Медицина • 12 Ақпан, 2025

Нәрестенің өмірін сақтап қалды

523 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қалалық перинаталдық орталығында дүние дидарын көрген нәрестенің жағдайы мәз емес еді. Жағдайдың ушыққанын түсінген ата-ананың дегбірі қашты. Сәбидің дерті ауыр екенін түсінген дәрігерлер оны едел-жедел реанимация және қарқынды терапия бөліміне ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Нәрестенің өмірін сақтап қалды

Сурет: tolqyn.kz

Дәрігерлердің айтуынша, жаңа туған нәрестенің жағдайы сағат сайын ушыға түскен. Оның терісі қатайып (склеродермия), бауыры мен көк бауыры айтарлықтай үлкейген екен. Кәсіби мамандар шұғыл іске кіріссе де, бастапқыда жағдайды қалыпқа келтіру қиынға соққан. Минуттар жылжып, секундтар сырғыған сайын баланың халі мүшкіл бола түскен. Алайда мамандар ілкі сәтке де сәби өмірі үшін күресті тоқтатпаған.

«Жүргізілген зерттеу жұмы­­сы­ның нәтижесінде балада ауыр цитомегаловирус (ЦМВ) инфекциясы анықталды. Бұл инфекция бауырдың қызметін бұзатыны бел­­гілі. Әрине, жағдайдың мәз емес екенін бірден түсіндік. Жергілікті мамандар мұндай күрделі жағдаймен бұрын-соңды кездеспеген еді. Бірақ қолдан келгенше көмек көрсеттік. Еш аянып қалған жоқпыз», дейді дәрігерлер.

Жағдай тым күрделі, әр­бір минут өте қымбат еке­нін терең түсін­­­ген мамандар емдеу шараларына дереу кіріскен. Ақ халатты абзал жандардың әрекеті әуелі зая кеткендей көрінгені де жасырын емес. Өйткені ем-дом шаралары жасалғанына қарамастан, бастапқы күндері сәби­дің денсаулығында айтар­лықтай оң өзгеріс байқала қоймады. Бірнеше күн бойы зәр шығара алмаған нәрестенің реанимациядан шығуы мұңға айналды. Әйт­кенмен сертке берік мамандар бар­лық қиындық­қа қарамастан, оның өмірі үшін күресті жалғастыра берді.

«Бастапқыда қалыптас­қан жағ­­дай бір сәтке болсын үміт жібін үзгендей көрінгені рас. Алайда бір­неше күннен кейін күткен нәтижеге қол жеткіздік. Сәби зәр шығарды, қан айна­лымы айтарлықтай жақ­сарды. Арада он күн өт­кен соң алғаш рет ана сүті­мен қоректенді. Сол сәт­те еңбегіміз ақталғанын айқын сезіндік. Баланың бауырының қызметі біртін­деп қалпына келіп, көп ұзамай жасанды тыныс алу аппаратынан ажыраттық», дейді мамандар.

Науқастың жағдайы тұ­рақ­тал­­ғаннан кейін мамандар оны одан әрі емдеу үшін облыстық көпбейінді балалар ауруханасына ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бүгінде жағдайы жақсарған сәбидің ата-анасы бала өмірін арашалап қалған дәрі­герлерге алғысын жаудырып жатыр.

Баланың өмірі үшін кү­рескен реанимация бөлі­мінің меңгерушісі Әуез Ха­сенұлы, Аида Жол­дас­байқызы, Арайлым Сей­да­рапқызы бастаған дәрі­герлердің жанкешті, табанды еңбегін ерекше айта кеткен жөн. Өңірде жаңа туған сәбиде бұрын-соңды кездеспеген дертпен күрескен олардың еңбегі зор.

 

ТАРАЗ