
Болашақ мамандықтары
«Жұмысшы мамандықтары қаласы» фестивалі жастар үшін маңызды оқиғаға айналған. Өйткені фестиваль экономиканың түрлі салаларында сұранысқа ие мамандықтармен танысуға мүмкіндік береді. «KEGOC» АҚ стендінде келушілер компанияның қызметімен кеңірек танысты, сонымен қатар энергетикадағы заманауи технологиялар көрсетілімін көріп, саладағы мансаптық өсу және кәсіби мүмкіндіктер туралы ақпарат алды.
Компания мамандары «KEGOC» АҚ қызметінің негізгі аспектілері және елімізді үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге қолданатын инновациялық шешімдер туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар энергетикалық инфрақұрылымды дамыту келешегіне, сондай-ақ бұл маңызды экономикалық салаға жас мамандарды тарту керек екеніне баса назар аударды.
«KEGOC үнемі команданы дамытып, энергетика саласындағы қауіпсіздік пен тиімділіктің жоғары стандарттарын сақтау бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізіп келеді. Компанияның табысты жұмысы мен Қазақстан энергетикалық жүйесінің тиімді қызмет етуі үшін талантты әрі білікті мамандар қажет. Бұл фестиваль – жастарды энергетика саласындағы жұмыс мүмкіндіктерімен таныстыруға және олар елдің болашағы үшін маңызды кәсіпті таңдауына септесетін тамаша мүмкіндік», деді «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.
Интерактивті іс-шара және шеберлік дәрісі
Компания стендінде энергетиктердің жұмыс ерекшеліктері туралы шеберлік дәрістері өтті. Қатысушылар энергетикалық жүйелермен байланысты мамандықтармен танысып, энергетика саласындағы мансаптық өсуге дайындық бойынша кеңес алды. Арнайы интерактивті сессиялар қатысушыларға энергетик мамандардың нақты жұмысын бейнелейтін рөлдік ойындар мен симуляцияларға қатысуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар келушілер викторинаға қатысу арқылы энергетиктердің жұмысы туралы жаңа үйренген білімдерін бекіте алды.
Білім беруші мен жұмыс беруші ынтымағы
«KEGOC» АҚ елдегі білім беру мекемелерімен тығыз ынтымақтастық орнатып, біліктілікті арттыру бағдарламалары мен тәлімгерлік жүйелерін дамытады. Фестиваль аясында компания энергетика саласы бойынша кадрларды даярлау, заманауи білім беру бағдарламаларын енгізу және студенттерге арналған тағылымдамаларды ұйымдастыру бойынша бірқатар университет және колледждермен бірлескен жобаларын жариялады.
«Жұмысшы мамандықтары қаласы» фестивалі энергетика саласындағы мамандықтардың маңыздылығын және бизнес пен білім беру мекемелері арасындағы өзара ынтымақтастықты көрсету арқылы заманауи экономика талаптарына сай жұмыс істей алатын болашақ кәсіби мамандарды даярлауға ықпал ететін маңызды алаңға айналды.
«Электрик үйінде» электр жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жұмысшының күнделікті қолданатын құрал-жабдығы орнатылған. Мектеп оқушылары арнайы құрылғының көмегімен 3-4 метр биікке көтеріліп, жөндеу жұмысы жүріп жатқан электр желісінің тірегін көре алады.
«Интерактивті іс-шарада елдің энергетикалық жүйесі бақыланатын Ұлттық диспетчерлік орталықтан тікелей эфирде репортаж жүргіземіз. Студенттерге сұрақ қоюға, викторинаға қатысуға және жүлде ұтып алуға мүмкіндік болады», деді Стратегия және тұрақты даму жөніндегі басқарушы директор Эльвира Қонақбаева.
Стендте 500 кВ жоғары кернеулі әуе электр жеткізу желісінің макеті жасалған. Бұл желілер республика бойынша электр энергиясын жеткізуге қолданылады. Қазір «KEGOC» 28 000 км жуық 398 әуе желісін басқарады. Ол бүкіл елді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін басты инфрақұрылым. Мұнда түрлі аспалы изоляторлар, элегазды ажыратқыштар, элегазды құю мен шығару құрылғысы, электр желісін қауіпсіз басқаруға арналған ажыратқыш бар. Желі қауіпсіздігін тексеру үшін FLIR T640 видеокамера мен лазерлік өлшеуіш қолданылады. Олар желі жұмысын тоқтатпай-ақ ақауды анықтауға мүмкіндік береді. MAVIC 3 PRO квадрокоптері жоғары вольтты желіні, әсіресе қиын жететін аймақты тексеруді жеңілдетеді.
«Электрик үйінде», PTS 400.3 автоматтандырылған калибрлеу құрылғысы мен Siemens компаниясының сандық жүйесімен жабдықталған релелік қорғау шкафтары тұр. Олар электр желісінің қауіпсіздігі мен автоматтандыру деңгейін арттырады», деді Пайдалану және күрделі құрылыс жөніндегі басқарушы директор Ермаханбет Атақұлов.
Компанияда өндіріс қызметкерінің орта айлық жалақысы 674,9 мың теңгені, жұмыс мамандардың орта айлық жалақысы – 525,9 мың теңгені құрайды. «KEGOC» қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту бойынша шараларды тиімді жүзеге асыруда, әлеуметтік тұрақтылық рейтингі 87% құрайды, бұл – «Самұрық-Қазына» компаниялары тобындағы ең жоғары көрсеткіш.