Аймақтар • 15 Ақпан, 2025

Өңірдің дайындығы қандай?

473 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы 51 елді мекенді тасқын су басу қаупі бар. Осыған байланысты елді мекендердің бәріне маусымдық гидробекет орнату көзделген. «Қазгидромет» РМК Атырау филиалының мәліметінше, Ресей Федерациясынан мол көлемде су келуі мүмкіндігіне болжам жасалып отыр.

Өңірдің дайындығы қандай?

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Облыс әкімі Се­рік Шәпкенов өзен­дер­дегі тек шекті дең­гейді ғана емес, келіп жатқан судың көлемін де ескеру қажет екенін айтты. Көпжылдық орташа көрсеткішке, былтырғы мәліметтер мен жоспарланған көлемге сүйенудің маңызы зор. Өткен жылғы тәжірибе көрсеткендей, су белгілен­ген деңгейге ғана жетіп қоймай, қосымша қауіп төндіруі мүмкін.

«Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары­ның шекарасына жақын жерде судың көлемін бақылайтын бекеттер ашу, су басу қаупі жоғары 51 елді мекенде мау­сым­дық гидро­бекеттер орнату керек. «Қазгидромет» филиалы шекаралас ай­мақ­­тардағы гидрологиялық жағдай бойын­­ша жедел ақпарат алмасу жүйе­сіне көшуге тиіс. Су тасқыны екі жыл қатарынан қайталан­уы мүмкін екенін ескерген жөн», деді С.Шәпкенов.

«Қазір Атырау облысының аумағында «Қазгидрометтің» 12 гидробекеті бар. Мұнда күніне екі рет су деңгейі, температурасы, мұздың қалыңдығы өлшенеді. Айына үш рет су ағысы тексеріліп, стандартты ба­қылау жүргізіледі. Облыс аума­ғындағы барлық су айдынында гидрологиялық жағдай тұрақты, мұз әлі қатып жатыр. Ресейдің Орынбор облысындағы Ирекли су қоймасынан жібе­рілген су ағыны – секундына 60 текше метр. Өткен жылғы ақпанда су жіберу секундына 25 текше метр болған еді. Кейін Ирекли су қоймасындағы су көлемі 2 624 млн, судың келуі секундына 19,1 текше метр болды», дейді «Қазгидромет» РМК Аты­рау филиалының директоры Салауат Төленов.

Су өткізетін құбырларды тазалау, бөгеттер мен қорғаныс нысандарын күшейту жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр. Был­тыр Жайық өзені бойында 590 шақырым бөгет тұрғызылып, 20 шақырым канал қазылған.

«Республикалық, облыстық маңызы бар жол бойында 8 су өткізгіш құбыр орнатылды. Өзен бойында 90 шақырым жағалау нығайтылып, 121 шақы­рым түп тереңдетілді. Төтенше жағдайлар резервінде жанар-жағармай, инертті материалдар мен қапшықтар қоры жа­сақталды. Болуы ықтимал мол судың салдарымен күреске 1 510 адам, 244 техника, оның ішінде жүзу құралдары мен тікұшақтар дайын. Қажеттілік туындайтын болса, басқа өңірлердің күш­тері мен құралдарын жұ­мыл­дыру қарастырылып отыр», деп мәлімдеді Атырау облыс­тық төтенше жағдайлар депар­та­ментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев.

Облыс әкімі Атырау қаласы мен 7 ауданның әкіміне тасқын судың алдын алуға дайындыққа барынша назар аударуды тапсырды. Әсіресе бөгеттерді жиі тексеру, осал тұсын нығайту, гидрологиялық жағдайды ба­қылауда ұстау қажет.

Индер ауданында Жайық өзенінің жағалауындағы 9 бөгетті қосымша нығайту жүріп жатыр. Бөгеттің ұзындығы – 34,5 шақырым. Бөгетті биіктету жұмысына 25 адам тартылған, 18 техника бөлінген. Атырау-Орал республикалық маңызы бар трассасынан Индербор кен­тіне баратын 7 шақырым жолды жөндеу жұмысы әлі толық аяқталған жоқ.

Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Сейіл­бек Зұлқашевтың айтуынша, Талдыкөл ауылында тасқын су­дан қорғайтын 2,9 шақырым бөгет бар. «Калинтул» жеке кәсіпкерлігі 1,8 шақырым бөгетті нығайтып, биіктігін көтерді. Әрқайсысы 1 тонналық қапқа салынған топырақты 500 метр­ге өзен жағалауына қалап жатыр. Жұмысты 10 адам 9 техникамен атқарып жүр. Былтыр ауылдағы 2 тұрғын үй мен бала­бақша ғимараты су ортасында қалған еді. Тұрғын үй мен балабақшаның қауіп­сіздігін сақтау мақсатында бөгет қайта жаңар­тылды. Жайық өзенінің жағалауына жақын орналасқан 2 тұрғын үй мемлекет меншігіне алынады.

Былтырдан бері Атырау қаласының маңын­дағы бірнеше каналдың түбі терең­детіліп жатыр. «Тереңдету жұмыс­тарының басты мақсаты – Жайық өзе­нінің су өткізу қабілетін арт­тыру. Бұл жұмыс толық аяқ­талған соң өзенге балықтың мол кіруіне де жол ашылады. Каналдардың жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайды. Енді 2,6 шақырым аумақта тереңдету жүргізіледі. Жоспарланған жұмыстың 70%-ы атқарылды. Қазір ауа райына байланысты уақытша тоқтап тұр. Мұз еріген соң қайта жалғасады. Өткен жылы басталған жұмыстың бірі – Атырау қаласы маңындағы Гогольский каналын тереңдету. Каналдың ұзындығы – 33 шақы­рым, ені – 18, тереңдігі – 2 метр. Осы кезге дейін 14,3 шақы­рымы тереңдетілді», деп мәлімдеді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бисен.

 

Атырау облысы