
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау қажет
Отырыс барысында Сенат депутаттары «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласының ерекше мәртебесі және шетелдегі мәдениет орталықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Аталған заңдардың нормалары Түркістанды еліміздің рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде дамытуға құқықтық жағдайлар жасауға, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны қорғап, рухани нысандардың бірегейлігін сақтауға бағытталған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі әлемінің алтын бесігі Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы мәселені облыс жұртшылығымен кездесуінде көтерген еді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында арнайы заң әзірленіп, мақұлданды. Жаңа нормаларда Түркістан шаһарын еліміздің сәулет, рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретінде дамытудың кешенді шаралары көзделген. Осыған байланысты орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілеттіктері қайта қаралды. Сонымен қатар инженерлік, көліктік, әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері жан-жақты реттеліп отыр. Мақұлданған заңдар Түркістанның жан-жақты дамуына үлесін қосады деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтауға, кесененің қорғау аймағының шекарасынан бір жүз метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын және ауқымы, түсі, құрылыс материалдары бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерімен үйлеспейтін нысандар салуға жаңа заңда жол берілмейді. Онда мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасап, инклюзивті туризмді дамытуға арналған түзетулер де қарастырылған. Бұл ретте инфрақұрылымның кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Сонымен қатар әкімдіктер мен мәслихаттардың құзыреттері қайта қаралды. Енді қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаланың ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлеуге әкімдік жауапты болады. Бұл Түркістан қаласының аумағы арқылы транзиттік автомобиль көлігі қозғалысының схемалары мен тәртібін келісу рәсіміне де қатысты.
Жалпы, аталған заңнамалық нормалар қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен нысандарын, оның ішінде дүниежүзілік мұра Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау аймағында орналасқан нысандарды басқару мен сақтаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға арналып отыр.
Аудиторлар қатесіне алаңдау
Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалын жолдады. Сенатор Андрей Лукин отандық кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу нәтижелерінің негізсіз жойылуынан көп зардап шегетінін айтты. Оның мәлімдеуінше, елімізде мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік аудитке қатысты сот дауы артқан. Тендерді жеңіп алған компаниялар негізсіз шешімдерге наразы. Ішкі мемлекеттік аудит органдары заң талабы түрлі себеппен бұзылды деген желеумен, конкурстар нәтижелерін жойып отыр.
– 2024 жылы сотта қаралған 787 істің 387-сі, яғни шамамен 50 пайызы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Бұл мемлекеттік аудит органдарының негізсіз шешім шығарып отырғанын көрсетеді. Мұндай жағдай бизнесті жүргізуде әкімшілік кедергілер туғызып, мемлекеттік сатып алулардың созылуына алып келеді. Негізгі бұзушылықтар камералық бақылауға байланысты. Оның барысында әлеуетті өнім берушілер туралы мәліметтер толық зерттелмейді, шартты жеңілдіктерді есептеуде қателік жіберіледі, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың ережелері дұрыс қолданылмайды, – деді А.Лукин.
Сенатор бір конкурстың іске аспай қалғанын мысал ретінде келтірді. Конкурс барысында болат құбырларды сатып алу бойынша бірнеше өндіруші көрсетілгені үшін нәтиже жарамсыз деп танылған. Алайда сот бұл шешімді заңсыз деп тапқан, өйткені заңнама бірнеше өнім берушіні көрсетуге тыйым салмайды. Дегенмен Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің қателігінен конкурс жеңімпазымен келісімшарт алты айдан кейін ғана жасалған, ал бұл өнімді жеткізудің кешігуіне себеп болды.
Депутаттың айтуынша, мұндай жағдай еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Оның негізгі себептері – аудиторлардың заңнаманы жеткілікті деңгейде білмеуі, нормаларды дұрыс қолданбауы, орталық уәкілетті орган тарапынан салғырт көзқарас және заңсыз шешім шығарғандардың жауапкершілікке тартылмауы. Бұл ретте сенатор тарапынан мемлекеттік аудит органдары қызметкерлеріне мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама бойынша тұрақты оқу ұйымдастырылып, Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен комитетінің шешімдеріне қатысты сот шешімдері бойынша міндетті мониторинг жүйесі енгізілуге тиіс деген ұсыныс айтылды.
Ескірген ережелер әлекке салды
Ал депутат Бибігүл Жексенбай инклюзивті білім беру саласындағы проблемаларға тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағытта мамандар жетіспейді әрі нормалары ескірген. Кейінгі 10 жылда мүгедектігі бар балалар саны 40 пайызға өскен, ал мемлекеттің мұндай балаларға арналған жәрдемақы шығындары 50 еседен аса ұлғайған. Сондықтан оларды қолдау жөніндегі қолданыстағы ескі ережелерді қайта қарау керек.
– Статистикалық көрсеткіштер алшақтығы бұл бағыттағы жүйелі жұмысты дұрыс жоспарлауға кедергі келтіреді. Логопед, сурдо, олиго, тифлопедагогтер өңірлер тұрмақ, Астана мен Алматыда жетіспейді. Баласына шипа іздеген ата-аналар бүкіл республикадан осы екі шаһарға ағылады. Бұл қалаларда да мамандарды үш айға дейін күтеді, ал кейбір жағдайда бір жылға дейін созылады. Жалпы, республика бойынша мүгедектігі бар балалардың шамамен 15 пайызы мектепке дейінгі және мектептегі білім саласындағы мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз етілмеген, – деді Б.Жексенбай.
Депутат осы мәселелерді шешуге мүгедектігі бар адамдардың деректерін есепке алуды автоматтандыруды, ерте диагностика жасауды енгізуді, маман даярлауды ұлғайтуды және отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша іс-шараларын әзірлеуді ұсынды.
Ал сенатор Айнұр Арғынбекова елімізде диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу барысында бюрократияның кедергі екенін жеткізді. Әлемде нанотехнология, сәулемен диагноз қою, гендік инженерия және ядролық медицина сияқты инновациялық емдеу әдістері дүниеге келді. Алайда бұларды елімізде енгізу ұзаққа созылып барады. Қазіргі заманғы жаңа жабдықтар сатып алынып жатыр, дәрігерлер шетелде қомақты қаржыға оқып келеді, бірақ әлемде енгізілген технологияларды еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне жедел енгізу өте қиын. Өйткені жеңілдетілген рұқсат беру рәсімдерін қолдану кемшін, жаңа әдістерді қолдануға берілген өтінімді шешу мерзімі нақты реттелмеген, түрлі мемлекеттік органдарда сараптамалық қорытындыны қайталап отырады. Сондықтан депутат денсаулық сақтау технологияларын бағалау кезеңдерін реттеу мерзімдерін оңтайландыру, әртүрлі мемлекеттік органдардың жаңа технологиялардың қайталама сараптамаларын болдырмай, рұқсат беру рәсімдерін оңайлату қажет екенін айтты.
Шаруалар субсидияға «сусап» отыр
Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы ауызсу мәселесін айтып, республикалық бюджеттен топтық су құбырларын қайта жаңартуға және ауылдарды топтық су құбырларына қосуға қаражат бөлуді ұсынды. Сенатордың айтуынша, топтық су құбырын жаңғыртып, салуға қаржы жеткілікті бөлінбей отыр. Мәселен, биыл бұл мақсатқа қажетті 35,8 млрд теңгенің 13,6 млрд теңгесі ғана бөлінген. Ал бұл жұмыстың толық аяқталуына қауіп төндіреді. Сонымен қатар 37 ауылға орталықтандырылған су жүйесін тартуға 22,1 млрд теңге қажет, алайда бюджетте тек 3,4 млрд теңге ғана қаралған.
– Демографиялық жағдайы онсыз да жақсармай тұрған Солтүстік Қазақстан облысында инфрақұрылым мәселесі аса маңызды. Суы, жолы, газы жоқ, қары көп, жазы аз ауылға қарапайым адамды да, бизнесті де апару қиын. Инфрақұрылым мәселесі «Дипломмен – ауылға» және т.б. бағдарламалардың орындалуына кедергі келтіретіні белгілі, – деді сенатор Ә.Рахметова.
Ал Сәкен Арубаев мақта өсірушілерді толғандырған проблемаларды көтерді. Сенатордың айтуынша, фермерлер сапалы тұқымға қол жеткізе алмай отыр, қолданыстағы субсидиялау жүйесі диқандардың нақты талабына сай келмейді.
– Шаруалардың берілетін субсидияларға қолы жетпей отыр. Оларға Қытай, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінің сапалы тұқым сорттарын пайдалану ұсынылады. Алайда «Тұқым шаруашылығын дамыту» бағдарламасында сусбидия нормативтерінің қағидасында 50-70 пайыз деп көрсетілгенімен, шекті мәні килограмына 275 теңге және элитаға 653 теңге төленеді. Ал жоғары сапалы импорталған шитті мақтаның бағасы килограмына – 1 350, элита – 2 300 теңге, бұл субсидия көлеміне шаққанда 20-25 пайызды ғана құрап отыр. Аталған бағдарламадан шекті мәнді алып тастап, нарықтық бағадан 50 пайызға субсидиялау мәселесін қарастыру және отандық элита тұқымын алуға баса мән беру керек, – деді сенатор.
Сондай-ақ мақта өңдеу кәсіпорындары жетіспейді. Қазіргі уақытта елімізде тек үш терең өңдеу зауыты ғана жұмыс істейді. Бұлар бар-жоғы өнімнің 15 пайызын ғана өңдей алады, ал 85 пайызы шикізат күйінде экспортталады. Сенатордың айтуынша, өңдеу қуатының жетіспеуі салдарынан фермерлер мақтаны төмен бағамен сатуға мәжбүр болып, қосымша құннан айырылып отыр.