Салық • 14 Ақпан, 2025

Байыппен шешілетін бастама

401 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкімет ұсынған қосылған құн салығы мөлшерлемесі бизнес өкілдері арасында қызу талқы­ланып жатыр. Мәселен, «Dasco Consulting Group» ЖШС-нің басқарушы серік­тесі Дәрмен Сәдуақасов жаңа тәсілді негізінен құптайды. Бірақ оны жан-жақты талдау қажет дейді.

Байыппен шешілетін бастама

Сурет: freepik.com

Д.Сәдуақасовтың айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтерген дұрыс. Бірден 20%-ға дейін көтеру туралы бастапқы идея экономикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін.

«Мұндай күрт өсім көлеңкелі эконо­миканың ұлғаюына, бизнестің қолма-қол ақшаға көшуіне және жалпы салықтық түсімдердің төмендеуіне себеп болуы ықтимал. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін біртіндеп көтеру – ең оңтайлы шешім. Экономиканың бұл өзгеріске қалай жауап беретінін бірнеше жыл бақылау қажет. Содан кейін ғана салық мөлшерлемесін одан әрі көтеру туралы шешім қабылдауға болады», дейді ол.

Оның пікірінше, үш деңгейлі салық жүйесі (16%, 10%, 0%) және кейбір салаларды салықтан босату – қолдануға болатын модель. Дегенмен бұл жүйенің тиімділігі жеңілдіктерге қай салалардың енетініне байланысты болмақ. «Қазір көптеген салық жеңілдіктері алынып тасталды, бірақ оның орнына жаңа түрлері енгізіліп жатыр. Мұндай сараланған салық жүйесі Мемлекеттік кірістер коми­тетінің жұмысын қиындатуы мүмкін, себебі салықтық есеп жүргізу күрделене түседі. Алайда үш түрлі мөлшерлемені басқаруға болады. Тіпті кейбір бағыттарға 5% мөлшерлемесін қосу да орынды болар еді. 0% және 10% мөлшерлемесі қандай салаларға берілетіні маңызды болып отыр. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі міндетті түрде осы жеңілдетілген салық жүйесіне кіруге тиіс. Сондай-ақ фармацевтика, мектеп оқулықтары және жеңіл өнеркәсіп салаларын қарастыру қажет. Креативті индустрия, кино және IT салалары да назардан тыс қалмауға тиіс. Соңғысы «Astana Hub» аясында салықтық жеңілдіктер алып үлгерді. Жалпы алғанда, бұл тәсілмен келісемін», деді сарапшы.

Бұған қоса ол ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі инфляцияға қалай әсер ететініне де тоқ­талды. Оның айтуынша, ҚҚС мөлшер­лемесін арттыру инфляцияға қысқамер­зімді әсер етуі мүмкін, бірақ бұл уақытша жағдай.

«Иә, инфляция өседі. Вице-премьер С.Жұманғарин 3% деңгейінде болуы мүмкін екенін айтты, бұл – шынайы болжам. Бірақ салық реформасынан туындайтын бағаның өсуі ұзаққа созылмайды. Инфляцияға сыртқы факторлар көбірек әсер етеді. Мысалы, рубльдің, мұнай бағасының немесе макроэкономикалық жағдайдың өзгеруі. Егер теңге құнсызданса, импорттық тауарлар қымбаттап, инфляция өседі. Бірақ бұл факторлар салық саясатына тікелей байланысты емес», деді Д.Сәдуақасов.

Сондай-ақ ол ҚҚС мөлшер­лемесінің өсуі халыққа қалай әсер ететіні туралы да айтты.

«Егер тамақ өнеркәсібі үшін ҚҚС мөл­шерлемесі 0% болса, онда азық-түлік баға­сына оң әсер етеді. Бірақ елдегі жал­пы экономикалық жағдайды макроэконо­микалық үдерістер анықтайды. Еліміздің эко­номикасы шикізаттық секторға, әсіресе мұнай бағасына тәуелді. Қазір күллі әлем АҚШ-тағы жағдайды бақылап отыр. Мәсе­лен, Дональд Трамптың бастамалары нарыққа айтарлықтай өзгерістер әкелуі мүмкін. Негізгі экономикалық өзгерістерді биылғы екінші және үшінші тоқсанда көреміз», деп түйіндеді Д.Сәдуақасов.