
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды, атап айтқанда, екі ел арасындағы саяси, экономикалық, су-энергетикалық, транзит-көліктік және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары қаралды.
Тараптар достық пен өзара құрмет рухында стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтуға келісті. Сондай-ақ Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары 2023–2024 жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Душанбеге және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Астанаға жасаған өзара мемлекеттік сапарлары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын жіті талқылады.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ерекше назар аударылды. Қазақстан көптеген жыл бойы Тәжікстанның ірі сауда серіктестерінің «үштігіне» кіреді. Қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы өзара сауда көлемі 7,4 пайызға өсіп, 1,2 млрд долларды құрады. Тараптар тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі мемлекет басшылары қойған мақсатқа қол жеткізу үшін келісілген шаралар қабылдауға келісті.
Ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыру да сөз болды. Оның үлесі екі елдің жалпы тауар айналымының 40 пайыздан астамын құрайды. Қазақстан дәстүрлі өнімдер – бидай, ұн және кондитерлік өнімдердің экспортын өзара тиімді түрде арттыруға дайын. Үшінші елдерге одан әрі экспорттау үшін жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар құру да перспективалы бағыт екені айтылды.
– Тәжікстан – біздің Орталық Азиядағы стратегиялық серіктесіміз және нағыз сенімді одақтасымыз. Былтыр биік деңгейде қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы шарт тарихи қадам екені сөзсіз, – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.
Өз кезегінде тәжік министрі елдер арасындағы өзара қарым-қатынастың осындай жоғары деңгейіне мемлекет басшылары арасындағы сенімді әрі достық диалогтің арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
– Біз Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және сауда-экономикалық трекке үлкен мән береміз, оны практикалық мазмұнмен толтыру қажет, – деді С.Мухриддин.
Сондай-ақ ғарыштық және IT-технологияларды игеру, жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту салаларындағы өзара іс-қимыл келешегі талқыланды. Атап айтқанда, екі елдің мамандары Тәжікстан серверлерінде «Интернет-ресурстардың бірыңғай платформасы» және «SmartBridge» жүйелерінің негізгі компоненттерін сәтті орналастырған еді. Осы бастамаларды іске асыру үшін қазіргі уақытта 100-ден аса тәжік маманы Astana-Hub-та тегін оқып жатыр.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та талқыланды. Мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес кейінгі екі жылда Қазақстан мен Тәжікстанның мәдениет күндері өтті. Душанбеде Абайдың бюсті, сондай-ақ Астанада ибн Сина мен Рудаки ескерткіштері орнатылды. Жоғары білім беру саласында бірлескен жобалар табысты іске асырылып келеді. Атап айтқанда, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қатысуымен М.Осими атындағы Тәжік техникалық университетінде бірлескен ақпараттық технологиялар факультеті ашылды.
Кездесу барысында министрлер өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарды теңестіріп», көпжақты құрылымдар шеңберінде одан әрі тығыз ынтымақтасуға, екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілету кезінде өзара қолдау көрсетуге бейілділігін растады.
СІМ басшылары өңірлік кооперацияны одан әрі дамытудың, Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі бірлескен күш-жігердің, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері, Халықаралық Аралды құтқарудың қоры, АӨСШК, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ және басқа да халықаралық алаңдардың шеңберінде өзара ықпалдасудың маңыздылығын атап өтті.