Тұлға • Бүгін, 10:32

Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты жарияланды

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұхтар Шаханов хәл үстінде жатқан сәтінен бастап жары Ханшайым Шаханова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған. Онда ақынның соңғы аманаты нақты айтылған. Бұл туралы журналист Назерке Шәкірбай әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп жазады Egemen.kz.

Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты жарияланды

Назерке Шәкірбай жазбасында Мұхтар Шахановтың соңғы аманатын орындауға көмек сұраған.

 «Өлгеннің артындағы тірінің парызы – оны арулап жер қойнына тапсыру. Мұхтар Шахановтың тірі кезіндегі соңғы аманаты – өз ата-бабасының мекені Отырарда, Арыстан баб кесенесінің маңына жерлеу еді. Бұл жай ғана тілек емес, елінің ары, намысы бола білген рухты ақынның халқына тілек аманаты.

Енді міне, бүгін Мұхтар Шаханов дүниеден өтті. Бір дәуір келмеске кетті. Тірісінде «Шындық биігінде жолығайық» деуден танбаған қайраткер ақынның соңғы аманатын орындау – бізге парыз.

Арыстанбаб кесенесінің маңында Өзбекәлі Жәнібеков жатқан қорым да бар. Мұхтар Шахановтың Өзбекәлінің қасына жерленетін жөні де жоқ емес. Өйткені Мұхтар Шаханов сол Өзбекәлі Жәнібековпен иықтас жүріп, ұлттық руханиятқа қызмет еткен тұлға. Олардың жолы бөлек болған жоқ. Оған дәлел ақын сөзін жазған «Арқалықтың ақ таңы» әні. Ән тарихы туралы «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабында да егжей-тегжейлі баяндалады. Торғай өңірінде жүріп, сол жақтың әнұранын жазуды Өзбекәлі Жәнібеков Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқовқа сеніп тапсырған. Сол сенімді Мұхтар Шаханов ақтады. Сондықтан оның Өзбекәлі атамыздың қасына жерленуі – қисынды да, жарасымды да шешім болмақ.

Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков қайтыс болғанда, ақын жарының бір ауыз сөзін жерде қалдырмай, оны ел басшысына жеткізіп, мәселені шешуге ықпал еткен Қырымбек Көшербаев болыпты. Бүгін сондай жауапкершілікті мойнына алатын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ақынның соңғы аманатын жеткізетін адам табыла ма?!

Бұл – бір отбасының, зиялы қауымның ғана мәселесі емес, тұтас бір қазақ деген ұлттың өз тұлғасына деген құрметінің көрінісі болмақ!», деген ол жазбасында.

хат

Оның айтуынша хат автордың рұқсатымен жарияланған. 15 сәуір 2026 ж. Е-Өтінішке тіркеліп, «ҚР Президент Әкімшілігіне» жолданған.

Еске салайық, бұған дейін қазақтың ақыны, жазушысы Мұхтар Шаханов жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатқанын жазған едік.

20 сәуірге қараған түні Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті. 

Соңғы жаңалықтар