Мен туған анамды көрмей өстім, бірақ ана мейірімін, оның аялы алақанын сезінбей өстім деп айта алмаймын. Ауруы әбден дендеп, мәңгілікке көз жұмайын деп жатқан анадан төрт айлық мені өзіне аманат етіп алып бауырына басқан, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай аялап өсірген менің сүт анам. Мүмкін бәз біреулер: «Кімді-кім асырап алып адам етпей жатыр. Жүрегі мейірімге толы халқымыздың өмірінде мұндай мысалдар жетіліп артылады», – деп айтар. Десе де, менің мысалым тіпті, өзгеше. Ол сонау Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиындығы мол жылдардан, дәлірек айтсам, мен дүниеге келген 1947 жылдан бастау алады. Әңгіме, сол тумаса да туғандай болған, қиын-қыстау заманды басынан өткеріп, оған қайыспаған, өмірінің ақырына дейін адамгершілігін, жан жылуын сақтай білген екінші анам туралы.
Жұмыстан үйге келсем, анам кереуеттің үстінде шапанын қымтанып, арқасымен қабырғаға сүйенген қалпы отыр екен. Өзі екі беті албырап, бусанып терлеген сияқты.
– Апа, не сырқаттанып қалғансың ба? – деп абыржып жанына бардым.
– Көптен бері тер қысып мазам болмай жүр еді, бүгін азырақ бусанған сыңайлымын, – деді ол маған жаныма отыршы дегендей ишара жасап.
– Сен, балам, не ойлап жүрсің осы. Әкеңнің дүниеден озғанына да, міне, үш жылдай болып қалды, – деді ол 1970 жылдың желтоқсанында қайтыс болған майдангер әкемді есіме салып. – Марқұм ақтық демі біткенше сенің атыңды атап шақырып жатты ғой. «Екі ұлым, бір қызым өз алдарына шаңырақ құрды. Енді, осы кенже баламды үйлендіріп, немере сүйсем арманым болмас еді», – деп отырушы еді. Жазғанға амал бар ма? Ол мақсатына жете алмай кетті. Оқу, оқу деп едің, құдайға шүкір, оны да бітіріп, керекті қағазыңды алдың, істеп жүрген қызметің де бар, ал менің отырысым мынау. Ажал айтып келмейді. Олай-бұлай болып кетсем, осы үйде, әкеңнің шаңырағында, жалғыз өзің қалмақпысың?! Қашан әкелесің мына үйге бір шүйкебасты?!
Анамның бұрын да қойып жүретін осы сауалына жауап бермекші болып ыңғайлана бастап едім, ол алақанын тік көтеріп тоқтай тұр дегендей мені бөгеп тастады да ізінше:
– Бүгінгі саған айтар басты әңгімем бұл емес. Көптен бері мені бір ой мазалап жүр. «Сенің шешең түрмеде отырған, халық жауының әйелі болған», – деген көрші-көлемнің алып-қашты сөздерінен басқа сен мен туралы нақты ештеңе білмейсің. Иншалла, келін де келер, немерелі де болармын. Олар өскеннен кейін осы біздің әжеміз кім дегендей сұрақ қойса, сен не айтасың? Ол сонау оңтүстіктен, Шымкент жақтан, солтүстікке, Көкше өңіріне, қалай келді десе, сен не дейсің? Өлім бар да, қаза бар. Ойлана келе өмір тарихымды өз аузымнан саған айтып кетейін деген шешімге келдім бүгін. Өтті ғой небір заман басымыздан. Соны білгің келіп талай қолқа да салып едің. Енді жайғасып отыр, айтқандарымның бәрін жадыңа құйып ал.
Осыдан кейін анам тағы да аз-маз бөгеліп барып әңгімесін бастап кетті.
– Мен мешін жылы дүниеге келіппін. Туған жерім Талас деген өңір. Дәлірек айтсам, Қаратаудың Мойынқұмға ұласатын теріскей тұсы. Әкем Оразбай ошақты руынан, оның ішінде тасжүрек деген тармақ бар. Әкемнің Оразымбет, Оразбақ деген екі інісі болды. Құдай бермеймін десе бермейді екен. Баладан осы үш шаңырақтың маңдайына біткен жалғыз қыз мен ғана едім. Содан болар, өте ерке болып өстім. Мен ер балаша киініп, соның салтымен жүрдім, бетімнен ешкім қақпады.
Үш үйдің малы көп, күйлі тұрды. Қыстай төрт түлік Мойынқұмның жазығында жайылады да, жазда ағып жатқан бұлақ, өзені көп саялы Қаратаудың қойнауына оралады. Шығысында Бессаз, батысында Қаржантау мен Ұғам жоталары менмұндалап көрініп тұрады. Атқа мініп алып, құрбыларыммен қызық қуып, Қаратаудың қойнау-қойнауын талай шарлайтынбыз. Қаратау қазақтың бір қасиетті жері ғой.
Он үшке толғанымда маған ер баланың киімдерін тастаттырып, қызша жасандырып, үлде мен бүлдеге орады. Ұнатпасам да, затым қыз болған соң, амал бар ма, оған көнуге тура келді. Біздің үйге әкемнің ертеректе дүние салған досы Сәрсембайдың Жүсіпбек деген баласы келіп жүретін. Ол менен 6 жас үлкен, өзі тепсе темір үзетін денелі, жайдары, алғыр жігіт. Әкем жан аяспас досының ұрпағы болған соң ба, оны өз баласындай көретін. Кейін білдім, екі дос бізді бала кезімізден атастырып қойған екен. Қыз бала жат жұрттық деген сол екен. Он алтыға толар-толмасымда ырғап-жырғап, тойымды жасап, мені ұзатты. Жылап-сықтап кете бардым. Өз ағамдай көріп жүрген жігіт менің күйеуім болады деп ешқашан ойламаппын. Ол да маған өз қарындасындай қарайтын.
Біз біраз уақыт ерлі-зайыптыларша тұрмадық. Осы жағдай туыстарымның құлағына жеткен болуы керек. Сонау Мойынқұмнан әке-шешем әдейі келіп, бір жағы ұрсып, бір жағы ата салтты түсіндіріп, тағы да жоралғыларын істеп, екеумізді қайтадан қосты. Құдайдың жазуы болар, содан кейін дәм-тұзымыз жарасып жұбайлар сияқты тұрып кеттік. Жүсіпбекті Ташкентте оқу бітіргеннен кейін Сарыағаш ауданында жер бөліміне бастық қылып қойды. 1928 жылы тұңғышымыз Медет, екі жылдан кейін қызымыз Раушан туды. Тұрмысымыз да жайлы басталды. Әулеттің жалғыз қызымын, күйлі тұратын төркін жұртымнан түрлі көмек келіп жатты. Кәмпескелеу жылдары әуелі әкем, содан соң шешем дүниеден өтті. Оларды жерлеп, қалған мал-мүлікті алып қайттық. Басқа ұсақ-түйекті, қымбат әшекейлерді айтпағанда, солардың ішінде ең құндысы алтындаған ер-тұрман, төрт тайтұяқ күміс бар еді.
Жүсіпбек білімді, пысық, ақкөңіл, жұмысына адал болған соң, беделді де болды. Жұмыстан былайғы уақытта да оны іздеп адамдар үйге сабылып келіп жататын. Ол солардың бәрінің көңілін табатын. Әсіресе, облыстан келген басшылар көбіне біздің үйге атбасын тірейтін. Солардың бірі облыстың жер басшысы Ғабдылкәкім деген кісі. Ол ауданға келе қалса, біздің шаңыраққа соқпай кетпейтін. Өзі бастықтығынан бұрын Жүсіпбекті туған інісіндей жақсы көретін. Одан басқа біздің үйде Сұлтанбек, Ұзақбай деген басшылар және басқа да игі жақсылар болып, түстеніп кеткені бар.
Сол кезде тұрмысымыз осылай жайлы, жақсы, сан мейманды қарсы алатындай жағдайымыз бола береді деп ойлайтынмын. Алдымда небір тауқыметтің күтіп тұрғанын қайдан білейін. Бізге деген зобалаң 1937 жылы басталды ғой. Шамасы, мамыр айының аяғы болуы тиіс, Жүсіпбек үйге өте көңілсіз оралды. Себебін сұрап едім, Мәскеуде Тұрар деген басшының ұсталып, абақтыға жабылғанын айтты. Содан не керек, екі күннің бірінде: «Ананы түнде үндеместер ұстап алып кетіпті, мынаны абақтыға жауыпты», – деген гу-гу сөз. Елде береке қалмады.
Бірде Жүсіпбек үйге тағы да аса абыржулы келді. Сұрап білсем, өзінің тікелей бастығы Ғабдылкәкім ағасы қамауға алыныпты. Үй ішін, тіпті, көңілсіздік басып кетті.
Сөйтіп, қорқумен алаңдап жүргенде қоңыр күз де жетті. Ұмытпасам, қарашаның басы болуы керек, қас қарайып қараңғы түскен шақта, үйге сау етіп үш адам кіріп келді.
– Азамат Сәрсембаев, сіз қамауға алындыңыз. Қарсылық көрсетпеңіз, тез киініңіз де бізге еріп жүріңіз, – деді олардың мосқалдау біреуі.
– Не үшін! Ол ешқандай қылмыс жасаған жоқ, – деп шыр-пырым шыға күйеуімді көлегейлей ұмтылдым.
Олардың біреуі кеудемнен қатты итеріп жібергенде шалқалай құладым. Есі кіріп қалған балам мен қызым да шырылдап жылап жатыр. Осылай қас пен көздің арасында Жүсіпбекті алды да кетті. Көрер таңды көзбен атырып, таң елең-алаңнан аудандық милицияға бардым. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан жандар, көбінің қабақтары түскен, көздері толған мұң, қайғы. Содан бақытсыздыққа тап болған жалғыз мен емес екенімді аңғардым. Сол күні Жүсіпбек туралы ештеңе біле алмадым. Менің сөзімді тыңдап, елейтін ешкімді таппай, салым суға кетіп үйге қайттым.
Осылайша, әрі-бері сенделумен күз өтіп, қыс та түсті. Бұрын үйімізді босатпайтын туыссымақтардың, көрші-көлемдердің біреуі де енді босағамызды аттауды қойды. Жалғыздықпен діңкелетіп қыс та бітуге таяп қалды. Күні бүгінге дейін есімде, наурыздың 1-і күні түнде тағы да үш адам сау етіп үйге кіріп келіп, қолыма кісен салып, абақтыға апарып қамады да тастады. Үш күн бойы мені ешкім керек қылмады. Төртінші күні қолымды артыма қайтарып, бір бөлмеге алып келді. Онда мұрты едірейген түсі сұсты біреу отыр екен. Ол маған өткір көздерімен тесіле қарап:
– Сәрсембаева Фатима, 1908 жылы туған, ұлтың қазақ, сенсің ғой?! – деді жекіре сөйлеп. – Сенің күйеуің Сәрсембаев Жүсіпбек Совет өкіметіне қарсы астыртын әрекет еткен ұлтшыл алашордашыл топтың зиянды істеріне белсене қатысқаны үшін халық жауы деп табылып, Жоғарғы соттың шешімімен атылды.
Ол бұдан әрі тағы да бірдемелерді айтып жатты. Оларды естіген жоқпын. Басым айналып, көзім қарауытып талып қалыппын.
Есімді камерада жидым. «Асыл ардағым-ай, сенен мәңгілік айырылған екенмін. Енді, балаларымның жағдайы не болады?», – деген ащы күйік ой жанымды жегідей жеді. Содан не керек, екі күннің бірінде тергеушіге алып барады, оның сұрағанын білмеймін десең болды, төмпештеп ұрады. «Үш күннен кейін көрге де үйренеді», – дейді, сол рас екен, өлетін әке-шешем өлді, күйеуім болса енді жоқ, не қылса, ол қылсын дегендей бір салғырт күйге түстім. Өле қалар едім, бірақ артымда қалған екі баламды ойладым. Олар не күйде, аш па, тоқ па? Жүсіпбектің, саған соның атын да айтқым келмейді, бір ағасы бар еді. Мүмкін, сол қолына алған шығар деп өзімді жұбатамын. Сол ағасы түрме бақылаушысы арқылы маған жасырын хат беріп жіберіпті. Ол: «Саған жақын арада үкім шығарылады, балаларды детдомға берме, оларды өз қолымызға аламыз», – деп жазыпты.
Оның маған хатты балаларға жаны ашығанынан емес, дүниемізге қызыққанынан жазғанын кейін білдім. Ертесіне, менімен бірге бес-алты әйел бар, бәрімізді машинаға тиеп, Шымкентке жөнелтті. Онда жетісімен бөгелтпестен сотқа кіргізіп, шығарылған үкімдерін айтты. Мені халық жауының әйелі ретінде бес жыл қамауда ұстауға шешіпті. Содан кейін сол бізді әкелген машинамен вокзалға жеткізіп, темірмен торланған вагонға әкеліп тықты. Іші лық тола мен сияқты сотталған әйелдер. Бір тәуліктей тұрғаннан кейін біздің түрме-вагон тіркелген пойыз солтүстікке қарай бет алды. Вагон іші иіс-қоңыс, жейтін тамақтың қаттығын айтпағанда, ағып жатқан судың өзіне зар болдық. Пойыз жолшыбай тоқтап, біреулерді түсіріп, біреулерді мінгізіп жатады. Әуелде қапасқа шыдай алмап едік, солтүстікке жақындаған сайын, әсіресе, түнде суыққа тоңып дірдек қақтық. Осындай бейнетке шыдай алмай өліп кеткендер де болды.
Бір тоқтап, бір жүріп айға жуықтай уақытта, күздің қара суығында, Ақмола деген қалаға жеттік. Бізді қойдай топырлатып машинаға тиеп, күзетпен қаланың батыс жағындағы бір жерге алып келді. Кейін білдік, бұл Малиновка деген селоның жанындағы 26-шы нүкте дейтін жер екен.
Айналасы ат шаптырым, тікенек сыммен қоршалған, ортасында қамысты көлі бар, төрт бұрышында үстінде күзетшілер қарап тұратын биік тағандар орнатылған бұл жерді АЛЖИР деп атайды екен. Олай да бұлай тізіліп саманнан салынған барақтар. Жүз шақты әйелден тұратын біздің топты әр бараққа бөліп тықты. Сол күні бір нарға екі әйел қырымыздын жатып сығылысып қонып шықтық. Ертеңіне қолымызға орақ беріп, күзетпен қамыс оруға алып барды. Жаңадан келгендерге деп саманнан төрт барақ салып жатыр екен, соған қамыс, кірпіш тасыдық. Бір апта дегенде олар да дайын болды. Ішіне өзімізге қаз-қатар екі қабатты нарлар жасаттырды. Соларға бөліп-бөліп орналастырды. Нар жетпегендер астарына сабан төсеп жерде жатты. Төсек деген атымен болған жоқ. Оның орнына ішіне сабан тығындаған қаптарды пайдаландық. Үстімізге фуфайка, шалбар беріп, кеудемізге, арқамызға жолақ шүберекке жапсырылған нөмір тақты.
Осылайша, лагерьдегі өмірім басталды. Тұтқындардың ұзын саны сегіз мыңнан асып жығылды. Олардың көбі Мәскеуден, Ленинградтан, Ресейдің басқа да қалаларынан келген әйелдер, біразының қолдарында емізулі нәрестелері, бес-алтыға да толмаған балалары бар. Жалғыз басты біздерді қойшы, тамақ тапшылығы, қыста барақтарында суық жайлаған лагерьде, әсіресе, соларға қиын-ақ болды. Соған қарамастан, бізге жер қазу, кірпіш соғу, жыра қазу сияқты ауыр жұмыстар істетті. Жаза басқандарды атып тастап отырды. Анам осы жерде көзіне келген жасты сүртіп, күрсініп біраз отырды да әңгімесін одан әрі жалғастырды.
– Қазақ: «Жыртық үйдің де құдайы бар», – дейді. Сол рас. Аса қиын жағдайда да арамызда одан шығар жол тауып, басымызды біріктірген жандар болды. Солардың бірі – өзі жігерлі, білімді, орыс тілін жақсы білетін Әзиза Рысқұлова деген әйел. Алдында айттым ғой. Күйеуі Мәскеуде аса үлкен қызметте болып, халық жауы аталып, атылып кеткен екен. Сол Әзиза басымызды біріктіріп, бастықтарға сөзін өткізіп, қазақ әйелдеріне, ұмытпасам олардың ұзын саны 90-ға тақау болды ғой деймін, жеңілдеу жұмыс тауып беріп жүрді. Лагерьде фермалар ашылып, оларға отар-отар қой, табын-табын сиыр әкелінген-тін. Ол бастықтарға айтып, мені сиыр бағуға тартты. Сот кескен жазаның мерзімі біткенге дейін мен бақташылықпен айналыстым.
1943 жылы наурызда маған кескен үкімнің мерзімі бітетін болды. Әуелде бізге ешқайда хат жазғызбайтын, кейін оған рұқсат берген соң Жүсіпбектің ағасына босатылатындығымды айтып хат жаздым. Бір айдан кейін одан: «Балаң мен қызың өліп қалды. Енді сені ешкім елде сағынып күтіп отырған жоқ», – деген жауап келді. Хатты оқып, егіліп жылап, қатты қамықтым. Сопиып қара басым ғана қалды. Әбден түңіліп кеттім. Сонда әр уақыт жанымда болып, көңілімді демеп, жігерімді жаныған Гүлбаһрам, Рабиға, Әйіш, Мәриям, Күнжамал, тағы да басқа әйелдер болды. Біразының аттарын ұмытып қалыппын. Олардың барлығы да бүкіл Қазақстанға есімдері әйгілі азаматтардың әйелдері еді.
Кешікпей лагерь бастығы менің қамаудан босатылғанымды, алайда, бұрынғы тұрған жеріме қайтуыма рұқсат жоқ екендігін және соғыс уақытына байланысты Ақмоладан 200 шақырымдай жерде орналасқан алтын шығатын Степняк деген кенішке жіберілетіндігімді, сонда еркін қоныста болатындығымды айтты. Ертесіне менімен бірге босатылған оншақты әйелді айтылған кенішке алып келді. Ондағылар: «Әйелдерге шахталарда лайық жұмыс жоқ, сондықтан оларды ағаш дайындауға жіберу керек», – деген соң, барлығымызды Степняк қаласынан 15-20 шақырымдай жерде орналасқан Кішкентай деген ауылға алып келіп, әр үйге бөліп-бөліп орналастырды.
Кішкентайдың маңайы шулаған қалың орман. Биіктеу жерден теріскей жаққа көз салсаң, Бурабай тауының жоталары көрініп тұрады. Осындай табиғаты көркем, орманды алқапта, орысы бар, қазағы бар, басқа да ұлты бар, әйелдерден құралған бір бригада, қол арамен кесіп зәулім қарағай, қайыңдарды құлатамыз. Оларды бұтағынан аршып, шақтап бөліп, өгіздер жегілген арба, шаналарға тиеп орманнан шетке шығарып, машиналарға, тракторларға тіркелген көліктерге артып кенішке жөнелтеміз. Жұмыс жеңіл болған жоқ. Қыста – қақаған аяз, боран, жазда – гулеген сона, маса. Басқа түскен соң, амал бар ма, оған да көндіктік.
1945 жылы соғыс жеңіспен аяқталып, майданға кеткендердің алды елге орала бастады. Ағаш дайындайтындардың қатары енді ерлермен толықты. Солардың арасында жасы мен шамалас, бойшаң, қайратты, өзі аса көп сөйлемейтін, жұмысқа епті бір адам ерекшеленіп көзге түсіп тұратын. Бәрі оны «Әуе» деп сыйлайды, айтқанын екі етпейді. Өзінің көп жері Жүсіпбекке ұқсап кететін сияқты. Сырттай ұнатып қалдым. Әкең Әуке, кейін білдім, шын аты Әбутәліп екен, екеуміз 46 жылы ағаш кесіп жүріп осылайша таныс-біліс болдық. Ақырын сұрастырсам, оның алды он екіде, ортаншысы алтыда, ал кішісі төрт айлық, ол – сен, үш ұлы бар екен. Әйелі соңғы балаға босанғаннан кейін бір ауыр дертке шалдығыпты.
Әкеңнің осы жағдайын естіп-біліп сырттай аяп жүрдім, бірақ өзінен мән-жайды білуге бата алмадым. Бірде оның өте жабырқаулы түрін көріп жанына бардым.
– Бұл не, салыңыз суға кетіп отырғаны? – деп жайлап қана сұрадым одан.
Ол қолындағы таяғымен жерді шұқылап, себебін айтсам ба, айтпасам ба дегендей біраз ойлы қалпы отырды да:
– Жағдайым әбден қиын болып тұр. Үйде шиеттей жас балалар бар. Әйелім көптен бері науқас еді, төсек тартып жатып қалды. Ол: «Ауруым әбден діңкелетті. Енді, менің бетім бері қарамайды. Көзімнің тірісінде біреуді әкел, балаларды, ең алдымен сәбиімді, өз қолымнан аманат етіп тапсырып кетейін», – дейді. Бұған келісетін, бір үйдің ауыр тірлігін өз мойнына алатын қандай жан бар. Әсіресе, емізулі баланы кім бауырына тартады дейсің. Сол жаныма әбден батып тұр. Не істерімді білмеймін, – деді күрсініп.
Мынадай жағдайды естіген соң, қатты тебіреніп кеттім. Маған сол сәтте не болғанын білмеймін, бір шешім санама атой беріп келе қалды.
– Сіз жалғыз емессіз, қандай қиындық болса да оны сізбен бөлісуге бармын, – деп айтып салдым. Ол басын көтеріп маған барлай біраз қарап отырды да:
– Ендеше, жинал. Кешке сені үйге алып қайтамын, – деді шешімді түрде. Жиналатын көп мүлік жоқ. Бар нәрселерімді сандыққа салдым да сол күні кешке әкеңе еріп кете бардым. Үйге түн ортасынан ауа жеттік. Шамы сығырайып жанған шағын ғана бір бөлмелі шым үйдің пешке тақау тұсында ағаш төсекте ауру анаң жатыр екен.
– Әуке, келдің бе? – деді ол дауысы әзер шығып.
– Иә, Дәріш, келдім, айтқаныңды орындадым, – деп мені алға қарай итермелей түсіп, өзі қарсы жақта ұйықтап жатқан балаларының жанына барып отырды.
Төсектегі науқас бері кел дегендей сұқ саусағын ғана қимылдатып шақырды. Жанына ақырын жақындап барып, бір тізерлеп отырдым. Енді ғана байқадым, қойнында ораулы нәресте жатыр екен.
– Үзілетін сағатым жақын, – деді ол әзер сөйлеп. – Әуке бәрін түсіндіріп айтқан шығар. Анау жатқан екі бала, өлмесе, адам болар. Мені қинайтыны мына сәби. Саған оны аманат етіп тапсырайын деп едім...
Бұдан әрі ол талықсып сөйлей алмай қалды. Көзімнен жас парлап, шыдай алмай сыртқа шығып кеттім. Тұтқында жүріп небір қоқайды көрдім десем, мына ананың жан азабы менікінен де асып түскен екен деп ойладым.
Анаң екі күннен кейін сені маған аманат етіп, өзі о дүниелік болып кете барды. Шағын ғана үйдің тірлігін игеру маған қиын болған жоқ. Мені аса қинағаны кішкене нәрестенің, яғни сенің жағдайың болды. Жаңа ғана сауылған сиыр сүті бар бөтелкенің емізігін аузыңа саламын. Сен шырылдап жылап, оны тіліңмен итеріп, шығарып тастайсың. Тым болмаса жылағанын қояр деп ауызыңа өз емшегімді салып көріп едім, сен кішкентай ғана қолыңмен төсімді ұстап, жылағаныңды күрт тиып, оны борпылдатып сорып, тынышталып, балбырап ұйықтап кеттің. Сол кездегі жағдайымды білсең ғой. Бүкіл тамырым шымырлап, бір адам айтқысыз күйге түстім, өмірімде бүкіл көрген қорлықтарым, өз балаларым есіме түсіп, әсіресе, сәби күйіңде анасынан жетім қалған сені қатты аяп, бауырыма қысып алып, көз жасым ағыл-тегіл ағып үнсіз жыладым-ай келіп. Шерім тарқағаннан кейін саған амалын тауып сиыр сүтін де ішкіздім-ау, әйтеуір.
Сен маған тез бауыр басып кеттің. Әкең көбіне үйге келе алмай орманда қонып қалғанда, әсіресе, қыстың ұзақ түнінде, сені құшақтап, қайта-қайта иіскеп, сүйіп жатып, тәтті ұйқыға кететінмін. Сен менің қайғымды ұмыттырдың, жалғыз қалған сәттерде алданышым болдың, өмір сүр деп жетеледің, құлыным!
Сенің бабыңды тауып, сабама түстім-ау дегенде алдымнан тағы бір жағдай көлденеңдеп шыға келді. Енді ғана еңбектеп, жүруге талпынған шағыңда дәл жон арқаңда көгерген бір дақ пайда болды. Дәрігерлерге апарып көрсетіп едім, олар бұл құныстықтың алғашқы белгісі, оны жою үшін араға күн салып жарық лампаның астында арқаңды бір ай бойы жарты сағаттай қыздырып отыру керек деді. Өзің білесің, біз тұрған жер қаладан екі-үш шақырымдай қашықтықта орналасқан шағын ауыл ғой. Күнара, таңертең, сені арқалап алып, емханаға барамын. Көз қаратпайтын жарық лампаның астында шырылдап жылап сен жатасың. Дәрігерлер көзіңнің нұры кетеді, қарама десе де шыдай алмай саған қараймын.
Сені қайта-қайта лампаның астына салып емдеткен соң, арқаңдағы дақ та кетті, бірақ жиі-жиі ауыра бердің. Анасының уыз сүтіне тоймаған бала аурушаң келеді. 1949 жылы қарындасың Орынтай туған соң да сені емшектен айырмадым. Екеуің екі төсімді жарыса еміп, тел қозыдай өстіңдер ғой.
Әкеңмен жарасып тұрып кетсем де, екі баламды ұмыта алмадым. Балаларың өліп қалды дегенге онша сенбедім. Оларды іздеп елге барғым да келді, бірақ үйдің күйбің тірлігі бұған мұрша бермеді. Құдай қош көріп, сол балаларыммен қауышудың да сәті түсті ғой.
Осы жерге келгенде анам әңгімесін үзіп, бұдан арғысын өзің де білесің дегендей үнсіз қалды.
Иә, анамның ұлы мен қызының қалай табылғанын жақсы білемін. 1962 жылы ақпан айында аудандық ауруханада хирург болып істейтін Төлеухан деген ағайынымыз Ташкентке дәрігерлердің үш айлық курсына баратын болды. Ол сапарға шығар алдында біздің үйге келіп, анамнан бұрынғы мекенжайын алып, балаларының бар-жоғын анықтап келетіндігін айтып уәде етіп еді. Бір айдан кейін ағамыздан: «Балаларыңды таптым, олар Сарыағаш ауданының Абайбазар деген елді мекенінде тұрады», – деген телеграмма алдық. Көп кешікпей Медет ағам мен Раушан әпкем өздері де келді. Сонда аналы-балалылардың жылап көріскенін көрген көрші-көлем, ағайындардың тебіренбегені болмады.
Анаммен болған әңгімеден кейін мен көп кешікпей әкемнің шаңырағына келін әкеліп түсірдім. Мұғалімдік оқуды қызыл дипломмен бітірген, өзі жақсы отбасының ибалы, әдепті қызы анамның көңілінен шығып, қолынан бар шаруасын алуға тырысып бақты. Тұңғыш ұлым туғанда анам оны қолына алып, маңдайынан сүйіп:
– Балам, анаңның аманатын орындадым, бүгін мойнымнан ауыр жүк түсті. Міне, өзің де әке болдың. Осыны көрсеткен Аллаға мың да бір шүкіршілік! Енді бүгін өліп кетсем де арманым жоқ, – деп еді көзіне жас алып.
Анам бұдан кейін бір емес, екі немере сүйіп, 71 жасында бақилық болды. Ол кісінің бала кезімде айтатын әлдиі әлі құлағымнан кетпейді. Осы әлди менің арманыма қанат бітіріп, алға жетеледі. Азамат болып, туған жерімді, елімді сүйюге, ата дәстүрді әрі қарай жалғастыруға, өзімнің азаматтық борышымды қалтқысыз, адал атқаруға талпындырды. Өмірлік ұстанымға берік, қажырлы, еңбекқор болуды, бар қиындықтарды қайыспай жеңе білуді мен өзіңнен үйрендім, анам! Өмірдің бар сынынан сүрінбей өтіп, адамгершілік туыңды әр уақыт жоғары ұстай білген сені ұрпақтарың ешқашан ұмытпайды. Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, жан анам!
Орынбай ШӘЙКЕНОВ,
журналист.