19 Маусым, 2015

Елорда дамуы – ел дамуы

606 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
18-06-01 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС-інде болды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Мұнда Мемлекет басшысына Астана қаласының 2030 жылға дейінгі бас жоспарына енгізілген түзетулер мен астаналық агломерация қалыптастыру жобасы жөнінде, сондай-ақ, елорданың жаңа көлік жүйесін құру барысы баяндалды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президентіне Орынбор көшесін, жаңа теміржол вокзалы ауданын салу тұжырымдамасы және «Нұрлы жол» бульварының екінші кезегінің жобасы туралы айтылды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа елордада құрылысы жоспарланған тағы бірқатар жобалар таныстырылды. БАҚ өкілдеріне арналған бри­фингте Мемлекет басшысы елор­даның құрылысы іс жүзінде 10 жыл ішінде жүзеге асқанын атап өтті. – Қалаға қажеттінің бәрі 2008 жылға дейін салынды, одан кейінгі кезеңде Астананың дамуы жеке инвесторлардың қатысуымен жалғасты. Қазіргі кезде жан басына шаққандағы ең көп инвестиция елордаға тиесілі. Астананың ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі жыл сайын өсіп келеді. Бүгінде елорда барша қазақстандықтардың мақтанышы саналады, қонақтарын тәнті етеді. Халқының саны 900 мың адамға жетті, бұрын мұны болжаудың өзі қиын болатын. Қала еліміздің шын мәніндегі әкімшілік, мәдени, іскерлік, білім және медицина орталығына айналды, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Аста­наны салу және абаттандыру жұ­мыс­тары жалғастырылатынын айтты. – Қандай кемшіліктер бар еке­нін, соның ішінде көліктер тұра­ғына қатысты мәселе туралы да білеміз, оның бәрі міндетті түрде шешіледі. Таяудағы мол жауын сусорғы кәріздеріне қатысты түйткілдердің бар екенін көрсетті. Онымен де жұмыс жүргізу қажет. Сонымен қатар, балабақшалар мен мектептер салу мәселесіне де назар аудару керек. Қаланың әрі қарай даму келешегі ЭКСПО-2017 аумағы мен оның айналасындағы көшелер құрылысын, Сулы-жасыл желекті бульварды абаттандыру, жаңа сая­бақтар, соның ішінде 100 гектар аумақта Ботаникалық бақ салу ­жос­парын қамтиды. Бұл жұмыстар­дың барлығы еліміздің тура орта­лы­ғын­да мүлде жаңа мегаполис­тің қалыптасуына негіз қалай­ды, ол барша қазақстандықтар­дың игілігіне қызмет ететін болады, – деді Мемлекет басшысы. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.