Қоғам • 12 Ақпан, 2025

Сот көп балалы ананың құқығын қорғады

1233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоғарғы сот Қостанай қаласының әкімдігіне 5 балалы ананың тұрғын үй кезегін қалпына келтіруді міндеттеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сот көп балалы ананың  құқығын қорғады

Қостанай қаласында аз қамтылған және халықтың әлеуметтік қорғалатын тобына жататын көп балалы отбасы 2009 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекке тұрған.

Жоғарғы Сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, кезекке тұрған уақытта ерлі-зайыптының бес баласы (1 мен 22 жас аралығында) болған. Арада 10 жыл өткен соң, отбасына Қостанайдан үш бөлмелі пәтер берілген.

«Алайда, 3 ай өткеннен кейін қала әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі үйдің берілгенін қате деп, алдағы уақытта басқа пәтер беруге уәде беріп, тұрып жатқан пәтерді қайтаруды талап еткен.

2024 жылы 5 баланың анасына 2019 жылы тұрғын үй кезегінен өзіне ескертпестен алып тастағаны белгілі болған. Оның өтінішіне Тұрғын үй қатынастары бөлімінен кезекке қайта қою мәселесі сот арқылы шешілуі тиіс деген жауап келген», делінген хабарламада.

МАӘС-ы дауды қарай келе, Тұрғын үй қатынастары бөлімінің өтініш берушіні кезекке қалпына келтіруден бас тартуын заңсыз деп санап, талап қоюшыны кезектен шығару кезінде іс жүргізу бұзушылық рәсімдері анықталды, нәтижесінде бас тарту заңсыз деп танылып, күші жойылды.

Сот жауапкердің заңбұзушылықтарына назар аудара отырып, алдағы уақытта осындай оқиғалардың қайталанбауы үшін Қостанай қаласының әкіміне жеке ұйғарым шығарды.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.