Саясат • 13 Ақпан, 2025

Байланысты дамытудың тиімді қадамдары

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік үкіметтік саммитіне қатысты.

Байланысты дамытудың тиімді қадамдары

Фото: Үкімет

Саммит аясында Ғалымжан Қойшыбаев «Қозғалмалы прогресс: тұрақты елдерді қалып­тастырудағы мемлекет­тік басқарудың тиімділігі» тақырыптық сессиясында сөз сөйлеп, онда мемлекеттік институттарды дамытудағы цифрлық трансформацияның шешуші рөліне тоқталды.

«Жылдам өзгеретін әлемде сын-қатерлерге тез бейімделіп, мемлекеттік қызметтерді тиім­ді көрсете білу және қоғам­ның сенімін сақтап қалу өте маңызды мәселеге айналып отыр. Қазақстанның тәжірибесі көр­сеткендей, цифрлық транс­формация мемлекеттік бас­қаруды жаңғыртудың негізгі фак­торы болып саналады. Бүгінде біз озық бағдарла­малық жасақтама, жасанды интел­лект, иммерсивті технологиялар, кванттық есептеу, робототехника және биоинженерияны қамтитын технологиялық революцияны көріп отырмыз», деп атап өтті ол.

Сапар барысында Ғалым­жан Қойшыбаев БАӘ Ми­нистрлер кабинеті істері жөнін­­дегі министрі Мұхаммед Абдалла Әл-Гергавимен келіс­сөздер жүргізді. Екіжақты серіктестіктің қазіргі жағдайы мен болашағы талқы­ланды. Мемлекеттік басқаруды дамыту және жаңғырту сала­сындағы бұрын қол қойыл­ған ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыруға ерекше назар аударылды, оның аясында Қазақстан Үкіметінің Аппараты БАӘ Үкіметтік тәжірибе алмасу кеңсесімен өзара іс-қимыл жасайды.

Ынтымақтастық бастал­ғаннан бері еліміздің мем­лекет­тік қызметшілері басқару­дың озық әдістерін оқып, тәжі­рибе алмасты. Ада­ми әлеуетті дамыту, цифр­лық транс­фор­мация, жасан­ды интел­лект­ті қол­дану, бәсекеге қабі­летті­лік­ті арттыру және т.б. бойын­­ша жұмыстар жүр­гізіліп келеді. Қазақ­стан Үкімет­тік акселера­тор­лар­дың (Govern­ment Accele­rators) тәжірибесін зерделеп, озық әдістемелерді енгізіп жатыр.

Мұндай платформалар шеңбе­рінде халықаралық өзара іс-қи­мыл мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға және қазақ­стандық шешімдерді жаһан­дық деңгейде ілгеріле­туге ықпал етеді. 2024 жылы отандық «Отбасының цифр­лық картасы» жобасы БАӘ-дегі Дүниежүзілік үкіметтік сам­митінде «Инклюзивті цифр­лық трансформация» санатында 1300 өтінімнің арасында ең үздік деп танылды.

Іс-шараға бірнеше ел үкіметтерінің басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік басқару саласындағы жетекші сарапшылар, сондай-ақ 100-ден аса елдің делегациялары қатысты.

Соңғы жаңалықтар