Өндіріс • 13 Ақпан, 2025

Сараннан «Samsung» теледидары шығады

281 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Саран индустриалды аймағында орналасқан «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника шығаратын зауыт әлемдік бренд «Samsung Electronics» компаниясымен елімізде теледидар өндіру туралы келісімге қол қойды.

Сараннан «Samsung» теледидары шығады

Ортақ келісім сапалы «Samsung» теледидарларының желісін шығаруды көздейді. Жаңа өндіріс желісі «Silk Road Electronics» кәсіпорнында құрылады. Әлемдік брендті өндіруге зауыттың әлеуеті толық жетеді. Бұл арқылы еліміздің, тіпті Орта Азияның жоғары технологиялық өнімге деген сұранысы өтеледі.

Соны жоба Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауы­мен жүзеге асырылып отыр. Өнді­рістік желіні іске қосу осы жыл­дың екінші тоқ­санына жос­парланған. Ал тұтыну­шы­лар келесі жылдың екінші жарты­жылдығында Сараннан шық­қан «Samsung» теледидарларын сатып ала алады. Бұл бас­тама – өңіріміздің тұрмыстық техника өндіру саласындағы тағы бір маңызды қадам.

«Silk Road Electronics» зауы­ты­ның директоры Алек­сандр Критскийдің айтуынша, бұл ынтымақтастық жергілікті кәсіпорын әрі тұтастай алған­да еліміздің өнеркәсіптік дамуы үшін жаңа мүмкіндік жо­лын ашады. «Samsung Electronics» компаниясымен бірлесіп, біз отандық тұтынушылар үшін қолжетімді бағамен әлем­дік деңгейдегі өнімдерді ұсы­на­мыз»,  дейді зауыт басшысы.

ап

Жаңа жобаның өнеркәсіп­тік инфрақұрылымды дамытып, жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпалы бар.

– «Samsung Electronics» электроника саласындағы көп­­жылдық технологиялық көш­басшы болып танылысымен, ең жаңа технология мен бірегей пай­даланушы тәжірибесін топтап, өз тұтынушысына барынша жақын болуға ұмтылады. Елімізде өнді­рістің бастау алуы біздің компания үшін ма­ңызды рөл атқарады. Бұл біздің өні­мі­міздің жергілікті нарық үшін қол­жетім­ділігін арттыруға теңдессіз мүмкіндік сыйлайды, – дейді «Samsung Electronics» Орталық Еура­зия президенті Джонг Юджин.

«Silk Road Electronics» пен «Samsung Electronics» компа­ния­­­лары­ның бірлескен жұмы­сы өңір­­дің өндірістік әлеуетін ғана арттырып қоймайды, ел­дің индустриалдық инфра­құ­ры­лымын нығайтып, жоғары технологиялық өнім­дер­дің отан­дық өндірісін өрістетеді.

Қазіргі уақытта кәсіпорын «Artel» брендімен теледидар, электрлі су жылытқыш, шаң­сорғыш, асүй тоқпеші, ауа­сорғыш, кір жуатын машина, жел­деткіш секілді тұрмыстық тех­ника түрлерін шығарып жатыр. Бүгіннің өзінде 130 мың техника сәтті саудаланды. Кәсіпорын өнімдерін сауда желілері мен интернет арқылы өткізіп отыр. Әсіресе «Kaspi.kz» қосымшасы секілді онлайн сауда платформаларын тиімді пайдаланады. Сату бөлімі менеджерлерінің біліктілігі арқасында ТМД елде­ріне де экспорттайды. Бұл – ком­панияның алға қойған басты мақсаты. Егер шетел нарығына шықса, онда кәсіпорын мол та­бысқа кенеліп, мыңдаған жұ­мыс орнын ашуға мүмкіндік туады.

ы

Компания – еліміздегі тұр­мыстық техника шығара­тын жал­ғыз өндіріс орны. Енді «Samsung» маркалы теледидарларын нарық­қа шығарса, онда зауыт тіршілігі тіпті серпіледі.

– Біздің компания әлем­дік нарыққа энергияға тиімді, пайда­лануға өте ыңғайлы тұр­мыстық техниканы шығарып жатыр. Қызметкерлеріміз өн­діріс кезінде техникалық ин­но­­­вациялардың игілігін кәде­ге­ жаратуға ұмты­лады. Өнім көпшілік талғамынан шы­ғып, көзге тартымды көріну үшін дизайнына да ерекше мән береміз. Әлемдік бренд қалып­тастыру мақсатында тәжі­ри­бемізді әрдайым толық­тырып, ізденістен қол үзбейміз. Біздің компанияны көп жұмыс күтіп тұр. Отандық брендті күні ер­тең әлем мойындап жатса, онда Қарағандының да, Саранның да өн­дірісі ұлғаяды, – дейді серік­тестіктің қоғам және мемле­кет­тік мекемелермен байланыс басқармасының жетекшісі Диляра Талғатқызы.

 

Қарағанды облысы