%-ға өсіп, 40 трлн теңгеге, кредиттік портфель 35 трлн теңгеге дейін өсті. Экономикаға тартылғаны – бар-жоғы шамамен 12 трлн теңге. Мемлекеттің демеу қаржысының да біраз бөлігін қайтармай отыр. Үкіметтің банктерге қарызды қайтаруды қайыра талап етуіне осы фактор себеп болғаны анық.
АЛМАТЫ