
Фото: egemen.kz/ Ерлан Омар
Бұған дейін Президент төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚҚС-ны 12-ден 20 пайызға көтеру жоспарланып отырғаны айтылған. Алайда мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесуінде бұл мөлшердің тым жоғары екенін айтып, Үкіметке қайта пысықтауды тапсырған еді.
Серік Жұманғарин ҚҚС бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі екенін атап өтті. Мөлшерлемені арттыру және саралау бюджеттің құбылмалы мұнай кірістеріне тәуелділігін азайтып, Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейтуге және басым Мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беретініне тоқталды.
«Мөлшерлеме көп болған кезде бухгалтерлік есеп күрделене түседі, декларация жасау қиындайды. Бұған жол бермеу үшін біз 16%, 10%, 0% және салықтан босатуды ұсынамыз. Біз бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан босатуды жоспарлап отырмыз. Қазір шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді. 10% мөлшерлеме. Бұл мәселе қосымша талқылауды қажет етеді. Біз денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген мөлшерлемені ұсынамыз. Барлық қызмет түрлері бойынша ұсыныстарды жинаймыз, есептеп санаймыз және сіздермен бірге шешеміз», деді Ұлттық экономика министрі.
Қазір елдегі кәсіпорындардың 4 пайызы ғана ҚҚС төлейді. Министрдің сөзінше, кәсіпорындар салық төлемеу үшін бизнесін қолдан бөлшектейді.
«Сондықтан есепке қою шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылады. Бұл бизнес үшін тең жағдай жасайды, жалтару схемаларының алдын алады. Бұл мәселеде біз халықаралық тәжірибеге бағдарланып отырмыз», деді Серік Жұманғарин.
Ол экономикасы дамыған, дамушы елдердің басым көпшілігінде ҚҚС шегі жоқ екенін немесе төмен мөлшерде екенін де тілге тиек етті.