
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Көмекке мұқтаж елдердің жағдайы не болмақ?
Қазір Трамптың бұйрығымен агенттік желісіндегі барлық көмек 90 күнге тоқтатылды. Оның басшылығы, сондай-ақ барлық америкалық қызметкері әкімшілік демалысқа жіберілген, ал шетелде жұмыс істейтіндер бір ай ішінде АҚШ-қа оралуы керек.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио USAID-тің уақытша басшысы қызметіне тағайындалды. ВВС-ге берген пікірінде ол: «Агенттік өзін жаһандық қайырымдылық жасап отырмыз деп санайды. Ал онда елдің мүддесі мен америкалық салық төлеушілердің ақшасы барын естен шығарып отыр», деді.
ВВС жариялаған мәліметке сүйенсек, 2023 жылы USAID өз жобаларына шамамен 38,1 млрд доллар жұмсаған. Бұл сома көп болып көрінгенімен, ол АҚШ-тың барлық мемлекеттік шығындарының шамамен 0,6 пайызын (6,1 трлн доллар) ғана құрайды. Негізі агенттіктің қаржылай көмегі кедей елдерге біршама қолдау болып тұрған еді. Сондай-ақ ол ЖИТС, малярия секілді Африка елдерінде таралған дерттің асқынбауына себепші болды. Мәселен, АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметі бойынша, USAID қаржыландырып отырған ЖИТС-пен күрес жөніндегі төтенше жоспар (PEPFAR) 25 миллионнан аса адамның өмірін сақтап қалған, 5,5 миллион бала АИТВ жұқпасынсыз дүниеге келген. Бүкіл әлем бойынша 20 миллионнан аса адам осы дертке қарсы терапия алады. Кейінгі жылдары ЖИТС-тен болатын өлім-жітім азайғанымен, ауру әр 60 секунд сайын бір адамның өмірін қиып, жаһандық проблема болып қала береді. Әсіресе бұл – Африка елдерінде өзекті мәселе. Қазір Батыс және Орталық Африкада 5 миллионнан аса адам АИТВ-мен өмір сүреді, диагноз қойылған адамдардың 76 пайызы ғана терапия алады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының АИТВ/ЖИТС бойынша біріккен бағдарламасының (UNAIDS) мамандары егер АҚШ 54 елде «ЖИТС-пен күрес жөніндегі төтенше жоспарды» қаржыландыруды тоқтатса, 2029 жылға қарай аталған дерттен 6,3 миллион адам қайтыс болуы мүмкін деген болжам жасады. Осы мәлімдемеден кейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы төтенше гуманитарлық көмек беруді мақұлдап, «ЖИТС-пен күрес жөніндегі төтенше жоспарды» 90 күн қаржыландыруды тапсырды, бірақ бұл мерзім аяқталғаннан кейін бағдарламаның жалғасуына кепілдік берген жоқ.
Сондай-ақ USAID Эбола қызбасын тежеу, Угандадағы ЖИТС-тің алдын алу, Камбоджадағы эпидемиялық жағдайды қадағалау, Нигериядағы вакциналау сияқты бағыттарды қаржыландырып, Суданға азық-түлік жеткізу және Ауғанстанда аурухана мен жолдар салу істерімен айналысқан. USAID көптеген жыл бойы Украинаның негізгі серіктесі болды, реформалар мен дамуға миллиондаған доллар бөлді. Енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, АИТВ-ның таралуына қарсы күрес секілді жобалардың тағдырына қауіп төніп тұр. Ресей Украинаға басып кіргеннен бері USAID заңгерлік, психологиялық қызметтер мен көмек көрсету орталығының жұмысын қаржыландырды. Ал енді орталық жабылып, қызметкерлері жұмыссыз қалды.
Алайда USAID барлық елде бірдей беделге ие емес. Бірқатар елдің билігі, әсіресе авторитарлық елдер агенттікті АҚШ-тың сыртқы саяси үдерістерге әсер ету әрекеті деп санайды. Ресейде агенттіктің жұмысына 2012 жылдан бастап тыйым салынған.
АҚШ көмегі бағаланбады
USAID-ті 1961 жылы бұрынғы президент Джон Кеннеди құрған. Гуманитарлық көмек негізінен қақтығысқа тап болған елдердің экономика, денсаулық сақтау мен білім беру жүйелерін жақсартуға бағытталған. Көмек әсіресе Африка, Азия және Латын Америкасы елдеріне көптеп жіберілген.
Ал қазір Трамп әкімшілігі USAID жұмысы ақшаны ысырап ететінін дәлелдеуге тырысып жатыр. Өйткені халықаралық даму агенттігін АҚШ үкіметі қаржыландырады, Конгресс жыл сайын USAID-ті жалпы бюджетке енгізіп, ақша бөліп келеді. Бұл ақша салықтан түседі. Жалпы, АҚШ халықаралық көмекке көп ақша жұмсайды. Германия, Ұлыбритания, Жапония мен Францияда да осы мақсатқа арналған арнайы бюджет бар. Алайда олар Америка секілді көп шығын шығармайды.
Сол себепті көптеген америкалық жаңа президентін қолдап отыр. Республикашылардың жақтастары халықаралық көмекті алға тартып отырған демократтардың әрекетіне наразы. Олар қаражаттың көп бөлігі жемқор үкіметтерге жұмсалатынына сенімді. Дегенмен қаражаттың шамамен 20 пайызы үкіметтік бағдарламаларды қолдауға жұмсалады, сондай-ақ коммерциялық емес және басқа да көп салалы ұйымдарға кетеді. Сайлаушылар мұның бәрі АҚШ-қа қандай пайда әкелетінін түсінбей дал. Оның үстіне әлем Вашингтонды елдің әскери үстемдігі мен экономикалық көрсеткіштерін ескере отырып, «қатал күштің» иесі ретінде қабылдауға дағдыланған. АҚШ-тың дамушы елдердегі беделіне Ирак пен Ауғанстандағы қақтығыстарға араласу сияқты ірі әскери операциялар да нұқсан келтіреді. Ал АҚШ-қа қарағанда осы салаға қаржыны аз жұмсайтын Ұлыбритания мен Германия мәдени ықпалы мен дипломатияның арқасында жоғары рейтингке ие.
Дональд Трамптың халықаралық көмекті тоқтата тұру туралы шешімі де осы көзқараспен байланысты болып отыр дейді сарапшылар. Ұлыбритания мен Германиядан соң үшінші орында Американың басты бәсекелесі Қытай тұр. Трамптың сыншылары халықаралық даму агенттігінің жабылуы Бейжіңге тиімді болуы мүмкін екенін айтады. 2013 жылы Си Цзиньпин Африка, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдеріне тауарларды тез және арзан жеткізуге арналған құрлық пен теңіз сауда жолдарын біріктіруді ұсынып, «Бір белдеу – бір жол» бастамасын көтерді. Бұл заманауи Жібек жолы – автомобиль, теміржолдармен қатар порттар салып, сауда байланыстарын нығайтуға бағытталған.
Ал ресми ақпарат көздеріндегі дерекке сүйенсек, USAID 1992 жылдан бастап елімізге 500 млн долларға жуық қаржы құйған. Мемлекеттік және тәуелсіз ұйымдар арқылы энергетика, жергілікті сауда және іскерлік ортаны дамытуға көмек берген. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына да қаржы бөлген, әсіресе ана мен бала өлімін азайтуға, АИТВ/ЖИТС дертімен күреске, қоршаған ортаны қорғауға негізделген жобаларды қаржыландырған. Аралдағы экологиялық апаттың салдарын жоюға арналған жобалар да бар.
«Әзірге Сауда және интеграция министрлігінің қатысы бар жобалар тоқтап қалды дейтіндей мәлімет жоқ. Бір бағдарлама болған, ол былтыр аяқталған. Биыл USAID біздің министрлік арқылы ешқандай жобаны қолға алған жоқ», деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.
Бұған қоса АҚШ-тың мемлекеттік басқарудың тиімділігі жөніндегі департаментінің (DOGE) басшысы Илон Маск «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» радиостанцияларын жабуды ұсынды. Екі ақпарат құралын да АҚШ үкіметі қаржыландырады.
«Иә, оларды жабу керек. Қазір оларды ешкім тыңдамайды. Еуропа енді еркін (бюрократияны айтпағанда). Олар жай ғана өз-өзімен сөйлесіп, америкалық салық төлеушілердің қорынан жылына 1 млрд доллар ысырап етіп отырған ессіз радикал солшылдар», деп жазды Илон Маск әлеуметтік желідегі парақшасында.