Үкімет • 12 Ақпан, 2025

Тойымсыз мердігерлерді тамақтандыруды тоқтату керек – Ерлан Саиров

263 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров салық төлеушілердің қаражатын орнымен жұмсау мәселесін көтеріп, премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тойымсыз мердігерлерді тамақтандыруды тоқтату керек – Ерлан Саиров

Фото: ашық дереккөз

Ерлан Саиров кейінгі жылдары Үкімет пен жергілікті билік жүзеге асырып жатқан инфрақұрылымдық нысандарды салу жобаларының күрт қымбаттағанын атап өтті.

«Мәселен, Алматыда метро салу кезінде «Базис-А» мердігеріне әр жолы қосымша миллиардтаған теңге бөлінеді, бірақ сонымен бірге жұмыс көлемі де азайып отыр.

Бұған қоса 30 жылдан бері Екібастұзда үшінші энергоблок салу туралы әңгіме жүріп келеді. 2012 жылғы қаңтарда Екібастұз МАЭС-2 құны 73,9 миллиард теңге болатын қазандық пен турбоагрегат дайындауға арналған шартқа қол қойды және 38 миллиард теңге көлемінде алдын ала төлем жүргізді. Алайда, жұмыс осы күнге дейін аяқталған жоқ.

Жоғары аудиторлық Палатаның мәліметтеріне сәйкес тек газ құбырларын салу жобасы бойынша 2023 жылы құрылыс құнын 10 млрд. теңгеден артық көтеруге жол берілді. Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады», дейді депутат.

Осылай дегеннен кейін депутат салық төлеушілердің қаражатын жұмсауда қатаң тәртіп орнатып, жобалар құнының заңсыз және қисынсыз өсуіне тосқауыл қоятын уақыт жеткенін мәлімдеді.

«Мемлекеттік ақша бақылауда болуы керек. Араны ашылған тойымсыз мердігерлерді «тамақтандыруды» тоқтатайық.  Осыған байланысты инфрақұрылымды дамытуға бөлінетін бюджет қаражатын жоспарлау үдерісін қатаң бақылауға алуды сұраймын», деді Ерлан Саиров.