Спорт • 12 Ақпан, 2025

Бұқаралық спортқа да бап қажет

363 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балаларға барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық денешынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуға тиіс. Бұл саламатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады», деген еді.

Бұқаралық спортқа да бап қажет

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекет басшысы осы пайымын былтыр ХХХІІІ Жазғы Олим­пиада ойындарының жүлде­герлерімен кездесуде сөйлеген сөзінде тағы бір мәлімдей келе, Үкіме­т­ке спорт саласында адал бәсе­ке­лестік орнатуды, сыбай­лас жемқорлықпен батыл күресуді, тамыр-таныстықтан және жоғары жетістіктерге жетуге кедергі келті­ретін басқа да факторлардан арылу­ды, соның ішінде қоғамда сын­ға алынып жүрген шетелдер­ден легионер-спорт­шыларды шақыру практикасы­нан бас тартуды, ал проблема туындаған спорт түрлеріне мықты шетел жаттық­тырушыларын тарту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Президент өткен жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында да өзінің бұ­қаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырғанына тоқтала келіп, спорт саласындағы заңнаманы жаңартатын кез келгенін, оған енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін беріп, болашақ жеңімпаздар шоғырын даяр­лауға жол ашуға тиістігін атап айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөле бастады. Бұған бұқаралық спорт пен кәсіби спортты қаржыландырудағы жер мен көктей айырмашылық жойылғаны айғақ. Мысалы, 2023 жылы бұқаралық спортқа – 35 млрд теңге, кәсіби спортқа 340 млрд теңге жұмсалған. Ал өткен жылы бұқаралық спортты қаржыландыру 5,6 есеге жуық ұлғайтылып, 195,4 млрд теңгеге жеткен. Керісінше кәсіби спортқа жұмсалған қаржы екі есеге жақын азайтылып, 185,5 млрд теңге бөлінген. 2028 жылға дейін елімізде 401 спорт нысанының құрылыс және жөндеу жұмыстары жүзеге асырылмақшы. Соның ішінде ауылды жерлерде 213 спорт нысаны салынып, қолданыстағы 58-і жөндеуден өткізілмекші.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де белсене кірісті. Антикордың араласуы нәтижесінде былтыр жалған спорт іс-шаралары мен жа­лақыға негізсіз қосылған үстем­ақыларға жұмсалған 1,3 млрд теңге бюджетке қайтарылды. Өңірлердің футбол клубтарын ұстауға бөлінген қаражат 2,2 млрд теңгеге қысқартылды. Соның ішінде Түркістан облысы бойынша – 1 млрд теңге, Ақмола облысы бойынша – 390 млн теңге, Қостанай облысы бойынша – 350 млн теңге, Павлодар облысы бо­йынша – 300 млн теңге, Жетісу облысы бойын­ша – 146,2 млн теңге. Кәсіби спортты қаржыландыру 4,6 млрд теңгеге азайтылды, оның 4,2 млрд теңгесі Шымкент қаласына тиесілі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет былтыр спорт саласындағы суық қолды сұғанақтардың бірінен соң бірін жал­ғанның жарығына шығарды. «Ба­лық басынан шіриді» дегендей, бейінді министрліктің бұрынғы вице-министрі, Спорт және дене шынықты­ру істе­рі комитетінің төрағасы қылмыс­тық жауаптылыққа тартылды. «Жекпе-жек» федерациясының президенті 2021 жылы Алматы қаласында өткен әлем чемпионатының хаттамаларын қолдан жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сот үкімімен 3 млн 692 мың теңге айыппұл төлеу жазасына кесілді. Ол жалған құжаттарды пайдалана отырып, спортқа қатысы жоқ адамдарға «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» және «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» спорттық атақтарын беруге өтінім берген. Антикордың араласуымен жалған спортшылар алған атақтарынан айырылды. Талдықорған қалалық соты «Жетісу» футбол клубының спорт директорын футболшыға бонус беру деген сылтаумен 5,5 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай бас бос­тандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Астана қаласының қыл­мыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Астана» олимпиадалық даярлық орталығы» рес­пуб­ликалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (РМҚК) әкімшілік-шаруашылық бөлімінің басшысын «Елге қамқор» қоғамдық бірлестігінің өкілін РМҚК-нің лауазымды тұлғаларына мемлекеттік сатып алу шарты аясында атқарылған жұмыстар актілеріне қол қоюға  600 мың теңге пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танып, оған 12 млн теңге айыппұл салды. Таяуда Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирек­циясы» РМҚК директоры мен оның орынбасарына қатысты тергеу аяқталды. Олар кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, спорт жабдықтарын сатып алу және туристік операторлармен құны жоғары шарттар жасасу арқылы 584 млн теңге бюджет қаражатын жым­қырды деген күдікке ілінді. РМҚК дирек­торына жеке компанияның дирек­торы ретінде 2021 жылы Батыс Қазақ­стан облысында футбол мен допты хоккейді дамытуға бөлінген 161,9 млн теңге бюджет қаражатын қалтасына бас­ты деген айып та тағылып отыр. Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет Алма­ты қаласы Спорт басқармасының және Олимпиялық резервті даярлау орталығының бұрынғы қызметкерлеріне және «Ақжайық», «Каспий» футбол клубтарының басшыларына қатысты да сот алдындағы тергеу жүргізіп жатыр.

2018 жылдан бастап спорт саласының бюджеті екі есе өсіп, 1,4 трлн теңгеге жетті. Осыншама қаржыландыруға қара­мас­тан, еліміздің Олимпиадаларда медаль жеңіп алу көрсеткіштері және Дүниежүзілік спорт рейтингіндегі орны көңіл көншітпейді. Бұған қоса еліміз күдікті матчтар санынан да сыбайлас жемқорлыққа ұшыраған елдердің бірі танылып, «Sportradar» халықаралық ұйымы­ның антирейтингінде 4-орында. Өңірлердің кәсіби футбол клубтары кейінгі 3 жылда бекітілген лимиттен тыс 30 млрд теңгеден аса жалақы төлеген. Оның қомақты бөлігін легионер-футболшылар иемденген.

Жалпы, тәуелсіздік жылдары еліміз олимпиадалық спорт түрінен 126 спортшыны шетелден шақырған. Алайда олардың 79-ы кейін елдеріне оралған. Анти­кордың талдауына қарағанда, кәсіп­тік спорт саласында ашық емес және субъек­тивті төлемдер жасауға қолайлы жағдай жасалған. Бейінді министр­лік 2020 жылы енгізуді жоспарлаған «Е-sport» ұлттық цифр­лық платформасы әлі дайын емес. Ал бұ­қаралық спортта қаражат бөлу рәсімі цифр­ландырылған және атаулы сипат алған.

Жоғары жетістіктер спортының басты демеушісіне айналған «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы кейінгі 6 жыл ішінде 4 кәсіби клубты қаржыландыруға 138 млрд теңге бөлген. Соның ішінде «Астана» футбол клубына – 50,1 млрд теңге, «Барыс» хоккей клубына – 48,8 млрд теңге, «Astana Qazaqstan Team» велокомандасына – 31,5 млрд теңге, «Астана» баскетбол клубына – 8 млрд теңге. Осындай мол қаржы есебінен кәсіби клубтардың басшыларына жоғары жалақы тағайындау, өнімсіз ойыншыларға қомақты төлемдер төлеу, күмәнді агенттік келісімдер жасау жоғары жетістіктер спортындағы жүйелі тәуекелдер болып келді. Тағы бір сорақы жағдай – кейінгі 10 жылда 55 мемлекеттік спорт ғимараты жекеменшікке өткізіліп, олардың сенімді басқарушылары мен жаңа иелері сол мүлікті мемлекеттің өзіне жалға беріп, спортшыларды даярлағаны үшін бюджеттен 83,8 млрд теңге қаржы алған.

Міне, осындай келеңсіздіктердің тамырына балта шабатын кез келді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, қазір Мәжілісте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында биылға дейін республикалық бюджеттен қаржыландырылып келген 180 спорт түрінің санын 60-қа дейін қыс­қарту, бюджет пен квазимемлекеттік кәсіпорындар қаржысы есебінен легионер-спортшыларды шақыруға тыйым салу сияқты көпшілік көкейіндегіні дөп басқан жаңашылдықтар бар. Ең бастысы – Үкімет пен Парламент бұқаралық спорттың, Президент айтқандай, жаңа чем­пиондар шыңына шығатын пирами­даға айналуына даңғыл жол ашуға тиіс.