
Әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығына арналған қойылымды театрдың бас режиссері Алмат Шәріпов сахналаған.
«Шығарма қолыма түскен сәттен Дина анамыздың өмірі, шығармашылығы жайында зерттей бастадым. Күйшінің ұрпақтарымен хабарластым. Пьеса авторы Маржан Ершуовамен де тығыз байланыста болып, сахнаға лайықтап жөндеп алдық. Сахналық костюмдер сапалы тігілді, арнайы би қойылып, актерлер уақытылы жұмыс атқарды. Ұжымға алғысым шексіз», дейді Алмат Нұрланұлы.
А.Н.Островский атындағы орыс драма театрының сахнасында өткен премьераға қойылым авторы Маржан Ершу де қатысты. Ол шығарманың Дина күйшінің күреске толы өмір жолын, оның өнердегі орнын көрсетіп, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында жазылғанын айтты.
«Биыл біздің Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры өзінің XXXII театр маусымын қыркүйек айында ашты. Маусымды аша салысымен театр ұжымы екі ай ішінде төрт бірдей театр фестиваліне қатысып, республикалық гастрольдік сапарда болды. Биылғы 2025 жылға да бірнеше жаңа қойылым мен гастрольдік сапар жоспарда тұр. Өңіріміздегі өнердің қара шаңырағына айналған театр ғимараты күрделі жөндеуде тұрғанына қарамастан театр ұжымы көрерменге жаңа қойылым ұсынуын тоқтатқан емес», дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов.
Батыс Қазақстан облысы